Жошы ұлысы зерттеледі
Жошы ұлысы зерттеледі
436
оқылды

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына орай Атырауда өткен «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» халық­аралық тағылымдық шара өз мәре­сіне жетті.

Атырауда екі күнге созылған  халық­аралық ғылыми-практикалық конференцияда Алтын Ордаға қатысты тың тарихи зерттеулер мен келешекте жүзеге асуы жоспар­лан­ған жұмыстар айтылды. Ұлы Жібек жолы бойындағы Ал­тын Орда астанасы болған Сарай­шық ауылында этноауыл құрылып, тақырыптық көрме­лер, қолөнер­шілердің шеберлік сағат­тары, жәрмеңкелер ұйымдастырыл­ды. Сарай­шық төсіндегі көрмеге Арал­төбе және Миялы қорғанынан табылған алтын сауытты батырлар, көне жәдігерлер, бес қару, 90-ға жуық еліміздің белгілі тұлғалардың  домбыралар коллекциясы қойыл­ды.

Мерейтой далалық семинармен аяқталды

Алтын Орданың 750 жылдығы «Қазақ­стан­ның батыс өңіріндегі алтынордалық қалалар, көне керуен жолдары және керуен-сарайлар: пәнаралық зерттеулер (ХІІІ-ХV ғғ.)» ғылыми жобасы аясында Сарай­шық­тан 20 шақырым қашықтықтан жаңадан анықталған Ұлық ұлыстық мекенде, архе­о­лог­тердің «Ұлық ұлыс керуен жолдары: Сарайшықтан Еділ бойындағы сарайларға дейін» тақырыбында далалық семинарымен аяқталды. Далалық семинарға Қазақстан­дағы керуен жолдары мен керуен сарайлар бойынша маман, археолог, тарих ғылым­дарының докторы,  профессор Мадияр Елеуов, археолог-ғалымдар Амантай Исин, Мұқтар Қожа,  Марат Касенов, археолог, PhD докторы Айбар Қасеналин,  археолог Сырым Есен, Атырау облысы Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Мұхамбетқали Кипиев пен жергілікті ғалымдар мен археологтер қатысты. Семинарда көрмеге мекеннен табылған қыш ыдыс түрлері, сәндік әшекей бұйым­дар, Өзбек ханның күміс дирхемі, Өзбек және Жәнібек хандарға тиесілі мыс пұлдар қойыл­ды. Ғалымдар бұл жерде XIV ғасырда сауда керуендері тоқтайтын керуен сарайы болған деп болжайды. – Осы жылдың маусым айында архе­ологиялық қазба жұмыстарын бастадық. Ащысай өзенінің жаға­сын­да керуен сарайы, халық тұратын тұтас бір елді мекен болғанын дәлел­дейтін жәдігерлерді таптық. Көріп отырғанымыздай, көне құмыра­ның сынықтары мен қыш ыдыстар барлық аумақта кездеседі. Археологиялық жұмыс­тар енді ғана басталды, біз бұл аумақты зерттеп, қазба жұмыстарын жүргіземіз, – деді Атырау облыстық тарихи-мәдени қорық-мұражайының бас инспекторы Айбек Тұрарұлы. Жер бетінде табылған жәдігер­лер­ді көріп, жер аумағын барлап көрген тарих ғылымдарының докторы,  профессор Мадияр Елеуовтің айтуынша, бұл жерде ортағасырлық елді мекен болғанына дау жоқ. – Ащысай өзенінің сол жағында орна­ласқан елді мекен. Оның көлемі мен қай ғасырда екенін анықтау келешекте атқа­рылатын жұмыстар­дың нәтижесімен белгілі болады», – деді. Ғалымдар көне керуен сарай орнын Қазақстанның тарихи-мәдени құндылықтар тізіміне енгізуді ұсынды.

Арнайы ғылыми институт құрылады

Бұл туралы «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» халықаралық ғылыми-прак­тикалық конференциясында Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғамбетов мәлім етті. Оның айтуынша, Жошы ұрпақ­тары билік құрған тарихи дәуірді зерттеумен айналысатын Жошы ұлысын зерделеу ғылыми институтын құру туралы Үкімет қаулысы қабылданды. Жаңадан құрылған институтқа еліміздегі Алтын Орда тарихын зерттеумен айналысып жүрген жетекші ғалымдардың әлеу­еті шоғырланатын болады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Тәуелсіз­дік бәрінен қымбат» атты мақа­ласында атап өткен Қазақстан­ның тарихын жаңа жүйелі түрде зерттеу қажеттігі туралы ойды министрлік үшін негізгі бағыттың бірі ретінде таңдап,  Қазақстанның тарих ғылы­мын дамыту тұжырым­дама­сын, Қазақстан тарихы бойынша үлгілік оқу бағдарламасын, мектептерде тарих пәнін оқыту әдістемесін әзірлеу, сондай-ақ Қазақстан тарихы бойынша жаңа академиялық басылымды және базалық мектеп оқулығын даярлауды бекітсе керек. Сонымен бірге  Асхат Аймағамбетов ғалымдар Алтын Орда тарихын зерттеу бойынша гранттық және нысаналы-бағдар­лама­лық қаржы­лан­дыру шең­берінде 15-ке тарта ғылыми жоба жүзеге асырып жатқа­нын айтты. «Ғалымдар «Жаңа дерек­көздерді аудару және Алтын Орда­ның этносаяси тарихын зерттеу» ғылыми бағдарламасын жүзеге асыруды бастады. Бағдарламаның мақсаты – Жошы ұлысы­ның этносаяси тарихын Қазақ хандығының тарихи бастамасы ретінде зерттеу. Халық арасында Алтын Орда тарихы туралы кәсіби ғылыми білімді насихаттау», – деді министр. Сондай-ақ ол Атырау жерінде Ұлық ұлыстың астаналарының бірі  Сарайшық бар екенін атап өтті. Онда Алтын Орда хан­дары­ның біразы таққа отырған. «Сарайшық­та Ұлыс Жошының бірқатар хандары, Ноғай ордасы­ның бектері, сондай-ақ Қазақ хан­дығы­ның жекелеген хандары жерленген. Сарайшық – тарихымыздың сим­вол­дық астанасының өте маңыз­ды құрамдас бөлігі. Сарай­шық­тың мәдени мұрасын, тарихын жан-жақты сақтап, зерделеуіміз қажет. Бүгінде Ұлық ұлыстың тарихын жан-жақты және жүйелі түрде зерттеу жұмыстары жүргізілуде», – деді Асхат Аймағамбетов. Алтын Орда – алты Алаштың тарихы. Еліміз дербес мемлекет ретінде осы мыңжылдыққа татитын мұраға ерекше назар аударып отыр. Сондықтан Алтын Орда туралы сөз даңғаза мақтан, жалған кеудем­соқтық болмауы үшін Атырауда өткен іс-шаралар негізінде нақты шешім қабылдануы тиіс. Бұл – ХХІ ғасырдағы дәуір жүгін артқан оқиға.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы