Себебі, Қытай транзиттік шектеу енгізген. Қазір 4 мыңнан астам жүк көлігі мен 8 мыңнан астам вагон Қазақстан мен Қытай шекарасында тұр, – деп хабарлайды AstanaTV.
Телеарнаның мәліметінше, Қытайдан келетін тауарлардың кешігуінен қазақстандық бизнес 170 миллиард теңге шығынға ұшыраған. Көлік иелері 8 млрд теңгеден айрылған. Сондай-ақ импорттаушылардың айтуынша, Қытайдың көлік және темір жол тарифтері пандемияға дейінгі бағаға қарағанда 4 есе өскен.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Логистика және тасымалдау департаменті басшысының орынбасары Дархан Мұратханов: «Бұл жағдай біржақты болмай тұр, өйткені біз былтырдан бері шектеулердің себептері туралы ресми хат алған жоқпыз. Қазір көрші елмен логистика құру мүмкін болмай тұр. Бұл бизнесмендердің алаңдаушылығын тудыруда. Бүгін Қытай теміржолы жоспарға келіссе, ертең белгісіз себептермен жүкті қабылдаудан бас тартады. Бұл экспортқа да, импортқа да қатысты», – дейді.
Қытай тарапы келісімшартта бекітілген міндеттерін атқарудан бас тартып отырған көрінеді. Екі ел арасындағы келіссөзде бұл мәселелер шешілгендей болғанмен, іс жүзінде қиындай түсуде.
Экспорттаушылар мен импорттаушылардан түскен өтініштерден кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл іске өзі араласқан. Содан кейін мәселе шешілген. Бірақ мамандар әлі де сенімсіздік бар дейді. Себебі, көрші ел кез келген сәтте сөзден тайқып шығуы әбден мүмкін.