Жиында келтірілген дерекке сүйенсек, Қазақстанда соңғы уақытта тұрақты эпидемиологиялық жағдай қалыптасқан.
Сонымен қатар соңғы екі жылда әлемде орын алған COVID-19 індеті кезінде елімізде туберкулез дертін жұқтыру деңгейі айтарлықтай төмендеген.Жиналғандардың айтуынша, осындай жетістікке қарамастан еліміз әлі де дәріге көнбейтін туберкулездің ауыртпалығы жоғары 30 елдің қатарында қалып отыр екен. Сондай-ақ, пайда болған жаңа індеттің кесірі туберкулезбен кешенді түрде күресуге кері әсерін де тигізбей қоймаған. Коронавирус дерті пайда болғалы бері арнайы ауруханалардағы төсек орын қоры, зертханалар мен мамандар осы дертпен күресуге жұмылдырылған.ДСМ Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының басшысы Мәлік Әденовтың келтірген мәліметінше, 2010 жылы аталған дертті жұқтыру көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 95,5 болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 35,7-ге дейін кеміген. Ал, адам өлімі дерегі 100 мың адамға шаққанда 10,6-дан 1,9-ға дейін төмендеген. Орталық басшысының айтуынша, бұған бірден-бір себеп, карантиндік шектеулер кезінде адамдардың арақашықтықты сақтауы, бетперде режимін қолдануы мен санитарлық тазалыққа бұрынғыға қарағанда көбірек мән бере бастауынан. Өйткені, туберкулез де тура ковид секілді ауа және адамдардың жақын арақатынасы арқылы жұғатын дерттің бір түрі.
Конференцияға жиналғандардың пікірінше, отандық медицина туберкулез індетін 2035 жылға дейін түбегейлі жоюды жоспарлап отыр. Оның алғышарты ретінде осы дертті анықтау көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 5,8 пайызға жақсарғанын айтуға болады дейді мамандар.
Нұрболат АДЫРБЕК