France Football басылымына 2021 жылғы «Алтын доп» сыйлығының үміткерлері жарияланды. Аталмыш жүлде 29 қараша күні табысталады. Цюрихте өтетін салтанатты рәсімде «Алтын допты» қай футболшы алуы мүмкін?», «Кім жылдың үздік жүлдесіне лайық?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
«Алтын доптан» үмітті 10 футболшы да өз командаларын өрге сүйреп жүрген жандар және шеберлік турасында талас тудырмайтын тісқаққан ойыншылар. Олар – Лионель Месси (ПСЖ), Роберт Левандовский («Бавария»), Жоржиньо («Челси»), Н'Голо Канте («Челси»), Карим Бензема («Реал Мадрид»), Килиан Мбаппе (ПСЖ), Ромелу Лукаку («Челси»), Эрлинг Холанд («Боруссия Дортмунд»), Криштиану Роналду («Манчестер Юнайтед») және Кевин де Брюйне («Манчестер Сити»). Алайда негізгі бәсеке үш мықтының арасында өтері анық. Бұл жолы футбол жанкүйерлерінің басым бөлігі Месси мен Роналдуды осы жолғы «Алтын допқа» лайық емес деп санайды. Керісінше, әйгілі Favbet букмекерлік кеңсесінің сарапшылары жеңіске басты үміткер деп ПСЖ шабуылшысы Лионель Мессиді атап көрсеткен (коэффициент 1,55). Екінші орынға «Баварияның» шабуылшысы Роберт Левандовский жайғасқан – 3,00. Үздік үштікті Италия құрамасының сапында 2020 жылы Еуропа чемпионы атанған және клубпен бірге Чемпиондар лигасын жеңіп алған «Челсидің» жартылай қорғаушысы Жоржиньо (6,00 коэффициенті) түйіндеп тұр. Осы жүлденің бес дүркін иегері, «Манчестер Юнайтед» командасының 36 жастағы шабуылшысы Криштиану Роналдуды сарапшылар 10,00 коэффициентпен бесінші орынға қойған. Бір қызығы, жылдың ең беделді жүлдесін тапсыру рәсіміне бір айдан астам уақыт қалды, бірақ болашақ жеңімпаздың есімі қазірдің өзінде интернеттегі спорттық парақшаларда жүр. Онда польшалық сұрмерген Роберт Левандовскийдің ең көп дауыс жинап, жеңіске жеткені көрсетілген. Дауыс жинау жағынан екінші орынды Лионель Месси, ал үшінші орынды Карим Бензема алған. Мохамед Салах төртінші, Жоржиньо бесінші орынға тұрақтаған. Айтпақшы, Роналду бұл тізімде тоғызыншы орында тұр. COVID-19 індетіне байланысты France Football былтыр «Алтын доп» жүлдесін өткізбеді. Ол кезде көпшілік бұл жүлдеге «Баварияның» шабуылшысы Роберт Левандовскиді лайық деп тапқан болатын.Көпшіліктің көңілінен шыққан спортшы алса
Жалпы, «Алтын допты» жеке көрсеткішпен де, клубтағы жетістікпен де салыстырмаған дұрыс деп есептейтіндер бар. Олар жүлдені миллиондардың көзайымына айналып, футбол жанкүйерлерін қуантып келе жатқан футболшы (мейлі ол қақпашы, мейлі ол қорғаушы болсын) алғаны дұрыс деген пікірді алға тартады. Тіпті, бұл жүлдені құптамайтындар да бар. «Маусымның ең үздік ойыншысына берілетін мәртебелі жүлде «Алтын доп» – жалпы футболға баға беру үшін емес, футболды шоуға айналдыру үшін жасалған жоба» деген еді кезінде атақты футболшы Луиш Фигу. Әр адам сырттай өз таңдауын жасайды. Алайда жүлде иесін дауысқа салу арқылы футбол мамандары таңдайды. Анығын айтқанда, жылдың үздік футболшысын анықтау үшін әлемдегі 200-ге жуық елдің беделді спорт журналисі дауыс береді. Бұған дейін Месси алты рет, ал Роналду бес рет осы жүлденің иегері атанды. Сәкен СЫБАНБАЙ, журналист: – Менің ойымша, биылғы «Алтын доп» жүлдесін алуға үш футболшы мейлінше лайық. Біріншісі – «Баварияның» поляк шабуылшысы Роберт Левандовский. Ол осымен неше футбол маусымы қатарынан әлемдегі үздік шабуылшылардың бірегейі болып келе жатыр. Тұрақты түрде жоғары деңгейде ойнау, бірнеше маусым бойына сол деңгейден еш төмендемеу – майталман шебердің ғана қолынан келер іс. Екіншісі – Жоржиньо. Бір жылда Қарт құрлық футболындағы ең басты екі трофейді жеңіп алу – ерекше табыс. Итальян футболшысы ұлттық құрамамен бірге Еуропа чемпионы атанды, «Челси» сапында Чемпиондар лигасында да жеңіске жетті. Бұдан бөлек, осы қос ұжымда да ол қорғаныс пен алғы шептің арасын жалғайтын алтын арқау ретінде айрықша тиімді ойын көрсетті. Алаңда көре білуі, соңғы сәтке дейін жанталаса қимылдайтын жанкештілігі, қарсыласына қолайсыз, ал командаласына ыңғайлы тамаша пастар бере алуы – сүйсіндірмей қоймайды. Үшінші үміткерім – Мұхаммед Салах. Мысыр сұрмергені бұрын да таңдаулы шабуылшылар қатарында жүргенімен, оның ойыны биыл ерекше түрлене түскендей. Оның жай оғындай жылдам жүйріктігі, қорғаушыдан сытылып, тез ашыла білетіні, екі аяғының бірдей соққыға ептілігі – бұрын да белгілі жайт. Алайда «Ливерпуль» сапындағы Салахтың биылғы тамаша ойыны оның шеберліктің жаңа деңгейіне көтерілгенін білдіреді. Өз ойымша, осы үш сайыпқыран – «Алтын доп-2021»-дің басты үміткерлері. Табиғат АБАИЛДАЕВ, спорт сарапшысы: – Карим Бенземаның көрсеткіші жақсы. «Алтын допқа» осы шабуылшы әбден лайық. Өзі өнер көрсететін командасы «Реал Мадрид» Ла Лигада бірінші орында келеді. Ұлттық құрамасымен Ұлттар лигасын жеңді. Клубтық дәрежеде де, құрама сапында да гол салу мен голдық пас шығарудан алда келе жатыр. Өте еңбекқор ойыншы. Ал егер өткен жылғы еңбекті бағалап, қосымша беру керек болса, онда Роберт Левандовский алуы да мүмкін. Менің таңдауым осы екі футболшыға түсіп отыр. Әли ӘЛИЕВ, ардагер футболшы: – Лионель Месси клубтық деңгейде жарқын жетістіктерге жете алмаса да, құрамасында керемет ойынымен көзге түсті. Америка кубогында тамаша өнер көрсетті. Аргентина құрамасына кубокты жеңіп алуға көмектесті және өзі турнирдің үздік сұрмергені және пас шығарушысы болды. Сонымен қатар үздік ойыншы ретінде танылды. Бұл жеңісінен кейін Мессидің мансабындағы жетінші «Алтын допты» жеңіп алуға мүмкіндігі жоғарылады. Сондықтан аргентиналық шабуылшы бұл жүлдеге әбден лайық деп ойлаймын. Бұл жүлдеден Мессиден бөлек, Роберт Левандовский мен Холланд та үмітті.Абылайхан ЖҰМАШ