Қазақстан отыз жылдың ішінде ордалы елге айналды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздігімізді тұғырлы етті. Мемлекеттілігімізді мығым қалыптастырып, Мәңгілік ел болуға бағыт алдық. Елбасының көреген көшбасшылығымен жеткен дамудың даңғылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сабақтастық саясатымен кемел келешекке ұласып жатыр.
Іргелі реформалардың арқасында қарыштап дамыған Қазақстан қысқа уақытта толағай табыстарға жетіп, қуатты елге айналды. Мемлекетіміздің басты саяси күші «Nur Otan» болса, Елбасы негізін қалаған ұзақмерзімді даму стратегиясының темірқазығы, берік бағдары. Партияның Атырау облысындағы филиалы «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау шеңберінде өңірдің мүмкіндіктерін халықтың игілігіне айналдыру жолында іргелі істер атқарды. Басты партияның сайлауалды уәделер мен маңызды стратегиялық бағдарламалардың орындалуын мұқият жүзеге асырып жатыр.
«Nur Otan» заман талаптарына сай тұрғындардың қажеттілігін зерделеп, соған сай олардың жағдайын жақсартып, өмір сапасын арттыруға күш салып келеді.
ЖЕТІСТІКТЕРІ МОЛ АЙМАҚ
Тәуелсіздіктің ордалы отыз жылында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен барлық салада орасан зор табыстарға қол жеткіздік. Атырау облысының халқы 1991 жылы 433 мың адам болса, 2020 жылы 657 мың адамға дейін өсті. Жан басымыз ғана емес, экономикамыз да қарыштап өсіп, халықтың әл-ауқаты артты. Мәселен, 1993 жылы жалпы өңірлік өнім 0,6 миллиард теңге са, болса, 2020 жылы 7,7 трлн теңгеге жетті. Ал жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім 1998 жылы 226,6 мың теңге болса, 2020 жылы 11 883,2 мың теңгеге жетті. Облысымыз бұл көрсеткіш бойынша республикада 1-орында. Өңірдің ғана емес, еліміздің негізгі экономикалық басты байлығы – мұнай 1991 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда12 есе, ілеспе мұнай газы 35,4 есе артқан. Қазір Атырау облысы инвестиция тарту бойынша республикада көш бастап тұр. Бұл көрсеткіш 2020 жылы 3 179,0 млрд теңгеге жетіп, 1993 жылмен салыстырғанда 12,2 мың есеге өсті. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының көлемі 1993 жылы 62 миллион теңгені құраса, 2020 жылы 872,6 миллиард теңгеге жетті. Өзге де салалардың барлығында қарқынды даму бар.
Бұл жетістіктер – қазіргі мамыражай өміріміздің негізі ғана емес, болашақ дамуымыздың да кепілі. Өңірімізде рет-ретімен іске асырылып жатқан «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы өркендеу қарқынымызға серпін береді.
ПАРТИЯ ПӘРМЕНІНДЕГІ ІРГЕЛІ ІСТЕР
2021 жылдың 1 жартыжылдығында облыстың жалпы өңірлік өнімі 4 595,7 млрд теңге болды. Республиканың жалпы ішкі өнімі көлеміндегі облыстың үлес салмағы – 14,2%. Жан басына шаққандағы ЖӨӨ – 6 961,3 мың теңге.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 5 772,5 млрд теңгені құрап, соның ішінде, тау-кен өнеркәсiбiнде 5 211,7 млрд теңге сомасына өнім өндiрiлді.
Республикалық бюджетке 764,1 млрд. теңге, жергілікті бюджетке 307,2 млрд теңге жиналды. 2021 жылғы қаңтар-маусымда мұнай-газ химия өндірісінің көлемі – 1,7 млрд теңге.
34,1 млн тонна мұнай және 17,8 млрд текше метр ілеспе мұнай газы өндірілді. Өңдеу өнеркәсiбiндегі өнiмнің көлемi – 468,8 млрд теңге. Негізгі капиталға 2 114,4 млрд теңге инвестиция салынды. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 708,3 млрд теңгені құрады.
Бұның барлығы әр атыраулықтың, өңірдің ғана емес еліміздегі азаматтардың партиямыздың сайлау алды бағдарламасына сай, әл-ауқатының артып, мемлекетіміздің одан ары қарқынды дамуына өз септігін тигізеді.
«Nur Otan» партиясының басты мақсаттарының бірі — жұмыссыздық мәселесін жүйелі шешу. Атырау облысы 9 айдың қорытындысы бойынша, жұмыс орындарын ашудан елімізде көш бастады. Мәселен, биыл 18 907 жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыспен қамту орталығы арқылы 20 864 адам жұмысқа орналастырылды.
«Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 29,5 мың адамды қамту жоспарланып, бүгінде 24 348 адам қамтылды. Оның ішінде 13 733 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Сонымен қатар қазір жұмыс берушілердің сұранысын ескеріп, жұмыссыздарды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша оқытуға көңіл бөліп отырмыз.
«Бастау бизнес» жобасы шеңберінде 5 жыл ішінде 150 мың, оның ішінде биыл мың адамды оқыту жоспарланған. Жыл басынан бері 1102 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқыды. Сондай-ақ, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бағытында 266 жас кәсіпкерге мемлекеттік гранттарды беру қарастырылды. 2021 жылға 530 адамға қайтарымсыз гранттар берілді, оның 196-сы жастар.
2021 жылғы 1 қазандағы көрсеткіш бойынша, 1 520 отбасындағы 8 148 адамға 415,6 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.
Партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы жол картасының «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы шеңберінде медициналық-әлеуметтік мекемелерде қарт адамдардың тұру жағдайларына мониторинг жүргізіледі. Облыс бойынша 3 243 қарт пен еңбекке жарамсыз адамға арнаулы әлеуметтік көмек көрсетілді.
9 мамыр қарсаңында Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектерге, концлагер тұтқыны болған жандарға 1 000 000 теңгеден, Жеңіске үлес қосқан тыл еңбеккерлеріне 100 000 теңгеден, тыл еңбеккерлерінің басқа санаттарына 30 000 теңгеден көмек берілді.
Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылып жатыр. Атап айтсам, 2021 жылы 258 әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерін паспорттау және бейімдеу жоспарланып, 9 айда 233 нысан немесе 90,3% бейімделді.
Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру, психологиялық және құқықтық көмек көрсету мақсатында жуырда Атырау қаласында «Отбасын қолдау бөлімшесі» ашылды.
Шетелдік жұмыс күшін тартатын компаниялардағы еңбек заңнамасының сақталуы ұдайы назарда. Тек соңғы екі жылда осы санаттағы 45 кәсіпорын тексеріліп, анықталған бұзушылықтарды жою, соның ішінде, қазақстандық және шетелдік қызметкерлердің жалақыларын теңестіру шаралары істелді.
«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасына сай денсаулық пен білім беру саласына айрықша көңіл бөлінді.
Биыл медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 2141,4 млн теңге бөлініп, 2022 жылы осы мақсатқа 1884,4 млн теңге қаражат жоспарланды. 2021–2025 жылдары 10 нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып, биыл 2 дәрігерлік амбулаторияда осындай жұмыстар жүргізілді.
Жедел жәрдем қызметін санитарлық автомобильдермен және реаномобильдермен қамтамасыз ету үшін 60 автокөлік сатып алынды. Қазір облыстың жедел жәрдем қызметі санитарлық автомобильдермен және реаномобильдермен толықтай қамтылған.
Өңірдің медицина саласын қажетті кадрлармен, соның ішінде ауылдық елді мекендерді жас мамандармен қамту үшін облыс әкімінің 71 гранты бөлінді.
Сайлауалды бағдарламасына сай, апаттық жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін облыс көлемінде 2025 жылға дейін 48 мектеп салу жоспарланған. Қазір 15 мектептің құрылысы жүргізілуде. 2021 жылы 10 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, 2022 жылы 11 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған.
Облыс мектептеріндегі білім беру сапасын арттыру бойынша тың жобаны қолға алдық. «Атырау облысында білім беруді дамытудың «2021-2023 жылдарға арналған жол картасы» әзірленіп, іске асырылуда. Бұл бағытта «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарымен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Айта кетейін, жол картасы тек мектеп шеңберімен шектелмей, оқушылардың, мұғалімдердің, ата-аналардың өзара үйлесімді қарым-қатынасын қамтамасыз етуді көздейді.
Ерекше білімді қажет ететін балаларға да айрықша көңіл бөліп келеміз. Атап айтқанда, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері, педагогикалық-психологиялық-медициналық консультациялар, оңалту орталығы, арнайы білім беретін 3 мектеп-интернат жұмыс істейді. 7 инклюзивті қолдау кабинеттері және 52 арнайы педагог штаты ашылды. 159 жалпы білім беретін мектепте, яғни, 81% ерекше білімді қажет ететін балаларға жағдай жасалған. Болашақта бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Мектепке дейінгі білім – тәрбие жұмысын 206 балабақша және 125 шағын орталық іске асырып отыр. Бүгінде 2-6 жастағы балаларды қамту 75,1%, 3-6 жастағы балаларды қамту – 100%.
ІРІ ЖОБАЛАР — ЭКОНОМИКАНЫҢ ТІРЕГІ
Өңірде 2021-2025 жылдар аралығында 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарладық.
Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыс істеп тұрған субъектілер саны - 51 мыңнан асты. Олар 2021 жылдың қаңтар-маусымында 1 412,5 млрд. теңгеге өнім өндірді. 134 мың адам еңбек ететін саланы одан ары дамыту бағытында ауқымды жұмыстар істелуде.
2021 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 37,3 млрд теңге несиеге 665 жоба қаржыландырылып, жаңа 1564 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2021 жылы 378,1 млн теңгеге 35 кәсіпкердің жобасы қаржыландырылды.
Ауыл бизнесін дамыту мақсатында «Бизнес аймақ» өңірлік бағдарламасы арқылы 12 жоба 81,9 млн теңге қаржылық қолдау алды.
2021 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 1,0 млрд теңге қаражат бөлінді. Оған 238 бизнес жобасын қаржыландыру жоспарланып отыр.
Биыл жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін қайтарымсыз берілетін гранттарға бюджеттен 170 млн теңге бөлінді.
2021 жылдың қаңтар-наурызында жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 17,9% құрады. 2025 жылға бұл көрсеткішті 25,2%-ға дейін көтеру жоспарланған, оған қол жеткізетінімізге сенімдіміз.
«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сай, халық үшін оңтайлы өмірлік орта құрып, бизнеске қолайлы жағдай жасау үшін инфрақұрылымның маңызы зор.
Облыстық маңызы бар «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» автомобиль жолының «Индер-Қарабау» аралығында жол құрылысы жалғасуда, бүгінде 30 шақырым асфальт жабындысы төселді.
Құрманғазы ауданында облыстық маңыздағы «7-разьезд-Асан-Азғыр-Балқұдық-Сүйіндік» жолы жөнделіп жатыр. Ганюшкин ауылындағы жаяу жүргіншілер көпірінің жұмыстары басталды. Ұзындығы 45 шақырымдық «Ақкөл-Қызылоба-Жыланды-4-ші разъезд-Қиғаш» жолын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
Мақат ауданы Ескене елді мекеніне дейін кірме жолды қайта жаңарту жұмысына республикалық бюджеттен қаражат қарастырылды. Ұзындығы 27 шақырым Атырау қаласының Солтүстік айналма автомобиль жолының құрылысына, Құлсары қаласындағы көпір құрылысына жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды.
Елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары жалғасуда. 2020 жылы Құрманғазы ауданының Сүйіндік-Асан-Үштаған ауылдарына 102,9 шақырым су құбыры жүргізілді. Исатай ауданы Амангелді ауылындағы 18,3 шақырым ауылішілік су құбыры іске қосылды.
Биыл Исатай ауданы Аққыстау ауылындағы кәріздік-тазарту имаратының құрылысы аяқталады. Құрманғазы ауданының Алға ауылындағы 3 елді мекенге ауылішілік су құбыры желісі жүргізілуде. Халық үшін ең маңызды тұрғын үй мәселесімен қамту жұмыстары алдағы жылдары жаңаша қарқынға ие болады.
Облыста 2025 жылға дейін 3,5 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. 2021 жылдың 9 айына 646,3 мың шаршы метр 4882 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 41,6%-ға көп.
2021 жылға инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым желілеріне Ұлттық қордан 9,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Жеке тұрғын үй құрылысына 251 шақырым инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Атырау, өндірістік аймақ ретінде әйгілі. Десе де, экономиканы әртараптандыру, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында ауыл шаруашылығын, балық шаруашылығын дамытуға күш салудамыз.
Атырау облысы бойынша 2021 жылы егістіктің жалпы көлемі 9 469 гектарды құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 101,5% болды. Мал басы өсіп, биыл 36,3 мың тонна ет, 55,1 мың тонна сүт, 33,4 млн дана жұмыртқа өндірілді.
Биыл ауыл шаруашылығы саласында біраз жобалар іске қосылды. Атап айтқанда, Атырау қаласында, Индер ауданында, Махамбет ауданында салаға серпін беретін әр түрлі жоба жұмысын бастап, ал Қызылқоға және Махамбет ауданында жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қолжетімді қылып ұстау үшін тұрақтандыру қоры ұдайы толықтырылып отырады. Белгіленген сауда нүктелерінде 15 түрлі азық-түлік тауарларлары нарық бағасынан 15-20 пайыз төмен бағамен сатылып жатыр. Жыл басынан бері облыс орталығында және аудандарда 355 ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізілді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстау жөнінде кәсіпкерлер, тауар өндірушілер және ірі сауда орындары арасында 200-ден астам меморандум жасалды.
Ежелден балық аулау байырғы кәсіп саналатын өңірімізде — балық шаруашылығы саласын дамытуға да басым көңіл бөліп келеміз. 2022 жылы Құрманғазы ауданында заманауи технологиялармен жабдықталған балық цехын салу жоспарлануда. Қазіргі кезде «Каспий Балық» өндірістік кооперативінің 3 балық өңдеу цехы мен 4 мұздатқышының құрылысы аяқталды, тағы үш цехтың құрылысы басталды. Сапалы және таза балық өнімін алу үшін тұйықталған тоғанда 3,5-6 тонна тұқы тұқымдас балық өсіру жобасы жоспарланды. Сондай-ақ 2025 жылға Қиғаш өзені саласынан балық шабағын өсіру үшін тоған шаруашылығын іске асыру көзделіп отыр.
Болашақта балық шаруашылығын облыс экономикасының бір тірегіне, үлкен табыс көзіне айналдыру ойымызда бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында «Еліміздегі экология мәселесі басты назарда болуға тиіс. Әсіресе, ауаның тазалығы айрықша маңызды», – деп атап өткен болатын.
Атырау өңірінде бұл мәселені тұрғындар да жиі көтереді. Сондықтан осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда.
«Nur Otan» партиясы өңірлік филиалының мақсаты да сайлауалды бағдарламаға сай, тұрғындар үшін оңтайлы экологиялық орта қалыптастыру. 2019 жылы атмосфераға 165,0 мың тонна ластаушы заттар шығарылса, 2020 жылы 150,0 мың тонна шығарылып, көлемі 9% азайтылды. Ал, 2021 жылдың 6 айында атмосфераға 71,96 мың тонна ластаушы заттар шығарылды.
Ауа сапасын бақылау жасау мақсатында «Теңізшевройл», NCOC компаниялары, Атырау мұнай өңдеу зауыты Атырау қаласында, Қарабатан өндірістік аймағында, Теңіз кенішіндегі санитарлық-қорғау аумағында 31 автоматтандырылған бақылау стансаларын орнатты.
Атырау қаласының сол жағалау бөлігіндегі кәріз-тазарту құрылғысының құрылысы аяқталды. Биыл Атырау қаласының оң жағалау бөлігінде кәріз-тазарту имаратын қайта жаңғырту жұмыстары басталды.
TAZALYK жобасын іске асыру барысында Атырау мұнай өңдеу зауытының қолданыстағы механикалық және биологиялық тазарту қондырғыларын жаңғырту, «Тухлая балка» булану алаңын қалпына келтіру (рекультивация) қолға алынды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2021 жылдың тамыз айында басталған нысанды 2023 жылы аяқтап, іске қосу көзделіп отыр. Келесі жылы «Квадрат» буландыру алаңын тазалау жұмыстарын қолға аламыз.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату бойынша үлкен жұмыстар іске асырылуда. 2021 жылдың 9 айында барлығы 143,7 мың тонна қоқыс жиналып, оның 25,6 мың тоннасы сұрыпталып, сұрыптау үлесі 17,8 % құрады. Жыл аяғына дейін 21%-ға жеткізу көзделіп отыр.
Инвестор тарту арқылы Атырау қаласының оң жағалау бөлігі үшін қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынады. Құрылыс жұмыстары осы жылдың желтоқсан айында аяқталмақ.
Атырау қаласының сол жағалау бөлігінде қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешені мен полигон құрылысын салуға жер учаскесі бөлінді. Бұл инвестициялық жобаның жұмыстары келесі жылы басталады.
Жылыой ауданында да «Жылыой Тазалық», «Эко Қала XXI» кәсіпорындарының қатты тұрмыстық қалдықтарды полигондарын сұрыптау кешендері іске қосылды. Атырау қаласында қабылдау пункттері ашылып, жұмыс істеп жатыр. Аудан орталықтарында да сұрыптау кешендерін салу жұмыстары қолға алынды.
Қаладағы жаңа полигондар құрылысы аяқталып, іске қосылғаннан кейін, қолданыстағы ескі полигон қалпына келтіріледі.
Облыстың жасыл аймағын ұлғайтудың өңірлік жоспары жасақталып, елді мекендерде 2025 жылға дейін 540 мың ағаш көшеттерін отырғызу көзделген. Соның ішінде 2021 жыл 48 гектарға 86 мың ағаш егу жоспарланып, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Өңірдегі негізгі тұщы су көздері Жайық және Қиғаш өзендерінің гидрологиялық режимін жақсарту, сулылығын арттыру, сондай-ақ, балық қорын арттыру мақсатында түп тереңдету және тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде аталған өзендердің 152 шақырымы тазартылды, жылдың аяғына дейін Қиғаштың тағы 17 шақырымы тазартылады. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Жайық өзені бойынша 2022-2024 жылдары 51,5 шақырымында, Қиғаш өзені бойынша 2022-2026 жылдары 243,5 шақырымында түп тереңдету жұмысын жүргізу көзделіп отыр.
РУХАНИ САЛА БАСТЫ НАЗАРДА
«Nur Otan» партиясы руханияттың дамуына да айрықша қолдау көрсетіп келеді. Өңірдің тарихын зерттеу мақсатында биыл Мақат ауданындағы «Тас кешу» керуен-сарайына, Құрманғазы ауданындағы Құдайберген қорғандарына археологиялық ғылыми-зерттеу және қазба жұмыстары жүргізілді.
Ауылдың мәдениет саласын дамыту бағытында 1 мәдениет үйінің құрылысын желтоқсанда аяқтаймыз. Тағы бір мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді.
Өңірдің көрнекті тұлғалары дәріптеліп, Д.Нұрпейісоваға, Исатай Таймановқа, Халық әртісі Рысбай Ғабдиевке, дәулескер домбырашы Қаршыға Ахмедияровке арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Күні кеше ғана Атырауда отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен үш күндік «Ұлық ұлыс — Алтын Орда» атты ғылыми-практикалық халықаралық конференция өтті. Терең тарихымызға қатысты талай тың деректер айтылып, іс-шараға қатысушылар көне қала Сарайшыққа барып, тарихи мәліметтерге қанықты.
Латын графикасын қолданысқа енгізу, этносаралық қатынас тілі ретінде мемлекеттік тілдің рөлін күшейту бағытында жұмыстар істелуде. Өңірдегі діни ахуалды жақсарту мақсатында қажетті теолог-мамандар тартылып, қазір облыста 27 теолог маман істеп жатыр.
Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай 2021-2025 жылдарға арналған Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қабылданды. Маңызды құжат облысымыздағы жылдар бойы келе жатқан проблемаларды шеше отырып, өңірдің жаңа серпінмен дамуына, тұрғындардың әл-ауқатының артуына жол ашады.
Жалпы, халық «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасының сапалы орындалуын, нақты жұмыс, көзге көрінер нәтиже күтеді. Жергілікті билік органдарының қызметі де осыған бағытталып жатыр.
Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ,
«Nur Otan» партиясы
Атырау облысы филиалының төрағасы,
Атырау облысының әкімі