Қытай астанасы Бейжің қаласында шорт-тректен биылғы маусымдағы алғашқы ресми жарыс – әлем кубогының бірінші кезеңі өтті. Саңлақтарымыз финалдық кезеңдерде бақ сынап, жүлделі орындардан көрінді.
Бұл бәсеке 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасына іріктеу турнирі саналады. Шорт-тректен Олимпиада лицензиясы әлем кубогінің төрт кезеңі бойынша сарапқа салынып, жыл соңында жолдама иегерлері анықталады. Мәдіғали Қарсыбеков шәкірттері әзірге бірінші кезеңді ойдағыдай аяқтады. 23 жастағы Әділ Ғалиахметов 1 500 метрге жарысудан әлем кубогының күміс жүлдесін мойнына тақты. Бұл Әділдің алғашқы жүлдесі, сондай-ақ 1 500 метр қашықтықтан қазақстандықтар алған бірінші медаль. Бұған дейін отандық шорт-трекшілер 500 және 1000 метрге жарысудан жүлдеге іліккен еді. Бірінші кезеңнің шешуші сындарының бірінде Әділдің ізін ала тәжірибелі Денис Никиша да 500 метрге жарысудан қола жүлдегер атанды. Көптен бері әлемдік жарыстарда жүлдеге іліге алмаған Денис үшін де, лицензия алуды басты мақсат еткен Қазақстан командасы үшін де бұл медальдің маңызы жоғары. – 500 метрге жүгіруден қола жүлдегер атандым. Олимпиадаға жолдама беретін лицензиялық жарыста жүлделі орын алу үлкен жетістік. Бұл менің ғана емес, бүкіл команданың ортақ жеңісі. Келесі кубоктік жарыстарда да барымызды саламыз. Бізге қолдау көрсетіп жатқан басшылыққа, бапкерлерге, Ұлттық олимпиадалық комитетке алғысым шексіз, – деді Денис Никиша. Ал шорт-тректен Қазақстан командасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков Қытайда өтіп жатқан әлем кубогы кезеңіндегі спортшылардың жетістігін жоғары бағалады. – Бірінші кезеңде екі медаль жеңіп алдық. 1 500 метрде Әділ Ғалиахметов әлем кубогының күмісін иеленді. Бүгінге дейін 1 000 метрге жүгіруден Нұрберген Жұмағазиев, 500 метрге жүгіруден Абзал Әжіғалиевтер әлем кубогі кезеңінде жүлде салған еді. Енді міне, 1 500 метрге жүгіруден ең алғашқы медальді Әділ алып отыр. Қуаныштымыз! Денис Никишаның қола жүлдесі де қуанышымызды еселей түсті. Бұл тек бастамасы деп сенеміз. Алда әлем кубогінің үш кезеңі өтеді. Қазіргі қарқынымызды жоғалтпай, Бейжің Олимпиадасына жолдама алу үшін бар күшімізді саламыз, – деді Мәдіғали Қарсыбеков. Ол сондай-ақ Бейжіңдегі қысқы Олимпиадаға жолдама алу үшін шорт-трекшілер өз мүмкіндіктерін алдағы жарыс кезінде толық пайдалануға тырысып бағатынын айтты.Абылайхан ЖҰМАШ