Әскерде әлімжеттік тыйылмай тұр
Әскерде әлімжеттік тыйылмай тұр
422
оқылды

Осы күні әскердегі ұрып-соғу мен кемсіту тәрізді бассыздықтарға тосқауыл болмай тұр. Кейде осындай оқиғалардың соңы қайғылы жағдайға ұласып, сарбаз көз жұмады. Таяуда ғана Теміртаудағы №5516 әскери бөлімінің 20 жастағы жауынгері өзін атып өл­тір­ді. Суицидке не итермелегені жайлы әзірге нақты дерек жоқ. Жалпы, елімізде сар­баз­дар­дың өлімі жиі тіркеледі. Ал құзырлы органдар әлімжеттікті жоққа шығарып әлек. Сонда Отан қорғаймын дегендер бейбіт күнде кімнен қорлық көріп жатыр?

Суицид дерегі жан шошытады  

Сарбаз қатарынан отбасына мү­гедек болып оралғандар да же­тер­­лік. Енді бірі әскердегі қызмет­тік бабында, келесі біреуі белгі­сіз жағдайда қайтыс болып жатады. Себеп әрқилы болған соң олар жайлы құралған статистика да кез­деспейді. Бірақ бір анығы, әскердегі суицид деңгейі жақсы емес. Мә­селен, есеп бойынша 2010-2020 жыл­дар аралығында 220 әскери қыз­метші өз-өзіне қол жұмсаған екен. Жыл сайын шамамен 22 отба­сы қара жамылып, қайғыдан қан жұтады деген сөз. Жаңа жоғарыда айтқан Теміртаудағы секілді оқиғалар осындай статистикаларды алдағы уақытта да толықтыра түсе­тіндей. Ал әскери прокуратура тіркелген суицидтің 90 пайызында қылмыстық сипат жоқ деп санапты. Олар суицидтерді әскери борышты өтеуге қатыссыз мәселелер­мен, мәселен суицидке генетикалық бейімдік, стресс және депрессия, алкогольге тәуелділік сияқты се­беппен байланыстырған. Ал бұған сене қою қиын-ақ.

Экс-министр «әлімжеттік жоқ» деген

Былтыр желтоқсанда биыл отставкаға кеткен экс-қорға­ныс министрі Нұрлан Ермекбаев әскерде ешқандай әлім­жеттік жоқ деп мәлімдеген бола­тын. «Кеңес заманындағыдай қазір әскерде әлімжеттік жоқ. Оның бір себебі – қазір Отан алдындағы әскери борышын өтеу  мерзімі — 1 жыл. Сон­дықтан борыштарын өтейтіндер арасында қатты айырмашылық жоқ. Әрине, кез келген ер адам­дардан құралған ұжымдарда кездесетін келіспеушіліктер, түсініспеушіліктер болады. Бірақ ол әскери әлім­жеттік емес. Жүйелі түрде үл­кен­дері кейіннен келгендерге күш көр­сететін жағдай осы күні кездеспейді, – деген ол. Ермекбаев сол кезде әскери полиция жанынан арнайы бөлім құрылғанын, олар тамақ­тың сапасынан бастап, қауіп­сіз­дікке байланысты мәселе­лерге дейін қарайтынын айт­қан. Әлімжеттік тыйылса, сарбаздар неге зардап шегеді? Дегенмен болып жатқан оқи­ғалардың мазмұнына қа­рап, экс-министрдің пікірімен келісе қоюға болмас. Мысалы, 2017 жылы әскерде 86 қылмыс болған. Оның ішінде әлімжет­тік фактілері ресми тіркелді. Қара­ған­ды облысының Приозерск қаласында орналасқан №44841 әскери бөлімінде әскери қыз­мет­кер 19 жасар сарбазды ұрып өлтірді. Ал 2018 жылы Маңғыс­таудағы Үстірт шекара бекетінде қатардағы жауынгер Бақыт­бек Мырзамбеков мәжбүрлі түрде 40 градус ыстықта дене шынық­тырумен айналыс­қанның салдарынан қайтыс болды. Физи­ка­лық жүктемені көтере алма­ған жауынгерді басқа сарбаздар тепкінің астына алған. Меди­цина­лық көмек қа­жет болған жәбірленушіге дәрі­гер шақы­рылмаған. Осы қыл­мыс үшін шекара заставасының бастығы, оның орынбасары, қауіпсіз­дікке жауапты офицер және сарбаз сотталды. Осы жайт­тың барлығы ресми растал­ған мә­лімет. Биыл Ұлттық ұланның Нұр-Сұлтандағы әскери бөлі­мі­нің бірінде сарбаздар әлеу­мет­тік желі арқылы рота стар­шинасы­ның әскери жарғыдан тыс әрекетіне шағымданған еді. «Ол адамды моральдық, пси­хо­логиялық тұрғыдан өлті­ре­ді. Малға теңейді, боқтайды, балағаттайды. Жарғыдан тыс бұйрық береді. Сарбаздарды дәретхананың еденіне жатуға, кереуеттің астына кіріп-шығу­ға мәжбүрлейді», – деп ашын­ған еді жауынгерлер. Бұл оқиға да жылы жабылды. Тексеріс жүргізілгенін айтқан құзырлы органдар мұндай фактілер болмаған деп жариялады. Шыны сол, осыған ұқсас жағдайдың болатынын, әлімжеттіктің әдетке айналып кеткенін Отан алдындағы борышын өтеп келген жастардан да көп естиміз. Оған қоса, әлімжеттіктің түбірі өзгермей, түрі құбылып жатқан сыңайлы. Мысалы, ұрып-соғуды айтпа­ғанда, бейәдеп сөздер арқылы адамды кемсітудің өзі сарбазды қинайтыны сөзсіз. Былтыр Алматы облысында әскерге шақыртылғанына үш-ақ ай болған 19 жастағы жігіт биік мұнарадан секіріп мерт болды. Сот айыпты деп таныған сержант алты жыл түрмеге қамалды. Үкіммен келіс­пеген екі тарап та мұның артында әскердегі әлімжеттік мәселесі тұрғанын айтқан. Ал билік әлі күнге дейін жаңа технологияның көмегімен ұрып-соғуды азайт­тық деп отыр. Жалпы, әскердегі әлім­жеттік дамыған елдердің де бас ауруына айналғаны шындық. Мәселен, 2018 жылы Америка Қарулы күштерінде 325 әскери қызметші өз-өзін өлтірген. Бірақ бүтін әлем елдерінде бар екені мәселемен күресті тоқта­туға себеп емес. Құзырлы органдар темір тәртіп орнатып, жағдайды ерекше бақылауға алмаса, сап­та­ғы сарбазды қорлау, өлтіру не­месе өз-өзіне қол жұмсауға итер­мелеу жалғаса беретін сыңайлы. Ал бұл әскерден табытпен оралатын сарбаздардың санын кө­бейт­песе, азайтпайды. Қоры­та айтқанда, елімізде әс­кери әлімжеттік анау айтқандай тыйыл­ды деуге келмейді.

Мадияр ТӨЛЕУ