Солтүстік Қазақстан облысындағы елді мекен атауларының 35,7 пайызы қазақша атауға ие. Өңірде 5 қала және 635 ауыл бар болса, солардың 227-сі ғана ұлттық бірегейлік талабына сай. Ал 300-ге жуық көше, 33 ауыл мен 13 ауылдық округтің атауы идеологиялық тұрғыдан ескірген. «Nur Otan» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының жанындағы Miras қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында осы және басқа да өзекті мәселелер көтерілді.
Солтүстік Қазақстан облысында ономастика саласындағы өзекті мәселелер туралы есеп берген облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдірисов өңірде Қазақстан тарихына еш қатысы және мән-мағынасы жоқ атаулардың әлі де көп екенін мойындады. Оның айтуынша, бұған жергілікті атқарушы органдар тарапынан тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмеуі себеп. «Салдарынан жергілікті қоғамдастық жиналысының күн тәртібіне шығарылған ұсыныстары қолдау таппай жатады. Мәселен, биыл Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 100-ден аса көшені қайта атау бойынша өткізілген жиында тұрғындар 30 көшенің ғана атауын өзгертуді қолдаған. Сонымен қатар Мамлют ауданындағы Краснознамен ауылдық округін және Краснознаменное ауылын қайта атау бойынша ұсынысты тұрғындар қолдамады», – деді Досбол Нұржанұлы. Кеңес мүшесі, жеке кәсіпкер Жомарт Омаров Ресейдің Қорған облысынан Омбы облысына дейінгі күрежолдың бойындағы Солтүстік Қазақстан жерінде бірде-бір қазақша елді мекен атауы жоқ екенін сынға алды. Әсіресе, «күрежолдың бойындағы Чапаев, Ленин, Астрахан ауылдарының атауларын шұғыл түрде өзгерту керек» деген ұсыныс жасады. «Бастауыш сыныпта оқитын ұлым «Чапаев деген кім?» деп сұрақ қойғанда, не деп жауап берерімді білмей, көзімді тайдырып әкеткеннен басқа амалым жоқ. Кейінгі ұрпаққа қандай тәрбие береміз? Қандай тұлғаларды ұлықтаймыз? Облыс орталығының дәл бүйірінде, қалаға кіреберісте тұрған ауылдардың атаулары әлі күнге дейін өзгермегені өзімізге ұят. Шетелдерден келген қонақтар осыны бетімізге басады», – деді Жомарт Жақсылықұлы. Тәуелсіздік жылдарында Сәбит Мұқановтың есімі берілген №32 орта мектеп қайта тіркеуден өткен кезде жазушының есімі алынып тасталғанын кеңес мүшесі Жанат Мұхаметжанов қынжыла жеткізді. Дегенмен ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Тәуелсіздік жылдарында 1 қала, 10 аудан, 14 ауылдық округ, 60 ауыл, 300-ден астам көшенің атауы өзгертіліп, 30 нысанға Қазақстанға танымал тұлғаның есімі берілген. Кеңес мүшелері күні кеше Алаш арыстарының есімдері берілген білім ошақтарының алдына олардың мүсіндерін орнату туралы ұсыныс жасады. Кеңес мүшелері топонимика саласында жұмыс жүргізіп, әр елді мекеннің, орман-көлдердің, төбе-шоқылардың атауларының тарихын зерттеп, кітап шығару керек деген пікірін білдірді. Әрі бұл жұмысқа, сонымен қатар тарихи-этнографиялық экспедицияларға мектеп оқушылары мен Солтүстік Қазақстан университетінің студенттерін тарту керек деген ой айтылды. Оқушы демекші, осы жиында айтылғандай, солтүстік өңірдегі оқушылардың тек 30 пайызы қазақ тілінде білім алуда. Соның ішінде өзге ұлттың 280 өкілі бар. Ал мемлекеттік тілді меңгерген облыс халқының үлесі – 54 пайыз. Биылғы тоғыз айындағы мемлекеттік тілдегі құжаттардың үлесі – 95,7 пайыз.ЕСКЕРТКІШТЕРДІ НАСИХАТТАУ КЕРЕК
Miras қоғамдық кеңесінің отырысында сонымен қатар «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында көрсетілген руханият саласына қатысты бағыттардың орындалу барысы қаралды. Тапсырманы орындау мақсатында Қызыл оба археологиялық ескерткішін танымал ету және дамыту бойынша жұмыстар жүргізілген. Биыл археологиялық ізденістерге жергілікті бюджеттен 784 мың теңге бөлінді. «Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған тарихи-мәдени мұрасының археологиялық объектілерін кешенді зерттеу және музейлендіру» жобасының тізіміне Қызыл оба кесенесі, Байқара археологиялық кешені және Ақ Ирий қалашығы енгізілген. Былтыр Қызыл оба ескерткішін кешенді зерттеу және музейлендіруге республикалық бюджеттен 55 миллион теңге қаржы бөлінген болатын. Осы қаржыға қыруар жұмыс атқарудың сәті түсті. Ең алдымен, өңірдің қатал табиғи-климаттық жағдайына байланысты ортағасырлық сәулет ескерткішіне қорғаныс панасы салынды. «Алғаш рет жүргізілген бұл жұмыс ғалымдар, сәулетшілер, құрылысшылар мен ескерткіштерді қорғау органдарының қызметкерлері үшін бірегей тәжірибе саналатын. Бұл жұмыс ескерткішті кешенді зерттеуді жалғастыруға, табылған бірегей артефактілерді сақтауға, туризмді дамытуға мүмкіндік берді. Осы нысанды музейлендіру Алтын Орда мұрасын зерттеуге ықпал ететін маңызды фактор болады», – деді облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдірисов. Нысанның үстіне жабық ғимарат орнату жұмысы бүгінде аяқталып, ақпараттық стендтер орнатылды. Сондай-ақ 2022 жылы облыстың жарқын және маңызды археологиялық ескерткіштерінің бірі «Байқара археологиялық кешені» сақ ғибадатханасының ашық аспан астындағы мұражай кешенін құру жоспарланған. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 55 миллион теңге бөлінген. Сонымен бірге «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Ботай қонысына ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Бұған республикалық бюджеттен 9,8 миллион теңге бөлінді. Бүгінде «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының визит-орталығы құрылысының тұжырымдамасы бекітілді, инвестициялық жоба әзірленуде. Сапар-орталығының Ботай қонысынан қашықта орналасқан Лобаново ауылында салынатыны қаншалықты дұрыс не бұрыс екені осы кеңесте талқыға салынды. Сонымен бірге кезінде қыруар қаржы құйып, сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің ауылында ашылған мұражайына бүгінде қатынайтын адам аяғы сирек екені айтылды. Жиынға қатысушылар музейдің жәдігерлерін облыс орталығына жеткізу туралы ұсынысын білдірді. Miras қоғамдық кеңесінің мүшелері «Тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау жөніндегі орталық» КММ-нің не қаржысы, не көлігі, не құрал-жабдығы жоқ екенін сынға алып, орталықты қаржыландыру және тиісінше жабдықтау немесе оны археологтері де, тарихшылары да, тіл мамандары да бар Солтүстік Қазақстан университетіне өткізу мәселесін көтерді. Сонымен қатар табылған артефактілерді сатып алуға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту керегі айтылды. Жиын қорытындысы бойынша тиісті мекемелерге ұсыныс жолданды.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы