Жалпы, жастар қоғамның ықпалды буыны екені даусыз. Сондықтан әр кезде де жастар мәселесі – жүйелеп, бірізге түсіріп отыруға тиіс сала. Ал осы тұста жастар саясатының маңызы алға шығады. Тәуелсіздік алған уақытқа дейін жастар жеке бір әлеуметтік топ ретінде қаралды. Содан кейін де қоғамдағы жастардың рөлі үздіксіз артқаны мәлім. Яғни, еліміздің жастар саясаты тиімді нәтиже бергені сөзсіз.
Ықпалды буынғаықылас бөлек
Соңғы ресми дерекке сүйенсек, елімізде 29 жасқа дейінгі 3,7 миллион азамат жастар санатында жүр. Ал әлемдік статистика санағына сай етіп, жастар санатын 35 жасқа дейін деп қарайтын болсақ, бұл сан едәуір артатыны анық. Тіпті, 6 миллионның төңірегінен асып жығылары хақ. Жастар мәселесіне жалпылама атау бере салғанымызбен, оның көңіл бөлуге тиіс тармақтары өте көп. Тегін білімнен бастап, жұмыспен, баспанамен қамтамасыз ету, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне атсалысу да күрделі іс. Күрмеуі қиын мәселелер қатарына жастардың миграциялық көңіл күйі де енеді. Тәуелсіздік жылдары елімізде жастар саясатына тың серпін беру үшін талай мемлекеттік бағдарлама жасақталып, тиісті заңдар қабылданғанын білеміз. Әуелі, солардың ең бастысы саналған бірқатарына тоқталсақ. 1991 жылы маусымда «Қазақ КСР-індегі мемлекеттік жастар саясаты туралы» алғашқы заң қабылданды. Бұл үрдіс тәуелсіздік алғаннан кейін де жалғасқанын білеміз. 1996 жылы қазан айында Үкімет «Жастар туралы» заң жобасын әзірлеп, 1997 жылдың бірінші тоқсанында Парламенттің қарауына жіберген болатын. Бұдан соң 1999 жылғы шілдеде Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының жобасы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында қаралды. Жаңа ғасырға аяқ басқан тұста 2001 жылы маусымда мемлекеттік жастар саясаты мәселесі бойынша Парламентте тыңдаулар өтті, онда жастарға қатысты арнайы заң қабылдау қажеттігі туралы нақты мәселе қозғалды. Осы талқылаулардың нәтижесі білінді ме, көп ұзамай 2002 жылдың мамыр айында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасы республикалық баспасөз беттерінде жарияланып үлгерді. 2003 жылғы қаңтарда Парламент Мәжілісінің жұмыс тобы мемлекеттік жастар саясаты туралы заң жобасының үкіметтік нұсқасына депутаттар ұсынған түзетулерді қараған еді. Бір жыл күттіріп, 2004 жылғы 7 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды. Ал 2015 жылдың ақпан айында «мемлекеттік жастар саясаты туралы» тағы бір жаңа заң қабылданған. Осы заң аясында жастарды жастар ұйымдарының, консультативтік органдардың және жастардың өзін-өзі басқару органдарының қызметіне, білім беру жүйесі мен еңбек ұжымдарына тарту заң жүзінде бекітілді. 2016 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі «Қазақстан – 2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының екінші кезеңін іске асыру басталды. Тың буынның саяси аренадағы маңызы тағы бір қадам арқылы айшықталған еді. 2018 жылғы 5 қазандағы Президент Жолдауында 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланғаны есімізде. Осыншама жүйелі істердің арқасында кез келген салада жаңа лектің серпіні сезілді. Қазір жастар саяси қызметке араласып, ел дамуына септесіп, түрлі шешім қабылдауға түрткі болып жүр.Кадрлық резерв – ел ертеңінің кепілі
2019 жылы жас буынды саяси аренаға шығарып, мемлекеттік жүйені жетілдіру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Президенттік жастар кадр резервін құру көзделді. Оған білімді, жалынды және жан-жақты жастар іріктеліп алынғаны белгілі. Дегенмен таңдау қиынға соққаны анық. Іріктеу алғаш өткенде еліміздің әр түкпірінен 13 мың үміткер осы таңдаулы резерв құрамына енуге талпынды. Ақыры соның ішінен үздік деп танылған 300 азамат шықты. Соңғы деректерге қарасақ, Президенттік жастар кадр резервіне іліккен 300 адамның 102-сі – жеке, 98-і квазимемлекеттік секторда қызмет атқарып жүр. Қалғаны мемлекеттік қызметші атанды. Олардың ішінде 10-ы маңызды саяси қызметке жүрсе, «А» корпусында екеуі бар. Кейбірі жергілікті билікте әкім орынбасары, басқарма басшысы болып жұмыс істейді. Әйтсе де, оларды кез келген уақытта лауазымды қызметке Президенттің өзі тағайындай алады. Қаласа әкімдер мен министрлердің де қол астына шақыруға мүмкіндігі жетерлік. Президент Әкімшілігінің де ұсыныс білдіруге хақы бар. Басты міндет – мемлекеттік басқаруды жаңарту. Сол арқылы жемқорлықтан ада, азаматтық қоғамға жат қасиеттерді бойына сіңірмеген жастарды жұмысқа тарту. Президенттік жастар кадр резервінің алғашқы легіне енгендердің орташа жасы – 31. Құрамында түрлі ұлт өкілдері бар. Бұл ауқымды процесс мұнымен тоқтап қалмақ емес. Президенттік жастар кадр резерві тағы да толығады. Себебі биыл да бұл резервке іріктеу басталды. Осы жолы іріктеу мемлекеттік органдардың шынайы қажеттілігіне байланысты өткізілмек. Сонымен қатар мемлекет тілге де басымдық берілетінін атап өткен жөн. Демек, халықпен тіл табысып, іс атқара алатын «сайдың тасындай» жастар саясатқа жаңа серпін әкелуге мүдделі. Дәл сол Жастар жылының тұсында «Сайлау туралы» заңға сәйкес Парламент Мәжілісі мен өңірлердегі мәслихатта жастардың үлесі 20 пайызға дейін өсті. Ал сарапшылар бұл көптеген қатердің алдын алады әрі жастарға қоғамдық-саяси өмірде белсенді болуға жол ашады деген пікір айтқан болатын. Мәселен, саясаттанушы Сайпулла Сапанов «Жастарды саясатқа тарту оларды радикалды идеологиядан сақтайды» деп пікір айтқан. Расында да, радикализм тек Қазақстан үшін ғана емес, дамыған Еуропа елдері үшін де аса өзекті түйін, толғандырар мәселе. Кей жастардың өмірін қиып, теріс ағымдарға кететіні жайлы сауал да, себеп те көп. Әйткенмен идеологиялық вакуумды біреу біліммен толтырса, енді біреу теріс бағыттағы идеялармен толтыруы кәміл екені анық. Түйіндей келгенде, тәуелсіздік жылдарынан бері жастар қай жағынан алсақ та, елеусіз қалмаған буын болды. Соның нәтижесін көріп, бүгінде мемлекет алдындағы маңызды түлғалардың жаңа легі қалыптасты. Мұндай жүйелі істердің тоқтап не аяқсыз қалмайтынына сенім мол.Мадияр ТӨЛЕУ