Осы күні әскердегі ұрып-соғу мен кемсіту тәрізді бассыздықтарға тосқауыл болмай тұр. Кейде осындай оқиғалардың соңы қайғылы жағдайға ұласып, сарбаз көз жұмады. Таяуда ғана Теміртаудағы №5516 әскери бөлімінің 20 жастағы жауынгері өзін атып өлтірді. Суицидке не итермелегені жайлы әзірге нақты дерек жоқ. Жалпы, елімізде сарбаздардың өлімі жиі тіркеледі. Ал құзырлы органдар әлімжеттікті жоққа шығарып әлек. Сонда Отан қорғаймын дегендер бейбіт күнде кімнен қорлық көріп жатыр?
Суицид дерегі жан шошытады
Сарбаз қатарынан отбасына мүгедек болып оралғандар да жетерлік. Енді бірі әскердегі қызметтік бабында, келесі біреуі белгісіз жағдайда қайтыс болып жатады. Себеп әрқилы болған соң олар жайлы құралған статистика да кездеспейді. Бірақ бір анығы, әскердегі суицид деңгейі жақсы емес. Мәселен, есеп бойынша 2010-2020 жылдар аралығында 220 әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсаған екен. Жыл сайын шамамен 22 отбасы қара жамылып, қайғыдан қан жұтады деген сөз. Жаңа жоғарыда айтқан Теміртаудағы секілді оқиғалар осындай статистикаларды алдағы уақытта да толықтыра түсетіндей. Ал әскери прокуратура тіркелген суицидтің 90 пайызында қылмыстық сипат жоқ деп санапты. Олар суицидтерді әскери борышты өтеуге қатыссыз мәселелермен, мәселен суицидке генетикалық бейімдік, стресс және депрессия, алкогольге тәуелділік сияқты себеппен байланыстырған. Ал бұған сене қою қиын-ақ.Экс-министр «әлімжеттік жоқ» деген
Былтыр желтоқсанда биыл отставкаға кеткен экс-қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әскерде ешқандай әлімжеттік жоқ деп мәлімдеген болатын. «Кеңес заманындағыдай қазір әскерде әлімжеттік жоқ. Оның бір себебі – қазір Отан алдындағы әскери борышын өтеу мерзімі — 1 жыл. Сондықтан борыштарын өтейтіндер арасында қатты айырмашылық жоқ. Әрине, кез келген ер адамдардан құралған ұжымдарда кездесетін келіспеушіліктер, түсініспеушіліктер болады. Бірақ ол әскери әлімжеттік емес. Жүйелі түрде үлкендері кейіннен келгендерге күш көрсететін жағдай осы күні кездеспейді, – деген ол. Ермекбаев сол кезде әскери полиция жанынан арнайы бөлім құрылғанын, олар тамақтың сапасынан бастап, қауіпсіздікке байланысты мәселелерге дейін қарайтынын айтқан. Әлімжеттік тыйылса, сарбаздар неге зардап шегеді? Дегенмен болып жатқан оқиғалардың мазмұнына қарап, экс-министрдің пікірімен келісе қоюға болмас. Мысалы, 2017 жылы әскерде 86 қылмыс болған. Оның ішінде әлімжеттік фактілері ресми тіркелді. Қарағанды облысының Приозерск қаласында орналасқан №44841 әскери бөлімінде әскери қызметкер 19 жасар сарбазды ұрып өлтірді. Ал 2018 жылы Маңғыстаудағы Үстірт шекара бекетінде қатардағы жауынгер Бақытбек Мырзамбеков мәжбүрлі түрде 40 градус ыстықта дене шынықтырумен айналысқанның салдарынан қайтыс болды. Физикалық жүктемені көтере алмаған жауынгерді басқа сарбаздар тепкінің астына алған. Медициналық көмек қажет болған жәбірленушіге дәрігер шақырылмаған. Осы қылмыс үшін шекара заставасының бастығы, оның орынбасары, қауіпсіздікке жауапты офицер және сарбаз сотталды. Осы жайттың барлығы ресми расталған мәлімет. Биыл Ұлттық ұланның Нұр-Сұлтандағы әскери бөлімінің бірінде сарбаздар әлеуметтік желі арқылы рота старшинасының әскери жарғыдан тыс әрекетіне шағымданған еді. «Ол адамды моральдық, психологиялық тұрғыдан өлтіреді. Малға теңейді, боқтайды, балағаттайды. Жарғыдан тыс бұйрық береді. Сарбаздарды дәретхананың еденіне жатуға, кереуеттің астына кіріп-шығуға мәжбүрлейді», – деп ашынған еді жауынгерлер. Бұл оқиға да жылы жабылды. Тексеріс жүргізілгенін айтқан құзырлы органдар мұндай фактілер болмаған деп жариялады. Шыны сол, осыған ұқсас жағдайдың болатынын, әлімжеттіктің әдетке айналып кеткенін Отан алдындағы борышын өтеп келген жастардан да көп естиміз. Оған қоса, әлімжеттіктің түбірі өзгермей, түрі құбылып жатқан сыңайлы. Мысалы, ұрып-соғуды айтпағанда, бейәдеп сөздер арқылы адамды кемсітудің өзі сарбазды қинайтыны сөзсіз. Былтыр Алматы облысында әскерге шақыртылғанына үш-ақ ай болған 19 жастағы жігіт биік мұнарадан секіріп мерт болды. Сот айыпты деп таныған сержант алты жыл түрмеге қамалды. Үкіммен келіспеген екі тарап та мұның артында әскердегі әлімжеттік мәселесі тұрғанын айтқан. Ал билік әлі күнге дейін жаңа технологияның көмегімен ұрып-соғуды азайттық деп отыр. Жалпы, әскердегі әлімжеттік дамыған елдердің де бас ауруына айналғаны шындық. Мәселен, 2018 жылы Америка Қарулы күштерінде 325 әскери қызметші өз-өзін өлтірген. Бірақ бүтін әлем елдерінде бар екені мәселемен күресті тоқтатуға себеп емес. Құзырлы органдар темір тәртіп орнатып, жағдайды ерекше бақылауға алмаса, саптағы сарбазды қорлау, өлтіру немесе өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу жалғаса беретін сыңайлы. Ал бұл әскерден табытпен оралатын сарбаздардың санын көбейтпесе, азайтпайды. Қорыта айтқанда, елімізде әскери әлімжеттік анау айтқандай тыйылды деуге келмейді.Мадияр ТӨЛЕУ