Түркияда түнгі клуб күзетшілерінен таяқ жегеннен бері Ұлбосыннан ұшты-күйлі хабар жоқ. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Ұлбосын Малғаждарова Түркияда күзетшінің бірінің саусағын тістеп алғаны үшін қамалған болатын. Бірақ туыстары үш айдан бері оның не өлі, не тірі екенін білмейміз дейді.Екі жыл бұрын ақша табу үшін Түркияға кеткен Ұлбосын Малғаждарова биыл шілдеде елге қайтуы тиіс еді. Бірақ ораларынан бір апта бұрын құрбыларымен түнгі клубқа барып, сол жердің күзетшілерімен шекісіп қалған. Біреуі тіпті Ұлбосынның аузына қос қолын тығып жағын айырмақ болыпты. Осы кезде 33 жастағы келіншек оның қолын тістеп алған. Осыдан кейін тепкінің астына алған жігіттер полицияға арыз түсірген. Содан бері қамауда жатқан Ұлбосынның жақындары Түркиядағы елшіліктен көмек сұрап, бірнеше мәрте хат жазыпты. Бірақ дипломаттардан мүлде жауап болмапты. Бірер күнде соты басталатын Ұлболсынның қамауда екенін кәмелетке толмаған қос қызы әлі білмейді де екен.Ұлбосын Малғаждарованың әпкесі Феруза Ошаева: «Таяқ жеп тұрып, тіпті сотталып кеткені бізге қатты тиіп жатыр. Қатты зардап шеккен шығар, жағдайын да білмейміз. Бір жері сынған шығар, оны да білмейміз. Шашынан сүйреп тұрып ұрған. Видеодан талып қалған жерлерін көрдік. Білмеймін, адам өлтіріп қойған жоқ қой, ол жақта үш айлап ұстайтындай. Қазақстан Үкіметі бері қарай ол қызды неге шығарып бере алмайды? Тым құрыса, жазасын осы Қазақстанда өтейтіндей», – дейді.
Ұлбосын Малғаждарованың анасы Әлима Ошаева: «Балалары сағынып жүр, күнде «анашым» деп, біздің жүрегіміз ауырады. Ал біздің қолдан келер ештеңе жоқ. Осындай жағдай. Елшіліктен еш хабар жоқ. Әнеукүні «мақұл», көмек береміз, звондайды» деді. Бір апта болды, не көмек, не ештеңені көріп жатқаным жоқ. Қызымыз тірі ме, білмейміз», – дейді.
Бұған дейін «Әр әйел 700 мың теңгеден берген» – Түркияда араша сұраған қазақ әйелдерінің алданғаны рас па? - деген мәселені жазған болатынбыз.