617 ауылда интернет жоқ: Қазақстанға сапалы интернет қашан жетеді?
617 ауылда интернет жоқ: Қазақстанға сапалы интернет қашан жетеді?
Фото: Еgemen.kz
516
оқылды

2022 жылдың аяғына дейін Қазақстандағы ауылдарда спутник интернеті пайда болады және елдегі ауылшаруашылық кәсіпкерліктерінің 15,7%-іне сапалы интернет жеткізіледі. Сонымен бірге қазақстандықтар жыл аяғына дейін смартфоннан 150 қызметті жылдам ала алады.

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Digital Bridge халықаралық форумында айтты.  Ол форумда DigitEL ұлттық жобасын таныстырды. Оның айтуынша, қазір елдің 97%-ы интернетке қосылған. Бірақ интернет сапасын әлі де жақсарту қажет. Бағдат Мусиннің дерегінше, қазір Қазақстанда мүлде желіге қосыла алмай отырған 617 ауыл бар. Оларды спутниктік интернетке қосу мәселесі қолға алынды. Сол үшін Қазақстан OneWeb халықаралық компаниясымен меморандумға қол қойды. Компания 2022 жылдың аяғына дейін елде спутник интернетін іске қосуға көмектеседі. Ол үшін Алматыда жерүсті станциясы салынады, оған 5,1 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынады. Министрдің айтуынша, DigitEL ұлттық жобасы аясында Қазақстандағы ауылшаруашылық кәсіпкерліктерінің 15,7%-ы сапалы интернетке қол жеткізеді. Себебі ауылшаруашылық субъектілерінің осынша пайызы цифрлық инфрақұрылымға дайын екенін, яғни жаңа технологиямен жұмыс істейтінін мәлімдеген. [caption id="attachment_168090" align="aligncenter" width="1006"]Бағдат Мусин Бағдат Мусин[/caption]
"Қазақстан аумағының көп бөілігі ауылшаруашылығы мақсатында қолданылып жатыр. Біз фермаларымен байланысқанымызда, бәрінде бірдей мәселе бар болып шықты. Олар цифрлық инфрақұрылымын дамытқысы келеді. Біз оларға сапалы интернет жеткізуге көмектесеміз. Олар субсидия алып, жаңа технологияларды өздері енгізе береді. Неге 15,7% десеңіз, себебі тек осынша пайыз кәсіпорын жаңа технология қолдануға дайын екенін айтты", - деді миистр.
Сонымен бірге DigitEL ұлттық жобасының аясында барлық мемлекеттік қызметті смартфоннан 5 минут ішінде алуға жағдай жасалмақ.  «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкиннің айтуынша, қазір eGov mobile-де 115 қызмет қолжетімді. Жыл аяғына дейін қазақстандықтар смартфоннан 150 қызметті жылдам ала алады.  [caption id="attachment_168089" align="aligncenter" width="1017"]Ростислав Коняшкин Ростислав Коняшкин[/caption] Оның айтуынша, eGov mobile іске қосылғаннан бері онда 22,3 мың рет қызмет көрсетілген. Қазір оны белсенді қолданушылар саны 4 миллионнан асады. Айта кетейік, аталған мемлекеттік бағдарламасы нәтижесінде интернет сапасы 100% болады, оның жылдамдығы қалада 10 мб/сек, ауылда 5 мб/сек жетеді. Сонымен бірге IT-экспорты 500 млн долларға көбейеді. Қазір оның көлемі - 300 млн доллар. Бағдарлама аянда 100 мың IT маманын дайындалып, 100 мың жұмыс орнын құрылады.