Бүгін, сенбіде қазақстандық білім беру ұйымдарында бірінші тоқсан аяқталды. Күзгі демалыс 1 қарашадан басталып, 7 қарашаға дейін жалғасады. Екінші тоқсанды білім алушылар 8 қараша күні дәстүрлі, оффлайн форматта бастайды.
Бірінші тоқсандағы білім беру процесі де оффлайн режимде өтті. «І тоқсанда оқушылардың біліміне диагностика жүргізіліп, білімдегі олқылықтардың орнын толтыру жұмыстары жүргізілді. Барлық негізгі пән бойынша күрделі тақырыптар анықталып, оларды игеруге жеке уақыт бөлінді. Балалар мен ата-аналарының қалауы бойынша 62 мыңнан астам оқушы үшін жекелеген оқу пәндері бойынша сабақтар ұйымдастырылды», – деді БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова. І тоқсанда Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы оқушылардың 100%-ға жуығы дәстүрлі форматта білім алды. Аяқталған тоқсанда оқушылардың жалпы санының, яғни 3,6 миллионының 0,04%-ы коронавирус жұқтырған. Сыныптардың жалпы санының 6%-ы карантинге жіберілді. Жаңа оқу жылында 7 мыңнан астам мектепте 3,6 млн бала оқиды. Биыл 394 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 мыңға көп.Айхан ШӘРІП