Шорт-трекшілер бірінші кезеңді сәтті аяқтады
Шорт-трекшілер бірінші кезеңді сәтті аяқтады
162
оқылды

Қытай астанасы Бейжің қаласында шорт-тректен биыл­ғы маусымдағы алғаш­қы ресми жарыс – әлем ку­богының бірінші кезеңі өтті. Саңлақтарымыз финалдық кезеңдерде бақ сынап, жүл­делі орындардан көрінді.

Бұл бәсеке 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасына іріктеу турнирі саналады. Шорт-тректен Олимпиада лицензиясы әлем кубогінің төрт кезеңі бойынша сарапқа салынып, жыл соңында жолдама иегерлері анықталады.  Мәдіғали Қарсыбеков шәкірт­тері әзірге бірінші кезеңді ойдағы­дай аяқтады.  23 жастағы Әділ Ғали­ах­метов 1 500 метрге жарысудан әлем кубогының күміс жүлдесін мойнына тақты. Бұл Әділдің алғашқы жүлдесі, сон­дай-ақ 1 500 метр қашықтық­тан қазақ­стан­дықтар алған бірінші медаль. Бұған дейін отандық шорт-трекшілер 500 және 1000 метрге жарысудан жүлдеге іліккен еді. Бірінші кезеңнің шешуші сындарының бірінде Әділдің ізін ала тәжірибелі Денис Никиша да 500 метрге жарысудан қола жүлдегер атанды. Көптен бері әлемдік жарыстарда жүлдеге іліге алмаған Денис үшін де, лицензия алуды басты мақсат еткен Қазақстан командасы үшін де бұл медальдің маңызы жоғары. – 500 метрге жүгіруден қола жүлдегер атандым. Олимпиадаға жолдама беретін лицензиялық жарыста жүлделі орын алу үлкен жетістік. Бұл менің ғана емес, бүкіл команданың ортақ жеңісі. Келесі кубоктік жарыстарда да барымызды саламыз. Бізге қол­дау көрсетіп жатқан басшылыққа, бапкерлерге, Ұлттық олим­пиадалық комитетке алғысым шексіз, – деді Денис Никиша. Ал шорт-тректен Қазақстан командасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков Қытайда өтіп жатқан әлем кубогы кезеңін­дегі спортшылардың жетістігін жоғары бағалады. – Бірінші кезеңде екі медаль жеңіп алдық. 1 500 метрде Әділ Ғалиахметов әлем кубогының күмісін иеленді. Бүгінге дейін 1 000 метрге жүгіруден Нұрберген Жұмағазиев, 500 метрге жүгіру­ден Абзал Әжіғалиевтер әлем кубогі кезеңінде жүлде салған еді. Енді міне, 1 500 метрге жүгіруден ең алғашқы медальді Әділ алып отыр. Қуаныштымыз! Денис Никишаның қола жүлдесі де қуанышымызды еселей түсті. Бұл тек бастамасы деп сенеміз. Алда әлем кубогінің үш кезеңі өтеді. Қазіргі қарқынымызды жоғалт­пай, Бейжің Олимпиадасына жолдама алу үшін бар күшімізді саламыз, – деді Мәдіғали Қарсы­беков. Ол сондай-ақ Бейжіңдегі қыс­қы Олимпиадаға жолдама алу үшін шорт-трекшілер өз мүмкін­діктерін алдағы жарыс кезінде толық пайдалануға тырысып бағатынын айтты. шорт-трек – Қазір ең бірінші мақса­тымыз, жоспарымыз Олимпиада ойындарына лицензия алу екенін жақсы білесіздер. Лицензияға ие болғаннан кейін толықтай Олим­пиадаға дайындыққа кірісеміз. Бейжіңдегі әлем кубогын сәтті аяқ­тадық. Екінші кезең 28-31 қазан күндері Жапонияның Нагоя қаласында, үшінші кезең 18-21 қараша аралығында Вен­грияның Дебрецен қаласында, соңғы кезең 25-28 қараша күндері Нидерландтың Дордрехт қала­сын­да өтеді. Медаль алуға бар күшімізді са­лып жатырмыз. Қазақстанда және Ресейде жаттығу жасап, көрші елдің үздік спортшылары бізге спарринг қарсылас болды. Уфада 5 ай жаттығудан өттік. Ұлттық құрамада айтарлықтай өз­геріс жоқ. Шорт-трекшілерге үлкен үміт артылып отыр. Оны спортшылар да жақсы түсінеді. Алдағы жарыстардың бәрі де лицензиялық турнир саналады. Жолдама алу үшін 500 және 1 000 метрде алғашқы 32 спортшының қатарына ену керек. 1 500 метрде алғашқы 36 спортшының, эстафетада 8 команданың, аралас эстафетада 12 команданың қатарынан көрінуге тиіспіз. Осы төрт кубоктық кезеңнің ішінде ең төменгі нәтижені алып тастап, үздіктерін есепке алып, ұпайы­мызды жариялайды. Олимпиа­даға жолдама алған спортшылар тізімі желтоқсанның басында белгілі болады. Жалпы, біз 10 лицен­зия алуды жоспарлап отырмыз. Жігіттер лицензияны көбірек алуы тиіс. Қыздар 2-3 лицензияға ие болады деп ойлаймын, – дейді бас бапкер. Өкініштісі, әзірге қыздар командасы әлемдік деңгейдегі мықтылармен жарысуда жоғары көрсеткіш көрсете алмай жатыр. Ал команда үздіктерінің бірі Абзал Әжіғалиев 500 метрге жүгіруде ереже бұзғаны үшін жарыстан шеттетілді. Енді әлем кубогының екінші кезеңі 28-31 қазан ара­лығын­да Жапонияда жалғасады. Қазіргі уақытта бапкерлік штаб пен спортшылар жарыс болатын Нагоя қаласына келді. Айта кетейік, ұлттық құрама 2018 жылы өткен Пхёнчхан Олимпиадасына шорт-тректен 10 жолдама жеңіп алған болатын. Биылғы мақсат сол көрсеткіштен кем түспеу. Жалпы, шорт-трекшілеріміз әлемдік дода кезінде үнемі жүлдеге сәл жетпей қалып жүр. Айталық, Сочи Олимпиадасында 5-орынға, Пхенчханда 6-орынға тұрақтаған. Сол олқы­лықтың орнын спортшылар Бейжің Олимпиадасында тол­тыру­ға бел буып отыр.

Абылайхан ЖҰМАШ