Бұл күндері Сербияның Белград қаласында бокстан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Былғары қолғап шеберлері 13 салмақ дәрежесінде сынға түсуде. Қайрат Сәтжановтың шәкірттері әзірге сенім үдесінен шығып, алғашқы айналымды оңай өтті.
Жігіттер жарап тұр
Қазақстан сапынан шаршы алаңға бірінші болып шыққан 57 келіде өнер көрсететін қазақстандық Серік Теміржанов әлем чемпионатын сәтті бастап берді. Ол 1/32 финалда моңғолиялық Энх-Амара Харухумен қолғап түйістірді. Кездесу 5:0 есебімен қазақстандық боксшының пайдасына шешілді. Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Абылайхан Жүсіпов те әлем чемпионатын жеңіспен бастады. Дүниежүзілік біріншіліктің бірінші айналымында ол Тайбэй спортшысы Ю Линнен басым түсті. 75 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен тағы бір отандасымыз Нұрқанат Райыс черногориялық Стефан Савковичті 5:0 есебімен жеңді. Әлем чемпионатында қазақ жанкүйерлері тағы бір керемет жеңістің куәсі болды. 1/16 финалда Сәкен Бибосынов Рио Олимпиадасының чемпионы, өзбекстандық боксшы Хасанбай Дусматовты айқын басымдылықпен жеңді. Хасанбай араға екі жыл салып қайтадан әуесқойлар арасында сынға түскен болатын. 2019 жылы ол кәсіпқой боксқа ауысып, күні бүгінге дейін үш кездесу өткізіп, үшеуін де мерзімінен бұрын жеңіспен аяқтаған. Сондықтан Сәкеннің азулы қарсыласқа қаншалық тегеурін көрсете алатыны барша жанкүйер үшін де қызық болды. Әлем чемпионатында бақ сынап жатқан кезекті тәжірибелі боксшыларымыздың бірі Асланбек Шымбергенов те екінші кезеңге оңай жолдама алды. Ол ирандық боксшы Фархад Морадиге ринг төрінде үстемдік орнатты. Жекпе-жек бар болғаны екі жарым минутқа созылды. Бірінші раундтың аяқталуына 30 секунд қалғанда ирандық боксшының қабағы жарылып, дәрігерлер жекпе-жекті тоқтатты.Қазақ боксшылары арасындағы алғашқы жеңіліс
Белград қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында бокстан Қазақстан құрама командасының өкілдері алғаш жеңіліске ұшырады. 86 келіде сынға түскен Бек Нұрмағамбет бірінші кездесуінде бразилиялық Кено Мачадомен кездескен болатын. Жекпе-жек толығымен Бразилия боксшысының басымдығымен өтті. Нәтижесінде, төрешілер 5:0 есебімен жеңісті Мачадоға берді. Осылайша, Бек әлем чемпионатының алғашқы айналымында-ақ жарысты тоқтатты.Сенсациялық жеңілістер тіркелді
Олимпиаданың екі дүркін қола жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы кубалық Ласаро Альварес Белградтағы биылғы әлем чемпионатының бірінші айналымында жеңіліп қалды. 60 келіде сынға түскен атақты боксшы 1/32 финалда жапониялық Хаято Цуцумиге есе жіберді. Мұның алдында Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Роньель Иглесиас та жарыстан шығып қалған болатын. 1/32 финалда Иглесиас иорданиялық Зеяд Эшаиштен айласын асыра алмады. Аталған әлем біріншілігінде 86 келіде өнер көрсететін 25 жастағы бельгиялық Виктор Схельстре 2-раундтың соңғы секундында өзбек спортшысы Шохжахон Абдуллаевты нокаутпен жеңді. Бұл да чемпионаттағы сенсациялық жеңістің біріне баланды.Бокс мамандары өз бағасын берді
Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбрайымов боксшыларымыздың бұл әлем чемпионатындағы аяқ алысын жақсы деп бағалады. – Біздің жігіттер өз мүмкіндіктерін көрсетіп, жүлдеге қол созуға барын салуда. Басқасы-басқа, Бектің бірінші айналымда жарыс жолынан шығып қалатынын күткен жоқпын. Жүлделі орындарға таласа ма деп ойлап едім. Өкінішті, әрине. Бибосынов пен Дусматовтың арасында тартысты жекпе-жекті тамашаладым. Біздің Сәкен керемет жұдырықтасты. Осы жолы алтын алуы тиіс. Негізінде, боксшылар бұл додадан кем дегенде 1 алтын, 1 күміс, 1 қола қола алуы керек. Әлем чемпионатында Куба, Ресей, Өзбекстан және Британия елінің боксшылары да тәп-тәуір өнер көрсетіп жатыр. Аталған елдің боксшылары біздің басты қарсыластарымыз саналады, – дейді Ермахан Ыбрайымов. Ал бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Тұрсынғали Еділов Белградтағы турнирге біздің боксшылардың жақсы дайындықпен барғанын айтты. – Әзірге жігіттер бірінші айналымнан оңай өтіп жатыр. Мүмкіндік бар. Жас боксшылар да бұл сында өзін жақсы жағынан көрсету үшін тырысып жатыр. Жаттықтырушылар құрамы жаңарды. Осы бастама оң нәтижесін береді деген үміттемін. Абылайхан, Теміртастар үшінші кезеңге өтуі керек. Бұлар ең тәжірибелі боксшыларымыз ғой. Ал Асланбек Шымбергенов келесі қарсыласы өзбекстандық Шахрам Гиясовты жеңеді деп ойлаймын. Асланбек ақылды боксшы ғой. Тек дұрыс тактиканы таңдай білуі керек. Сонда ғана жеңіс біздің жағымызда болады. Жалпыкомандалық есепте жоқ дегенде үздік үштікке кіруіміз қажет. Төрешілер бұра тартпаса, боксшылардың дайындығы, формасы жақсы. Ал медальға тартыс жартылай финалға шыққаннан кейін белгілі бола бастайды. Ресей де жаңа командасын апарған, Кубада да жаңа боксшылар жетерлік. Украина да бұл жарысқа боксшыларын іріктеу мақсатында жас өрендерін алып келген. Оның үстіне биылғы әлем чемпионатында салмақ саны артты. Қызықтың бәрі алда. Үміт күтеміз, сенім артамыз, – дейді Тұрсынғали Еділов.Алда кімдер шаршы алаңға шығады?
Жарыстың төртінші күні газет беттеліп жатқан тұста үш қазақстандық боксшы шаршы алаңға шығады. Атап айтқанда, Серік Теміржанов (57 келі), Абылайхан Жүсіпов (67) және Нұрлан Сапарбай (+92) 1/16 финалдық кездесулерін өткізеді. Еске салсақ, ұлттық құрама сапында Теміртас Жүсіпов (48 келі), Махмұд Сабырхан (54 келі), Саматәлі Төлтаев (60 келі), Санатәлі Төлтаев (63,5 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Айбек Оралбай (92 келі) шаршы алаңға шыққан жоқ. Олар алдағы уақытта ринг төрінде өздерінің қарым-қабілеттерін көрсететін болады. Осы ретте айта кетейік, әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры – 2,6 миллион АҚШ доллары. Жеңімпаз 100 мың доллар, күміс жүлдегер 50 мың доллар, қола жүлдегер 25 мың доллар алады. Ал біз өз кезегімізде Қайрат Сәтжанов жаттықтыратын оғаландардан Белград төрінде тек жақсы нәтиже күтеміз.Абылайхан ЖҰМАШ