Ол жерде зейнеткерлерге әдетте қолжетімді емес қызметтер тегін ұсынылады. Бірақ бұл әзірге пилоттық жоба ғана, – деп хабарлайды "АқЖайық" сайты.
Қазан айында басталған жобаның уақыты 20 желтоқсанға дейін. Қарт адамдардың көңілінен шығып, мемлекеттен қолдау тауып жатса, келесі жылы да өткізу ойда бар. Жоба жетекшісі Алуа Сыралиеваның айтуынша, жыл аяғына дейін 70 зейнеткерді қамту көзделген. Қазір ол жерге 40 адам барып жүр: ол жерде жүзуге, ән айтуға, атқа салт мінуді, компьютерлік сауат ашуға, қыштан бұйымдар жасауға үйретеді, саяхат ұйымдастырады және т.б. Негізгі мақсат – зейнеткерлердің бос уақыттарын көңілді әрі белсенді өткізу. Орталық аптаның бес күнінде сағат 10-нан кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Қариялар Алмагүл ықшамауданындағы Амандосов, 42/2 мекенжайына жиналып, сол жерден кесте бойынша қатысатын курстарына көлікпен жеткізіледі."Қатысушылардың жасы 60-79 жас арасында. Келушілердің көбін қызықтыратыны – ипподром мен бассейн. Біз келушілерге 4 қызметті таңдау керек деп ескертеміз. Арасында жұмыс жасаймын, емім басталды деп келмей қалатындар бар. Оларды екі ескертуден кейін шығарып жібереміз. Өйткені біз бассейн, компьютер орталықтарымен келісімшарт жасап, олар үшін ақша төлеп отырмыз. Күні кеше осындай себептермен 15 адамды шығарып, орнына басқаларды алдық", – дейді Алуа Сыралиева.Жоба Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мемлекеттік тапсырысы негізінде «Институт общественного здравоохранение» жеке меншік мекемесінің ұйымдастыруымен жүзеге асуда. Мемлекеттік сатып алу порталындағы дерекке сүйенсек, 20 млн 825 мың теңгеге конкурс жарияланып, оны «Институт общественного здравоохранение» жекеменшік мекемесі 16 млн 660 мың теңге ұсынып, ұтып алған.