Соңғы 30 жылда Сыр өңірінде 400-ден аса шағын және орта өнеркәсіптік кәсіпорын құрылып, облыстың жалпыөңірлік өнімінде облыстың өнеркәсіптік өндірісінің үлесі 11 пайыздан 38 пайызға дейін өскен. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша бірінші 5 жылдық қорытындысында өңірде құны 82 млрд теңгені құрайтын 17 жоба іске асырылып, 12 өнім түрі шығарылыпты.
Тәуелсіздік жылдарындағы Қызылорда облысының ірі жетістіктеріне тоқталар болсақ, ең алдымен 2010 жылы іске қосылған «Қазгермұнай» біріккен кәсіпорнын айтуға болады. Қуаттылығы жылына 300 млн текше метр болатын газ өңдеу зауыты өңдеу өнеркәсібін дамытуға, Қызылорда қаласы мен қала кәсіпорындарын арзан бағадағы көгілдір отынмен қамтамасыз етуге және шағын және орта бизнестің дамуына ықпал жасады. Сондай-ақ ілеспе газды өңдеу арқылы қоршаған ортаның ластануын төмендетіп, өңірдің экологиялық жағдайына оң әсер етті. Бұдан бөлек, Ақшабұлақ кен орнындағы ілеспе газды толыққанды игеру мақсатында «Кристалл менеджмент» серіктестігінің ірі инновациялық сипаттағы қуаттылығы 87 мВт-тық электрстансасы іске қосылды. Сонымен қатар ірі мұнай компаниялары («ПетроКазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Торғай Петролеум» АҚ) қуаттылығы 50 мВт-тық газтурбиналық стансаны іске қосып, кәсіпорын қажеттілігін 40%-дан 100% толық жауып, облыстың энергия тапшылығын төмендетуге әсер етті. Бүгінде Қызылорда облысындағы «РЗА» АҚ сапалы азық-түлік өнімдерін өндіретін ірі құрылымдардың бірі ретінде елімізге танылды. Кәсіпорын сүт өнімдерін «Дәмді» сауда маркасымен облыс аумағында және көршілес өңірлерге ұсынады. Туризм саласында 2013 жылы Қорқыт Ата зиярат ету орталығы қайта жаңғыртылып, «EXPO-2017» туристерін қабылдады. Жалпы алғанда, 2010 жылы қабылданған облысты Индустрияландыру бағдарламасының алғашқы 5 жылдығында мұнай-газ, электроэнергия өндіру, ауыл шаруашылығы саласындағы облыстың ірі жобалары бірінші 5 жылдық аясында іске асырылып, облыс экономикасына айтарлықтай үлес қосты. Индустрияландыру бағдарламасының екінші 5 жылдығында да еңсерілген жұмыстар аз болған жоқ. Құны 67 млрд теңгені құрайтын 9 жоба іске қосылып, өнеркәсіп бағыты 4 жаңа өніммен толықтырылды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында табысты жұмыс істеп тұрған, тұз нарығында 90 жылдан астам еңбек тәжірибесі бар, ірі қала құрушы «Арал тұз» АҚ. Индустрияландыру бағдарламасы аясында компания тұз өндіретін екі испан цехын іске қосты. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін екі есеге арттыруға, 1 200-ден астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтуға мүмкіндік берді. Өндірілген өнім мен сатылған өнім көлемі 3 есеге артып, экспорттық өнім үлесі 75%-ды құрады. Осыған байланысты өндіріс орны биыл қуаты жылына 180 мың тонна құрайтын тұз өндіретін ІІІ испан цехын іске қосуды жоспарлаған. Аймақта өндірілген өнім көлемі жайлы сөз қозғайтын болсақ, облыста жоғарыда аталған бағдарламаның бірінші және екінші бесжылдықтары аясында құны 150 млрд теңгені құрайтын, 26 жоба жүзеге асырылып, 1,7 мың жұмыс орны ашылды. Британдық компаниямен (Ferro-Alloy Resources Ltd) бірлесіп Баласауысқандық ванадий кен орнында тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру аяқталды. 2020 жылы кәсіпорын аммоний метаванадатын Ұлыбритания мен Ресейге 464 тоннадан астам экспорттады. Сондай-ақ 2018 жылы облыстағы ірі жобалардың бірі тампонаждық цемент зауыты пайдалануға берілді. Жоба қытайлық «Гежуба групп цемент» трансұлттық компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылды. Іске қосылған уақыттан бері 6 түрі цементтің 1,5 мың тоннасы шығарылды, оның 333 мың тоннасы Өзбекстан Республикасына шығарылды. Облыс экономикасын әртараптандыру мақсатында 2021 жылы Арал қаласында кальцийленген сода өндіру зауытының және Шалқия кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысын бастаймыз. Осы жобаларды іске асыру шеңберінде 2 200 жұмыс орны құрылады. Бүгінде Индустрияландыру бағдарламасының үшінші 5 жылдығы аясында құны 543 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 7,4 мың адамды жұмыспен қамтитын 41 жоба жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылы 2020 жылы бағдарлама аясында 2020 жылы құны 1,9 млрд теңгені құрайтын, толық қуаттылыққа шаққанда 220 адамды жұмыспен қамтитын Арал ауданында орналасқан 5 жоба іске қосылды. Ал биылғы жылдың соңына дейін құны Индустрияландыру бағдарламасы аясында құны 48,5 млрд теңгені құрайтын, толық қуаттылыққа шыққанда 506 адамды жұмыспен қамтитын 4 жобаның іске қосылуы жоспарланған. Еліміз егемендік алған тұста, яғни 1993 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 310,0 млн теңгені құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 292,3 млрд теңгеге дейін жетті. Ал өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 378 млн теңгеден 18,0 млрд теңгеге артқан.Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы