Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Era Lifestyle тақырыбында өткен дәстүрлі Digital Bridge халықаралық технологиялық форумына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынға қатысушылардың сөзін тыңдаған Мемлекет басшысы практикалық, қолданбалы цифрландыру мәселесі біздің стратегиялық міндетіміз және мемлекетіміздің басымдығы екенін айтты. Атап айтқанда, Президент көрсетілетін мемлекеттік қызметтің барлық түрін үнемі жаңғыртып отырудың маңызына назар аударды. Президент цифрландыру ісіне жауапты вице-министрлер жұмысының нәтижелілігін сынға алды. Оның айтуынша, олардың басты міндеті – күнделікті бюрократиялық жұмыс емес, цифрлық реформалар мен өзгерістерді жүзеге асыру. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бизнес-қоғамдастық атсалыспай, жалпымемлекеттік «цифрлық секіріс» жасау мүмкін емес, ал компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі олардың цифрландырылу деңгейімен анықталады. – Siemens компаниясының бағалауы бойынша, отандық өнеркәсіптік кәсіпорындардың 80 пайызында автоматтандыру деңгейі өте төмен, яғни Индустрия 2.0 деңгейінде. Естеріңізге сала кетейін, біз Индустрия 4.0 дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл – аса ауқымды мәселе. Оның талаптарына тұжырымдамалық жағынан да, практикалық тұрғыдан да нақты әрі лайықты жауап беру керек, – деді Мемлекет басшысы. Президент отандық IT индустриясының бәсекеге қабілеттілігіне арнайы тоқталды. Сонымен қатар Президент IT білім беру сапасына назар аударып, бұл мәселені ұлттық деңгейдегі міндет ретінде атады. – Үкіметке IT кадрларды жаппай даярлауға жекеменшік IT мектептерді тарту мәселесін қарастыруды тапсырамын. Мемлекеттік басқарудағы IT біліктілікті арттыру жүйесіне ерекше назар аудару қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы еліміздегі интернет пен байланыс сапасына көңілі толмайтынын айтты. – Қазір нақты емес нәрсені сату қалыпты жағдайға айналды. Олар интернет параметрлерінің бірін жарнамалайды да, шын мәнінде мүлде басқасын ұсынады. Жақсарып жатқан ештеңе жоқ. Маған берілген мәлімет бойынша, тіпті елорданың өзінде, сөз бен істің алшақтығы 40-50 пайызға дейін жетеді. Бұл, шын мәнінде, тұтынушыларды алдау деген сөз. Мұндай өрескелдікті доғару керек. Үкіметке әкімшілік құрамды заңдық негізде бекітуді және бұндай заңбұзушылықтар үшін санкциялар белгілеуді тапсырамын. Біз үнемі Қазақстанның аумағы жүз пайызға жуық интернетпен қамтылды деп айтып жүрміз. Кәнеки, мәселенің басын ашып алайық, осы іс жүзінде расталған ақпарат па әлде жоқ па? Немесе ойымыздағыны шындық деп санаймыз ба? – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев жеке мәліметтердің қауіпсіздігіне де ерекше тоқталды. – Цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру мәселесі, оның қауіпсіздігіне деген жауапкершілікті қоса жүктейтінін түсіну керек. Яғни, жеке мәліметтер құқықтық тұрғыдан да, физикалық жағынан да сапалы қорғалуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.