«Сайлау қорытындысын халық сенімінің көрсеткіші деп білемін» – Оңдасын Оразалин
«Сайлау қорытындысын халық сенімінің көрсеткіші деп білемін» – Оңдасын Оразалин
421
оқылды

Биыл еліміздің саяси-қоғамдық өміріндегі жаңашылдықтың бірі тың сипатта өткен Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы екені белгілі. Бұл додаға халықтың қатысу белсенділігі – электораттың мемлекетті басқарудағы жауап­кершілігін анағұрлым түсіне бастағандығының бір көрінісі. Партия­лық пәр­меннің перс­пективасына сенген сайлаушылардың басым көпшілігі бұл жолы да өз дауысын «Nur Otan»-ға берді. Мұнда көшбасшы партия­ның сайлауалды бағдарламасының нақты істерге құрылғаны шешуші фактор болды. Осы ретте біз берілген уәде мен атқарылған іс нәтижесін таразылап көру үшін өңірлерге шолуды жалғастырып, Ақтөбе облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Оңдасын Оразалинмен сұхбаттасқан едік.

– Оңдасын Сейілұлы, еліміз өз Тәуелсіз­дігінің 30 жылы ішінде алға қойған стра­тегиялық басымдықтары мен жасампаз әлеуметтік-экономикалық қадамдары арқылы көптеген асуды бағындырып келеді. Елбасы саясатының басты жолсерігі ретінде көшбасшы партияның ел дамуына қосқан үлесі мен негізгі рөлін атап өтсеңіз. – Тәуелсіз Қазақстанды құру және оны көпшілікке таныту, болашаққа нық сенім қалыптастыру Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың сарабдал саясатымен жүзеге асты. Бүгінде Елбасының көрегендігімен қа­ланған сол негізді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сенімді түрде жал­ғастыруда. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың жас мемлекетті қалыптастыру бағытында қабылдаған реформалары мен ел ертеңіне жасалған нақты қадамдары, батыл шешімдері бүгінгі күнге дейін өзек­тілігін жойған емес. Елбасы саясатының бас­ты жолсерігі өзі әзірлеген жас мем­ле­кеттің ұзақмерзімді даму стратегиясын жүзеге асыратын саяси ұйым «Nur Otan» партиясы болатын. Көшбасшы партия елімізді мекендеген ұлт пен көптеген ұлт өкілдері арасындағы өзара келісім мен достықты, тұрақтылық пен бірлікті, қазақстан­дық­тардың өмір сүру сапасын арттыру ісінде маңызды рөл атқарып келеді. Ұлт Көш­басшысы атап өткендей: «Nur Otan» пар­тиясының рөлі – халықпен бірге болу, оның арманын білу, халықтың ниетін би­лікке жеткізу, билікті халыққа қамқорлық жасауға мәжбүрлеп, оның бірде-бір өті­нішін ескерусіз қалдырмау». – Әңгімемізді биыл­ғы сайлаумен жалғастырсақ. «Nur Otan» партия­сының Ақтөбе облыстық филиалынан Пар­ламент Мәжілісі және мәслихаттар сайла­уына қанша үміткер қатысты? Сайлау нәти­желері қандай болды? – Биылғы сайлаудың ерекшелігі, бұ­рын жергілікті сайлау бір мандатты жүйе бойынша өтетін болса, яғни әрбір кан­ди­датқа дауыс берілсе, бұл жолы партиялық тізім бойынша өтті. Бұл сайлауға «Nur Otan» партиясы сайлау алдында өткізілген партияішілік іріктеу негізінде, яғни прай­ме­риз арқылы барлық деңгейдегі мәсли­хат­тардағы 202 орынға 368 адамнан тұра­тын партиялық тізімді бекітті. Пар­тиялық тізімнің жаңа квотасы жасақталып, онда әйелдер 35%-ды және 35 жасқа дейінгі жас­тар 25%-ды құрады. Ал бұрынғы мәс­лихаттың VI шақырылымында әйелдер 19%, 35 жасқа дейінгі жастар 0,4% бо­латын. Аталған сайлауда Ақтөбе облысы бойынша Парламент Мәжілісі депутат­тығына «Nur Otan» партиясына дауыс беруге қатысқан 206 172 сайлаушы, яғни электораттың 64,84%-ы өз дауысын берді. Ал басқа пар­тиялар, мәселен «Қазақстан Халық пар­тиясы» 52 910 дауыс немесе 16,64%, «Ақ жол» партиясы – 40 071 дауыс немесе 12,60%, ADAL партиясы – 13 036 дауыс немесе 4,10%, «Ауыл» партиясы –5 781 да­­уыс немесе 1,82% алғанын атай кеткен жөн. Ақтөбе Ал облыстық мәслихат депутаттығына өңір тұрғындары «Nur Otan» партиясына 256 655 дауыс беріп, (электораттың 80,72%), партиямыз 27 мандатқа иелік етті. Бұл ретте «Ақ жол» ҚДП – 27 460 дауыс немесе 8,64% (3 мандат), «Ауыл» ХДПП – 25 893 да­уыс немесе 8,14% (3 мандат), ADAL партия­сы – 7 962 дауыс немесе 2,50% жинап, оларға облыстық мәслихатқа мандат берілген жоқ. Ендеше өздеріңіз кө­ріп отырғандай, биылғы сайлау қоры­тын­дысы халық сенімінің көрсеткіші деп білемін. – Сайлауалды бағдарлама бойынша аймақта қанша Жол картасы қамтылған? Қанша шара қарастырылған? Оның бүгінге дейін орындалған пайыздық үлесі қандай? Оның орындалу барысы, жоспармен сәйкестігі, индикаторлық көр­сеткіштері қандай? Толық жүзеге асқандары бар ма? – Ақтөбе облысы бойынша партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сай­лауалды бағдарламасын іс­ке асыру жө­ніндегі бес жылға жоспар­ланған облыстық, қалалық және 12 аудан­дық Жол карталары жасақталып, бекітілді. Жол карталарының барлығы 7 бағыттан тұ­рады. Олар: экономикалық тұрақты ай­мақ (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ша­ғын-орта бизнес дамыту мәселелері қа­рас­тырылған), жайлы аймақ (тұрғын үй және инфрақұрылым құрылысы, эко­ло­гия, ин­тернет мәселелері), әлеуметтік қыз­­метке бағдарланған аймақ (медицина, білім, спорт салалары), жастарға арналған аймақ, аймақтың тарихы мен мәдениетін дамыту, ашық және есеп беретін жергілікті орган­дар, қауіпсіз аймақ. Жалпы, 2021 жылға арналған Жол карталарында 1 530 тармақ­тың, оның ішінде 200 тармақшаның орын­далуы жоспарланған. Соның бүгінде 473 тармағы, оның ішінде 30 тармақшасы не­месе 31%-ы толық орындалды. Қалған тар­­мақтар бойынша жұмыстар жыл соңы­на дейін толық орындалатынына сеніміміз мол. – Сайлауалды бағдарламаның төрт бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстар қандай? Соның ішінде әлеуметтік сезімтал салаларда – жұмыссыздықты төмендету, инженерлік инфрақұрылым­дармен, айталық, жол, интернет тағы басқа және коммуналдық ресурстармен қамту, әлеуметтік нысандар және тұрғын үй құрылысы және өзге де бағыттарда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – Сайлауалды бағдарламаны іске асыру аясында өңірде 9 ай қорытындысы бойынша 26,4 мың жаңа жұмыс орны, оның ішінде 11,6 мың тұрақты жұмыс ор­ны құрылды. Еңбек нарығының сұра­ны­сына сәйкес, 2 мыңнан астам адам кә­сі­би және қысқамерзімді оқудан өтті. Сонымен бірге орташа жалақы көлемі 18,6-ға өсіп, 205 мың теңгені құрады. Кәсіпкерлерді қолдауға келетін болсақ, жыл соңына дейін кемінде 3 мың субъек­тіні қолдау жоспарланған. Қазір бизнестің Жол картасы аясында 42,2 млрд теңгеге 2,5 мың­нан астам жоба, қарапайым заттар эконо­микасы 11,3 млрд теңгеге 25 жоба және ең­бек бағдарламасы аясында 2,2 млрд тең­геге 452 жоба қолдау тапты. Бұдан басқа, жеке инвестиция есебінен 33 нысан қол­да­нысқа берілді. Атап айтатын болсам, Ақ­төбе қаласында медициналық кереует өндіру цехы (Vega Mebel ЖШС), заманауи фор­мат­тағы 2 супермаркет («Анвар» ЖШС), сондай-ақ сауда үйлері, мейрам­ха­налар және өзге де шағын орта бизнес ны­сандары іске қосылды. Өнеркәсіп сала­сында кера­ми­калық тақтайша және бал­мұздақ өндірісі бойынша нысандар пай­далануға қабыл­дан­ды. Екі жобаның жалпы құны 10,4 млрд тең­гені құрайды. Бұдан бөлек, 11 ірі кә­сіп­орында жаңғырту жұ­мыс­тары жүргізілді. Сонымен қатар ауыл шаруашыл­ы­ғының дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Жыл басынан бері 4 мыңнан астам субъект 13,8 млрд теңгеге субсидияланды. Оның ішінде 6,7 млрд теңге жемшөпке бөлінді. Аталған қолдау нәтижесінде ірі қара 70 мыңға, жылқы саны 24 мыңға артты. Ауыл шаруашылығы саласындағы инвестиция­лық жобаларға келетін болсақ, Алға және Қарғалы аудандарында 1 600 басқа арнал­ған 2 ірі қара мал бордақылау алаңдары, Қобда ауданында қуаты 2 мың бас ірі қара мал репродукторлық шаруашылығы және Шалқар ауданында жылына 30 тонна ет өңдейтін шағын цех ашылды. Сонымен қатар Ақтөбе қаласында қуаты 2 500 тонна құрайтын көкөніс қоймасы («Приго­род­ный» ЖШС), Әйтеке би және Мұғалжар аудандарында сүт өнімін өндіретін 2 ферма және де Алға ауданында 1,25 гектар ау­мақта жылыжай іске қосылды. Облыс тұрғындарын мазалайтын ең басты мәселелердің бірі – ол баспанамен қамтамасыз ету. Бұл бағытта облыс бо­йынша қазір 625 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй қолданысқа беріліп, үй кезегінде тұрғандар арасынан халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 345 отбасы баспа­намен қамтамасыз етілді. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін кемінде 500 отбасына жеткізу жоспарда бар. Ақтөбе 2021 жылға ауыл инфрақұрылымын дамыту мақсатында 30 елді мекенде орталықтандырылған ауызсу жүргізу және жаңғырту жұмыстары қарастырылып отыр. Бүгінде 15 ауылға су жүргізіліп, 3-еуінде су жүйесі жаңғыртылды. Сонымен бірге жоспарланған 10 ауылдың 7-еуіне кешенді блок-модуль қондырылды. Газ мәселесі бойынша жоспарланған 9 ауыл­дың 5-еуіне көгілдір отын тартылды. Әлеуметтік сала Жол карталарында аса маңызды орынға ие. Бұл бағытта жыл басы­нан бастап 7 мектеп пен 8 балабақша ашы­лып, 12 мектепте жөндеу жұмыстары жүргі­зілді. Сондай-ақ Қандыағаш қала­сында гемодиализ орталығы, 2 ауылда жаңа меди­циналық пункт пен амбулатория ашылып, аудандарға 8 медициналық автокөлік сатып алынды. Бұқаралық спорт пен мәдениет саласын дамыту мақсатында облыста 172 орынға арналған 3 денешы­нықтыру-са­уықтыру кешені және 8 ауылда хоккей кор­ты салынды. Сонымен бірге Мәртөк ауданы Саржансай ауылында 150 орындық ауылдық клубы халық игілігіне берілді. – Биыл қымбатшылық, баға тұрақ­сыздығы анағұрлым қатты сезіліп отыр. Осы бағытта Ақтөбе өңірінде бұл мәселе қалай шешімін тауып жатыр? – Азық-түлік тауарларына бағаның өсуі, ең алдымен маусымдық сипатқа ие. Оның ішінде де көбіне шикізаттың, ком­муналдық қызметтердің және жүк та­сы­малдау тарифтерінің қымбаттауына бай­ланысты. Бағалардың негізсіз өсуін бол­дырмау мақсатында күн сайын ірі сауда желілерінде осы сауда объектілерінің бас­шыларымен қол қойылған меморан­дум­дарға сәйкес 5%-дан аспайтын сауда үс­те­месінің сақталуына мониторинг жүргізіледі. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен облыс аума­ғында азық-түлік тауарларына баға белгі­леудің барлық тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссия құрылды. Бұл бағытта тиісті жұмыстар ат­қарылып жатыр. Қазір азық-түлік баға­сын тұрақтандыруға бағытталған екі әдіс-құралы жұмыс істейді. Ол тұрақтандыру қоры және айналым схемасы арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру. Осыған орай 1,2 млрд теңгеге тұрақтандыру қоры құрылып, сондай-ақ айналым схемасын іске асыруға 500 млн теңге бө­лінді. Сонымен қатар облыстың тұрақ­тандыру қорына 1 млрд теңге көлемінде картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, күнбағыс майы, құмшекер, қарақұмық жармасын сатып алу үшін және айналым схемасына тікелей тауар өндірушілерге 500 млн теңге қарыз беру үшін қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталып жатыр. «Алаңнан сөреге дейін» жобасы ая­сын­да Ақтөбе қаласында «Табыс Агроның» 4 дүкені іске қосылып, онда ауыл шаруа­шы­лығы тауарларын өндірушілер өз өнімдерін тікелей халыққа төмендетілген бағамен сатады. Сондай-ақ жыл соңына дейін тағы 8 дүкен ашу жоспарланып отыр. Жыл ба­сынан бері 200-ге жуық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, жалпы сомасы 650 млн теңгеге арзандатылған бағамен 2 000 тонна өнім сатылды. – Өңірдегі экологиялық проблемалар өз шешімін тауып жатыр ма? Соның ішінде Шалқар көлінің суалып бара жатқаны эко­логтердің алаңдаушылығын тудырып отыр. – Өңірде экологиялық проблемалардың бары рас. Барлығын рет-ретімен шешу үшін ауқымды жұмыстар атқарылады. Со­ның бірі – тұрғындардың бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқан Шалқар көлі мә­селесі. Барлығына мәлім, соңғы жыл­дары Шалқар көлі таязданып, арнаның үлкен аумағы өзін-өзі тазарту қабілетінен айырылып, қамыс басып кетті. Көлдің түбінде қалыңдығы 1,2 метрге дейін тұнба қабаты жиналған. Көл аумағының 30%-дан астамын су өсімдіктері алып жатыр. Егер бұрын көлдегі су көлемі 25 миллион текше метр болса, қазір ол 7 миллион текше метрге әрең жетеді. Көлдің тереңдігі 13-15метрден 2метрге дейін төмендеді. Осының барлығын реттеу мақсатында Шалқар көлінің түбін тазарту бойынша жоба жүзеге асырылады. Жобаның жалпы құны 3,05 млрд теңге. 2021 жылдың өзінде 1,4 млрд теңге бөлінді. Қазір мердігер ұйым анықталып, жер жұмыстарының 45%-ы орындалды. Шалқар қаласының тұрғындарынан ұсыныстар түсуіне байла­нысты көлді тереңдету бөлігінде жобаға түзету енгізілетін болады. – Сайлауалды бағдарламада Ақтөбеде қоқыс өңдеу зауытын салу қарастырылып отыр. Ендеше бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Зауыттың сипаттамасы туралы кеңірек айтып өтсеңіз? – Сайлауалды бағдарламаны іске асы­ру аясында «Өндірушілердің кеңей­тілген міндеттемесінің операторы» ЖШС ком­паниясы Ақтөбе қаласында қатты тұр­мыстық қалдықтарды бөлек жинау жо­басын жүзеге асырады. Бүгінде «ӨКМ Опе­раторы» ЖШС жалпы саны 1 443 контейнерден 681 контейнер, сон­дай-ақ 6 бірлік қоқыс тасығыш орна­тты. Сонымен бірге аталған кәсіпорын­ жылдық қуат­тылығы 60 мың тонна құ­райтын қо­қысты сұрыптау желісін қон­дыруды жос­парлаған. Жоба құны 750 млн теңге, ашы­латын жұмыс орны – 42 адам. Қазір жоба құры­лысына 3 гектар бөлініп, жер актісі рәсімделді. Қоқысты сұрып­тайтын ке­шенге арналған ғимарат салу бойынша жобалау жұмыстары аяқталып, құжат­тамалары мемлекеттік сараптамадан өтуде. Мемлекеттік сараптаманың оң қо­ры­тындысын алғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталатын болады. – Өңірдің инвестициялық әлеуеті қаншалықты жүзеге асып жатыр? Тәуел­сіздік алған жылдар ішінде өңірге қанша инвестиция құйылған? Алдағы уақытта қандай инвестициялық жобалар ұсынылып отыр? «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы қалай жүзеге асуда? – Өздеріңізге мәлім, Ақтөбе облысы ин­дустриялық дамыған өнеркәсіптік ай­мақ­тардың бірі. Аталған саланы бұдан әрі дамыту мақсатында Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына сәйкес, өңірге ин­вестиция тарту, инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша үлкен жоспарлар бекітілген. Инвестициялық жобаларды іске асыру үшін біздің өңірімізде барынша қолайлы жағдайлар жасалған. Атап өтсем, барлық дайын инфрақұрылым мен ыңғайлы көлік логистикасы бар «Ақтөбе» индустриялық аймағы жұмыс жасап тұр. Облысымызда еліміздің өңірлері арасында коммуналдық қызметтерге тарифтер тө­мен­детілген. Облысымыз үлкен экспорт­тық әлеуетке ие. Берісі Ресей Федера­ция­сымен және Өзбекстан Республикасымен шектеседі. Облыс арқылы Қытай-Оңтүс­тік-Шығыс Азияны Еуропамен байла­ныс­тыратын «Бір белдеу, бір жол» транзиттік дәлізі өтеді. Осындай мүмкіндіктерді пай­далана отырып, тәуелсіздік алған жыл­дарда облыс экономикасына 7,5 трлн теңге ин­вес­тиция тартылды. Биылғы жоспарға сәй­кес, 1 мыңнан астам жұмыс орнын құра оты­рып, 100 млрд теңгенің 30 инвест­и­ция­лық жобасын іске қосу қа­растырылған. Оның ішіндегі ірі жобаларға тоқталар бол­сам, жоба құны 36 млрд теңгені құ­рай­тын Arm Wind ЖШС-ның ІІ кезектегі жел электр стансасының құры­лысын, жоба құны 13,8 млрд теңгелік West Smart Trading ЖШС-ның деректерді өңдеу орталығының құ­ры­лысын, жоба құны 5,3 млрд теңге болатын Gas Processing Company ЖШС-ның «Қо­жа­сай» кен орнында газды кешен­ді дайын­дау қондырғысын реконструк­циялауды атай кетуге болады. Сонымен бір­ге Үкімет деңгейінде қол қойылған ме­мо­рандумға сәйкес 2026 жылға дейін 2,4 трлн теңгеге 190 жоба іске асыру жоспар­ланған. Ақтөбе жол «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына келер болсақ, оның ая­сында несие сомасы 35,7 млрд теңгені құ­райтын 238 жоба бойынша жұмыс жүргі­зіледі. Соның ішінде несие сомасы 33,7 млрд теңге болатын 227 жоба мақұлданды. Оның несие соммасы 11,3 млрд теңгелік 25 жобасы биылғы жылдың еншісінде. Қаржы институттары мен екінші деңгейлі банк­терде несие сомасы 1,5 млрд теңге болатын 8 жоба қаралған. Несие сомасы 0,5 млрд теңге болатын 3 жоба бизнес-жоспарын әзірлеу сатысында, яки кредитті құры­лым­дау, қаржы моделін есептеу, өтімді кепілді іздеу және тағы басқа жұ­мыстар жүргізіліп жатыр. Биылғы жыл басынан бері 11,3 млрд теңгеге 25 жоба мақұлданды. Биылғы бағдарлама шеңберінде туын­дап тұрған мәселе «Аграрлық несие кор­порациясы» АҚ тарапынан қаржы тап­шы­лығы. Бұл сұрақ Үкімет деңгейінде қара­луда. Алайда жыл басында көктемгі дала жұмыстары үшін Әйтеке би, Қарғалы және Хромтау аудандарындағы 9 кәсіпкерге 1 млрд теңгенің үстінде қаржылай көмек көрсетілді. Қалған 16 жобаның барлығы екінші деңгейлі банктер арқылы 10,3 млрд теңгеге несиелендірілді. Осы тұста атай кететіні, екінші деңгейлі банктер арқылы өндіріс саласындағы ауқымды жобалар несие ала алды. Олар – Gas Processing Company ЖШС – сұйытылған газ өнді­рісіне – 4,0 млрд теңге, «КазТермоГрупп» ЖШС – минералды плита өндірісіне – 1,5 млрд теңге, Eco Product Company ЖШС – тамақ өнеркәсібіне – 1,0 млрд теңге, «Техноскаут» ЖШС – полиэтилен пакет­тер өндірісіне – 785,0 млн теңге, «Айс-плюс» ЖШС – пісі­рілген сүт өнер­кә­сібіне – 800,0 млн теңге. – Облыстың туризм әлеуеті қан­дай? 10 ірі туристік кластерді дамыту жо­басында қандай нысандарыңыз бар? – Бүгінде Ақтөбе облысында туризмнің қарқынды дамып келе жатқан бағыт­та­рының бірі экологиялық туризм. Оған келесі нысандар кіреді. «Ақтолағай» борлы таулары, «Аққұм» және «Барқын» құмда­ры, «Қасқыр апаны» сарқырамасы, «Жа­ман­шың» метеориттік кратері және Аққа­йың орманы. Сондай-ақ тарихи тұлғалар мен оқиғаларға арналған мемориалдық кешендер мен кесенелерге бару негізделген сакралды, мәдени-тарихи туризм де кеңі­нен танылған. Олар, «Қобыланды батыр», «Досжан хазірет», «Хан моласы», «Есет Кө­кіұлы», «Абат Байтақ», «Исатай батыр» ме­мориалдық кешендері. Туризмді цифр­ландыру аясында visitaktobe.kz туристік сайты жұмыс істеп тұр. Сайтта өңірдің көрікті жерлері, орналасу орындары, гастрономия, ойын-сауық орталықтары, 3D виртуалды тур, фото-видео галерея және тағы да басқа ақпараттар берілген. Республикалық туризм картасына Ақтөбе облысынан өңірлік маңызы бар 1 нысан – Қарғалы су қоймасы кіреді. Аталған аумақ­та Qargaly Resort демалыс және ойын-сауық паркі аймағын салу бойынша жоба іске асырылады. Онда экостильде қонақүйлер, тау шаңғысы базасы, шипа­жай, ипподром салу, демалыс пен спорт­тың гольф, теннис, футбол, картинг және тағы да басқа ойын-сауық түрлерін, балық және жылыжай ша­руашылығын ұйым­дас­тыру жоспар­лан­ған. Бір мезгілде 1 000-нан астам адамды қабылдау қарастырылып отыр.  – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ОРАЗҒАЛИ