Бүгін Сенатта экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің ұйымдастыруымен «Техникалық реттеудің және стандарттаудың мемлекеттік жүйесінің заңнамалық базасын жетілдіру: проблемалары мен перспективалары» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысы болды. Комитет төрағасы Дәурен Әділбеков шараға төрағалық етті. Дөңгелек үстелге қатысушылар техникалық реттеу саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, атап айтқанда тауарлар мен жабдықтардың сәйкестігін бағалау туралы құжаттардың болуына бақылауды күшейтуді, «Сәйкестікті бағалау туралы» заң жобасының тұжырымдамасын, цифрландыру және басқа да мәселелерді талқылады. Сенатор Еділ Мамытбеков өз баяндамасында техникалық реттеу туралы заң міндеттерінің бірі отандық тауар өндірушілердің бәсекелестік артықшылықтарын іске асыру екенін атап өтті. Ол үшін бизнесті қолдаудың нақты шаралары қабылдануы керек.
«Мемлекет басшысы өндірілетін өнімдегі жергілікті үлесті ұлғайтудың маңызын бірнеше рет атап өтіп, тиісті тапсырмалар берген болатын. Биыл 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміз Президенті өнімдегі қазақстандық үлесті арттыру жөніндегі міндет күшінде екеніне тағы да назар аударды. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде тауар импорттаушыларға артықшылық берілетін жағдайлар әлі жалғасып келеді. Бұл ретте, нормативтік құжаттар талабына сәйкестігін растайтын құжаттары жоқ тауарларды, оның ішінде азаматтардың қауіпсіздігіне әсер ететін тауарларды сатып алу жүзеге асып жатқанын атап өту маңызды», – деді Еділ Мамытбеков.Сондай-ақ, ішкі нарықты «жаңсақ» сертификаттармен расталған тауарлардан қорғау, техникалық реттеу саласы деңгейінің төмендігі мен даму қарқыны, стандарттаудың ұлттық жүйесінің халықаралық талаптарға толық сәйкес келмеуі және цифрлық технологияларды енгізу арқылы өнімді қадағалауды күшейту мәселелері көтерілді. Дөңгелек үстелге қатысушылар ЕАЭО техникалық реттеу жүйесін дамытудың өзекті бағыттарын да қарады. Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу және аккредиттеу департаментінің директоры Тимур Нұрашевтің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыста ЕАЭО техрегламенттерінің талаптарын түсіндіру тетігінің жоқтығы және оларды әзірлеу мен іске қосу мерзімдерін ұзартуда бірқатар проблемалар бар. Сенат комитетінің төрағасы Дәурен Әділбеков дөңгелек үстел отырысын қорытындылай келіп, қолданыстағы техникалық реттеу және стандарттау жүйесінің кешенді проблемаларына назар аударды, сондай-ақ сенаторлардың Үкіметке әзірлеген бірқатар ұсыныстарын атап өтті.
«Моральдық және физикалық тұрғыдан тозған жабдықтарды, сондай-ақ тауарлардың сәйкестігін бағалау жөніндегі ескірген әдістемелерді пайдалану мәселесі ерекше маңызды. Бүгінде тіпті 1940 жылы шығарылған жабдықтардың үлгілері де қолданылатынын айта кету керек. Осыған байланысты, біз осындай зертханаларды жаңғыртуды қамтамасыз етуге бағытталған «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктерін кеңейту мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», – деді Дәурен Әділбеков.Сенатор сондай-ақ техрегламенттерді уақтылы іске қосу, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тауарларға ерекше бақылау жүргізу қажеттігін және оларды шешу үшін Үкімет пен мемлекеттік органдарға пәрменді шаралар қабылдау маңызды екенін және басқа да бірқатар мәселелерді атап өтті. Дөңгелек үстел жұмысына сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов және салалық мемлекеттік органдардың, бизнестің, Ұлттық аккредиттеу орталығы мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері қатысты.