Цифрлық инфрақұрылымды жетілдіруді тапсырды
Цифрлық инфрақұрылымды жетілдіруді тапсырды
464
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Era Lifestyle тақырыбында өткен дәс­түрлі Digital Bridge халықаралық техно­ло­гиялық форумына қатысты. Бұл туралы Ақор­даның баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға қатысушылардың сөзін тыңдаған Мем­лекет басшысы практикалық, қолданбалы цифрлан­дыру мәселесі біздің стратегиялық міндетіміз және мемлекетіміздің басымдығы екенін айтты. Атап айтқанда, Президент көрсетілетін мем­ле­кет­тік қызметтің барлық түрін үнемі жаңғыртып оты­­рудың маңызына назар аударды. Президент цифрландыру ісіне жауапты вице-министрлер жұмы­сы­ның нәтижелілігін сынға алды. Оның айтуынша, олар­дың басты міндеті – күнделікті бюрократиялық жұ­мыс емес, цифрлық реформалар мен өзгерістерді жүзеге асыру. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бизнес-қо­ғамдастық атсалыспай, жалпымемлекеттік «цифрлық сек­іріс» жасау мүмкін емес, ал компаниялардың бә­се­­кеге қабілеттілігі олардың цифрландырылу дең­гейі­мен анықталады. – Siemens компаниясының бағалауы бойынша, отан­дық өнеркәсіптік кәсіпорындардың 80 пайы­зын­да автоматтандыру деңгейі өте төмен, яғни Индустрия 2.0 деңгейінде. Естеріңізге сала кетейін, біз Индустрия 4.0 дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл – аса ауқымды мәселе. Оның талаптарына тұжы­рым­дамалық жағы­нан да, практикалық тұрғыдан да нақ­ты әрі лайықты жауап беру керек, – деді Мем­ле­кет басшысы. Президент отандық IT индустриясының бәсекеге қа­бі­леттілігіне арнайы тоқталды. Сонымен қатар Пре­зидент IT білім беру сапасына назар аударып, бұл мә­селені ұлттық деңгейдегі міндет ретінде атады. – Үкіметке IT кадрларды жаппай даярлауға жеке­мен­шік IT мектептерді тарту мәселесін қарастыруды тап­сырамын. Мемлекеттік басқарудағы IT біліктілікті арт­тыру жүйесіне ерекше назар аудару қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы еліміздегі интернет пен бай­ла­ныс сапасына көңілі толмайтынын айтты. – Қазір нақты емес нәрсені сату қалыпты жағ­дай­ға айналды. Олар интернет параметрлерінің бірін жар­намалайды да, шын мәнінде мүлде басқасын ұсы­нады. Жақсарып жатқан ештеңе жоқ. Маған бе­ріл­ген мәлімет бойынша, тіпті елорданың өзінде, сөз бен істің алшақтығы 40-50 пайызға дейін жетеді. Бұл, шын мәнінде, тұтынушыларды алдау деген сөз. Мұн­дай өрескелдікті доғару керек. Үкіметке әкімшілік құрам­ды заңдық негізде бекітуді және бұндай заң­бұзу­шылықтар үшін санкциялар белгілеуді тапсыра­мын. Біз үнемі Қазақстанның аумағы жүз пайызға жуық интернетпен қамтылды деп айтып жүрміз. Кә­неки, мәселенің басын ашып алайық, осы іс жүзін­де рас­талған ақпарат па әлде жоқ па? Немесе ойы­мыз­дағыны шындық деп санаймыз ба? – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев жеке мәліметтердің қауіп­сіздігіне де ерекше тоқталды. – Цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру мәсе­ле­сі, оның қауіпсіздігіне деген жауапкершілікті қоса жүк­­тейтінін түсіну керек. Яғни, жеке мәліметтер құ­­қықтық тұрғыдан да, физикалық жағынан да са­палы қорғалуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.