2020 жылы бабамыз, ұлы ойшыл, энциклопедист-ғалым Әбу Насыр әл- Фарабидің туғанына 1150 жыл толуын әлем атап өтті. Мың жылдан астам бұрын өмір сүрген бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабидің қасиетті рухын, телегей теңіз ақыл-парасатын, еңбектерін ұрпағы бізбен қауыштыру, оның Отаны Қазақстан екенін бүкіл әлемге паш ету – бірегей ғұлама Ақжан Машановтың (Әл-Машанидің) ғана қолынан келді. Бабамыз әл-Фараби еңбектерін зерделеудің негізін қалаған, Фараби дәуіріндегі және қазіргі ғылым арасын жалғайтын жібек жіпті тауып, оны біздің қолымызға ұстатып кеткен ғалым әл-Машани еді.
Қазақ халқы ХХ ғасырда көптеген ғалымды өмірге әкелді. Солардың арасында Қ.Сәтбаевпен өмір жолын бірге бастаған, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының іргетасын қаласқан және оның корреспондент-мүшесі, республика ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, профессор Ақжан Жақсыбекұлы Машановтың алар орны ерекше. А.Машановтың ғылыми дүниетанымы тек қана геология мен тау-кен ісі ғылымдарымен шектелмейді. Ол – Шығыстың ұлы ойшылы Әбу-Насыр әл Фарабидің мұрасын зерттеудің негізін салған тұлға. Әйгілі ғалым тау- кен ғылымы саласындағы көптеген озық жетістіктердің ашылуына, жаңа алтын кен орындарын ашу, іргелі ғылымдар тарихын зерттеу, ғылыми-техникалық білім насихаты, қазақ тілінде геология, тау-кен ғылымдары бойынша оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеп, шығару сынды іс-шаралардың тікелей ұйытқысы болды. А.Машанов – тарих қойнауына үңіліп, ерлік жасаған жан. Онсыз да өз тарихынан қорыққан адамдарға ол Шам елінен әл-Фараби бабамыздың рухын және еңбектерін әкелді. Ол күндіз-түні еңбек етті, бүкіл әлемге әл-Фарабидің Отаны Қазақстан екенін дәлелдеген жан. А.Машановтың осы қажымас қызметінің арқасында әл-Фараби өз Отанына оралды, оның арқасында ҚазҰУ әл-Фараби есімін иеленді. Әл-Фараби жылына арналған іс-шаралардың бірі 2020 жылдың 14-15 мамырында ҚазҰУ де өткен «Әл-Фараби мұрасы» атты халықаралық онлайн конфереция еді. Оған Орталық Азияның барлық елдерінен, Ресей, Еуропа мемлекеттерінен және өзге де шетелдерден ғалымдар қатысты. Сол жиында Финляндия ғалымы Сирус Василеус «Пандемия кезіндегі әл-Фараби философиясы» деген тақырыппен Фарабидің медициналық трактаттары бойынша баяндама жасағаны бар. Баяндамашының «бүгін халықтың осындай дағдарысқа ұшырап отырғаны әлем өзінің үйлесімін жоғалтқандығынан...» дегені маған ерекше әсер етті. Сол кезде «Медицина ғалымдары осылай деп жатқанда, біз әл-Машанидің шәкірттері, тау-кен, геология ғылымы саласының мамандары бүгін «жер қойнауының үйлесімі жайлы не айтар едік?» деген ойға қалдым. Ал ұстазымыз Ақжан Машани жер қойнауында да үйлесім болатынын 55 жыл бұрын жазып кеткен еді. Енді Ақжан әл-Машани сонау 1965 жылы «Жер қойнауының үйлесіміне» (Жер қойнауының гармониясына) қалай келгеніне тоқталсақ, ол әл-Фараби еңбектерін зерделеуден бастау алған. Әл-Фараби сауатын Отырар қаласында ашқанымен, одан әрі тынымсыз ізденіп, Бағдат, Шам, Халеб қалаларында, Мысырда білімін жетілдірген. Ілімін жиһанкездікпен ұштастырған ғалымның арнайы ат басын тіреп, ғылыми ізденісін молықтыра түскен бір мекені – Мысыр елі. Тарихи деректер көрсеткендей, Мысырға сапар шеккен Әбу Насыр өзінің Бағдад қаласында бастап, Шамда біраз толықтырған «Мемлекеттік саясат» трактаты мен атақты «Қайырымды қала тұрғындары көзқарастары» еңбегіне қосқан бөлімдерін дәл осы Мысырда кемелдендіріп, тәмамдаған. Мысырға барғанда әл-Фараби бабамыз, ғаламның жеті кереметінің бірі саналатын, бұдан 5 мың жыл бұрын салынған және бүгінге дейін жеткен Мысыр пирамидаларының орнықтылығын зерделеген. Пирамидалардың негізіне мысырлықтардың «Алтын тік бұрышты үшбұрыш» деп аталатын, қабырғалары 3:4:5 тең тік бұрышты үшбұрышы салынған. Біздіңше, бұл – Пифагор теоремасы. Мысыр пирамидалары көне 60-тық жүйемен есептелген. Алпыс дегеніміз, мына 3-4-5 – үш қатар тұрған санның көбейтіндісі. Алпыс дегеніміз – бір градустың немесе бір сағаттың (60 минут, 60 секунд) алпыспен есептелгені. Шеңбердің өзі 360 градус. Сондықтан қажетті сан 10 емес, 60 болған. Үш пирамида орналасқан Гиза платосының топографиялық картасын 1994 жылы француз профессоры Ж.Корнзел жасаған. Картадан олардың бір қабырғаларының меридиандарға бағытталғанын байқауға болады. Пирамида табанының қабырғалары меридиандар мен параллельдерге сәйкестігін және де үш пирамиданың да солтүстік-шығыстан оңтүстік батыс жаққа бағытталған бір түзудің бойында орналасқанын, сонымен қатар пирамида ішіне кіретін есіктің құбыла жаққа (Меккеге) қаратылып салынғаны бүгінде мәлім болып отыр. Бұлайша орналастырудың да өзіндік сыры бар екенін, бір үйлесімділік жатқанын байқауға болады. Әл-Фараби өзінің «Математикалық трактаттарында» Мысыр пирамидаларындағы «Алтын үшбұрышты» «Алтын қимамен» байланыстырады да, құрылыста, архитектуралық ансамбльдерде, адам денесінде, медицинада, музыкада, табиғаттың өзінде үйлесімділік (гармония) болу қажеттігін дәлелдеген. Ақжан атамыз әл-Фараби еңбектерін түпнұсқасында оқу үшін 60 жасқа таянған шағында араб тілін игерді, сөйтіп, ол әл-Фарабидің айтқандарына көз жеткізді. Ұстазымыз Ақжан әл-Машаниді «Алтын тік бұрышты үшбұрыштағы» 51°50' және 38°10' бұрыштар қызықтырды. Себебі ол тау жыныстарының пішіндерінде (параллепипед, ромбы және т.б) жиі кездесетін бұрыштар. Әл-Машани осылардың тау жыныстарының жиі кездесетін ішкі үйкеліс бұрыштарына сай екендігін, яғни жер қойнауының да өзіндік үйлесімі бар екендігін дәлелдеді. Жер қойнауы көптеген заңдылықтарға толы табиғи лаборатория екені мәлім. Солардың бірі тау жыныстардың жарықшақтар әсерінен әртүрлі құрылымдық блоктарға бөлінетіні және ол блоктардың жер қойнауында бір заңдылықпен пайда болатыны. Мәселен, сазды тақта тастар блоктарының өлшеулері 2x3 см-ден 15 х 20 см-ге дейін, ал пішіндері пластинка тәрізді жұқа болып келеді және де қабыршақталып бұзылады. Доломиттер сүйір бұрышты параллелепипедтерге бөлінеді, өлшемдері 4x5, 15 х 70 см аралығында. Ал шақпақ тасты тау жыныстары ромбы тәрізді ірі блоктарға бөлінген, өлшемдері 50 х 70 см-ге жетеді. Бұл мәліметтер әл-Машанидің «Геомеханика» монографиясында және шәкірттерінің еңбектерінде толық берілген. Сөйтіп, ұстазымыз А.Машанов 1965 жылы Алматыда өткен одақтық тау жыныстарының механикасы конференциясында «Жер қойнауының гармониясы (үйлесімі)» атты баяндама жасады және ол үлкен жаңалық болды. Бұл жаңа теория мақала болып Қазақстанда және «Маркшейдерия» ғылымының отаны Германияда жарияланды. Онда жер қойнауында жарықшақтардың таралу заңдылығы, құрылымдық блоктардың бұрыштары белгілі «алтын қима» заңдылығына сәйкес келетіні дәлелденді. Тау жыныстарының құрылымдық ерекшеліктерін жан-жақты зерделеу нәтижесінде жарықшақтардың жер қойнауында пайда болуы мен таралуының өзіндік заңдылықтары бар екендігіне және де тау жыныстарының деформациялануы сол заңдылықтармен тығыз байланыстылығына ұстаз көзін жеткізді. Ірі кен орындары мен бассейндердегі деформациялар бағытын және шоғырланған жерлерін болжаудың «алтын қимаға» негізделген «Тау жыныстары блоктарынан тау қыртысына дейін» деп аталатын әдістемесі ғылыми-зерттеу тәжрибесіне ұсынылды. Сөйтіп, жартасты-жарықшақты тау жыныстарының жылжу параметрлері мен заңдылықтарын болжаудың бұл әдістемесі Қаратау фосфорит бассейні және Ақбақай, Ақжал, Жезқазған кен орындарында өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің нормалық құжаттарын даярлауға негіз болды. Бұл жұмыстардың барлығын Машанов ғылыми мектебінің ұжымы жүзеге асырып отырды. Ғылыми мектептің негізін қалау және оған басшылық ету – ғалымдар арасында сирек кездесетін жағдай. Ғұлама ғалым А.Машанов қысқа мерзім ішінде маркшейдерлік іс кафедрасының ғылыми потенциалы негізінде және өндірістен талантты жастарды ғылымға тарта отырып, өзінің ғылыми мектебін құрды. Әл-Машанидің жетекшілігімен геомеханика ғылымы саласында ғылым кандидаттары мен докторлары даярланды және олар бүгінде мектептің ғылыми дәстүрін жалғастыруда. Бұл – Машанов ғылыми мектебінің тұрақты қалыптасқаны мен өміршеңдігінің куәсі. Ұстазымыз Ақжан Машановтың осындай ізденіс жолы жетістіктер мен жеңістерден құралған жоқ. Өкінішті күндері, жаланың жара салған кезеңдері де болды. Фараби мұраларын іздестіру кезінде ирандық профессор Ф.Реза әл-Фарабиді өз отандасы десе, өзбек академигі М.Хайруллаев – өзбек, түркмендер өз жағына тартып, меншіктеп жүрген болатын. Осыған қарамастан А.Машанов әл-Фараби мұраларын іздеп-тауып, оларды қазақ, орыс тілдеріне аудару мәселесін Қазақстан ҒА президенті Қ.Сәтбаевтың алдына қойды. Қ.Сәтбаев сол стереотипті бұзып, ҒА жанынан ұлы баба мұраларын зерттеуді және қолдағы еңбектерін қазақ, орыс тілдеріне аударуды қаржыландыруға рұқсат берді. А.Машанов қызу жұмысқа кірісіп кеткен-ді. А.Машанов әл-Фараби жайлы алғаш 1943 жылы естіген. Ұлы Отан соғысы басталып, КСРО-ның қоршауда қалған батыс және солтүстік аймақтарынан Қазақстанға келген көптеген ғалымдар Қ.Сәтбаевтың қамқорлығына бөленгенін, баспана беріліп, жұмысқа орналасқан-ды. Солардың бірі, соғыс жылдары Алматыда тұрған, атақты ғалым, математик, философ, Эрнест Кольманның КСРО ҒА қазақстандық филиалында «Орта Азия ғалымдарының бүкіл дүниежүзілік ғылымның дамуына қосқан үлесі» тақырыбындағы баяндамасы жас ғалым А.Машановқа ерекше әсер етті. Ол кісі шығыс мәдениетін жақсы білетін ғалым екен. Баяндамашы орта ғасырда ғылымды дамытуға ықпал жасаған әл-Хорезми, әл-Фараби, әл-Бируни, әл-Жаухари, әл-Хуттали, әл-Ферғани, Ибн Сина, Омар Хаям, Ұлықбек тәрізді Орта Азия ойшылдарын ерекше ілтипатпен айта келе, барлық ғалымдарының шыққан тегі-жерлері белгілі (мәселен, Хорезм, Ферғана), тек Фараб деген жер атын кездестіре алмағанын айтқан. Кольманмен кездесуден кейін Машанов ғылым тарихын және оны Қазақстандағы тау-кен ғылымымен байланыстыра зерделеуді мақсат етті. Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылыми-зерттеу институтында қызмет атқара жүріп «Қазақстандағы көне кен қазбалары», «Жер бетінде тіршілік қайдан пайда болды?», «Жер сілкіну», «Жер сыры» атты кітаптар, басқа да еңбектер жазып, ғылым тарихын зерттеп, әл-Фараби жайында деректер жинай бастады. Түрлі іссапарлармен жүріп, Мәскеудегі Ленин атындағы кітапханадан географ-ғалым ибн Хаукалдың Түркістан өлкесінің картасы бар кітабын тауып, онда Отырар – Фараб қаласы Әбу Насыр әл-Фарабидің отаны екені жайлы дерекке көз жеткізген. Әл-Фарабидің замандасы, Дамаскіде бірге өмір сүрген ибн Хаукал А.Машановқа жаңа бағыт көрсетті, жаңа жол ашты. Әл-Машани ұстазымыздың бұдан 55 жыл бұрын жарық көрген «Жер қойнауының гармониясы» атты еңбегі бүгінде жалғасып жатыр ма? Қазір тау-кен кәсіпорындары жер қойнауын игерудің өндірістік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әл-Машанидің геомеханика саласындағы идеяларын жүзеге асыруда. «Елу жылда ел жаңа» демекші, бүгінде тау-кен, металлургия кешендері алдында жер қойнауы үйлесіміне байланысты жаңа маңызды мәселе туындады. Ол – экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі, яғни табиғат мен кәсіпорындар арасындағы үйлесімдікті сақтай алмай отырғанымыз. Ұстазымыздың көзі тірі болса, бұл жайлы айтары сөзсіз еді. Қазақстанның жер қойнауы пайдалы қазбаларға толы екені баршаға белгілі. Біздің жер қойнауымызда Менделеев таблицасының 110 элементінің 99-ы бар екені баршаға мәлім. Қазақстан абсолютті ресурс қоры жағынан және оларды әр адам басына шаққанда әлемде алдыңғы орында. Міне, осындай аса бай минералдық-шикізаттық табиғи ресурстарымызды академик Қ.Сәтбаевтың басқаруымен тиімді пайдаланудың арқасында экономикамыз нығайды. Сол жетістіктің нәтижесінде бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның негізгі қазынасы кен байлығы болып отыр. Қ.Сәтбаевтың: «Шығыста – Алтай алабы, оңтүстікте –Каратау, орталық Қазақстанның кенді жотасы, батыста – Маңғыстау түбегі, міне, осының бәрі, кен байлықтың сарқылмас көздері», – деп үлкен пафоспен, зор шабытпен, сонау 1940 жылы айтқан сөзінің өзінен қазақ даласы байлығының исі аңқып тұр емес пе?! Біз оларды қазып алып жатқанымызда, кен қорларымыздың қайтадан орнына келмейтінін, олардың сарқылатынын ұмытқандаймыз. Тау-кен кәсіпорындарының қалдықтары қоршаған орта компоненттерінің (атмосфераға, литосфераға, гидросфераға, жердің қойнауына) барлығына зақым келтіріп жатқаны, экологияның бұзылуы, тұрғындар арасында түрлі аурулардың көбеюіне себеп болып жатқаны белгілі. Әл-Фараби өзінен бұрынғы ұлы ғұламалардан өзгеше, білім мен тәрбиенің бірлігіне ерекше мән берген. Ол «Тәрбие мен білім – жас ұрпақтың қос қанаты. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп көрегендікпен ескертті. Қоршаған табиғи ортаның, рухани ортаның бұзылуы адам мен табиғатты экологиялық дағдарысқа алып келіп отыр. Минералды-шикізат қорлары мен тау-кен және металлургиялық кешендердің өндірістік қалдықтарын пайдалану тек Қазақстанда ғана емес, барлық экономикасы дамыған елдердің көкейкесті мәселелерінің бірі. Әсіресе, кәсіпорындардың қалдықтарын екінші қатардағы шикізат ретінде қарап, іске асыру, яғни қалдықтардан тауарлы өнімдер шығарудың маңызы өте зор. Мұның барлығына қол жеткізсек, жетекші фактор – біздің ерік-жігерімізді, күш-қуатымызды, табандылығымызды, білімділігімізді дәлелдей түседі. Бұл – бізге даму есігін айқара ашуға мүмкіндік беретін «алтын кілт». Бұдан 55 жыл бұрын жазылған «Жер қойнауының үйлесімдігі» атты еңбегінде Ақжан әл-Машани, Қазақстан жерінің кең-байтақ даласына, жерінің қойнауындағы байлығымызға құрметпен қарау, қорғау, үнемдеу өзіміз үшін, алдағы болашаққа нық сеніммен қадам басу үшін керек екенін бізге жазып, мұра қылып кеткен. Ол – байлық көзі, тіршілік нәрі, ұлттық ұғым-түсінігіміздің негізі. Ендеше, тіршілігіміздің көзі болып отырған Жерді және оның қойнауын сақтау– біздің ұлттық міндетіміз. Осыған орай, айтарым Қазақстанда көп жылдан бері жиналып қалған, тау-тау болып үйіліп жатқан өндіріс қалдықтарынан табиғатты тазалаумен қатар, адамдар өй-өрісімізді, жанымызды, арымызды, психологиямызды тазартуымыз керек. Қоғамды өзгерткіміз келсе, бірінші өзіміз түзелуіміз қажет. Есігіне «Геометрияны білмейтіндер кірмесін» деп жазылған Платон академиясы сияқты, «Жер қойнауының гармониясын сақтай алмайтындар тау-кен ілімі мен ғылымының ордасында кірмесін» демекпіз. Дана халқымыздың «Жақсы адам – қазына» деп тектен-текке айтпаса керек. Сондай қазыналы адамдардың бірі емес, бірегейі ұстазымыз А.Машанов өміріне көз жіберсек, парасатты, мағыналы ғұмыр кешкенін байқауға болады. 1975 жылы академик Евіней Арыстанұлы Бөкетовтің мерейтойында академик Зейнолла Қабдолов «Евіней Бөкетовтің алдында қос рельстей қатар тартылған екі тарам жол жатты: ғылым жолы, әдебиет жолы. Ол екеуін де алалаған жоқ, қатар басты» деген болатын. Міне, сол сияқты, бізге 1958-1959 оқу жылынан бастап кен геометриясы пәнінен дәріс оқи бастаған Ақжан Машанов та екі ғылыми бағытты (тау-кен, геология саласы және тарихты зерттеу саласын) қатар алып келе жатқан жан екен. Ол кісі сол кезде геология мен маркшейдерияны үйлестіре отыра, Қазақстанның көптеген кен орындарында жер қойнауының геологиялық құрылымын математика-механика әдістерінен зерттеп, тау-кен ғылымында жаңа геомеханика әдісін батыл қолданып жүрді. Сабақ беру барысында Ақжан Жақсыбекұлы кен геометриясы пәнінін объектілері, мақсаттары, тәсілдері жайлы өте ұғымды, терең мағыналы, студенттердің көкейіне қонатын сөздер қозғады. Сабақ үстінде байқағаным: ол кісі асықпай сөйлеп, сөздерін тайға таңба басқандай айтады екен, кезі келгенде қазақша да түсіндіріп тұжырымдайды екен. Үзіліс уақытында да ешқайда кетпей, арамызда болып, біздің қойған сауалдарымызға жауап беріп, өндіріс-тәжірибе жұмыстарынан тартымды әңгімелер айтып, бірден өзіне тартты. Бір жылдан кейін диплом қорғадым, институт директоры О.Байқоңыров Ғылым академиясынан аспирантураға бір орын сұрап алып, мені кафедраға қалдырды. Сөйтіп, 1960 жылы ҚазПТИ-дың Маркшейдерия кафедрасының меңгерушісі, Қазақ ССР Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, профессор А.Машановтың менің ғылыми жетекшім болып тағайындалғаны, мен үшін зор бақыт болды. Сол жылдары ұстазым А.Машанов құстың қос қанатындай, екі ғылыми бағытта жұмыс атқарды. Олар: геомеханика ғылымының тылсым сырларын және әл-Фарабидің ғылыми мұраларын зерттеу болды. Мамандығы тау-кен инженері-геолог бола тұра өзіндік геомеханика ғылыми мектебінің іргетасын қалауы қалыпты жағдай еді. Ал әл-Фараби есімін алғаш естуі, Ұлы баба мұрасын зерттеуді қалай бастағанын, әл-Фарабиді Шығыстың Аристотелі деп атағаны жайлы әңгімелерін біз студент кезімізден ұстазымыз А.Машановтан естіп жүрдік. Бізге, аспиранттарға Қаратау бассейні карьерлері мен кеніштерінде геомеханикалық зерттеулерді жүргізуді, жер қойнауының тылсым сырларын ашуды үйрете жүріп, Орта Азияның әл-Бириуни, әл-Фараби, Ұлықбек сынды ғалымдарының еңбектерін құлағымызға құя беретін еді. Міне, сол студент кезімнен бастап Фараби бабамызды біле бастадық. Ал Ақжан Жақсыбекұлының педагогикалық тәжірибесі де шексіз еді. Жастарға жоғары білім беріп, оларды бүгінгі дәуірге сай жан-жақты білімді, мәдениетті маман етіп тәрбиелеу біздің парасатты борышымыз екенін айта келе: «Студенттердің көңілін қалдырып, сағын сындырмаңдар, кемшіліктерін жекіп, сөзбен емес, көзқарастарыңмен білдіргейсіңдер. Алдарың өте қайымды, туған анасындай-ағасындай болғандарың жөн», – деді. Міне, көрегендік, ұстаздық деген осы емес пе ? Ұстаздан дәріс алмайтын, үйренбейтін кім бар ? Ұлы да, ұлық та ұстаз алдында өтеді. Әл-Машанидің 100 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту туралы ҚазҰТУ-дың сол кездегі ректоры Д.Сүлеев жолдаған хаттың, сол кездегі Президент әкімшілігінің басшысы И.Тасмағамбетовтің қолына тиюі және сол жылдары ЮНЕСКО-да қызмет атқарып отырған, Ақаңды жақсы білетін ақын О.Сүлейменовке жетуі шәкірттер үшін зор қуаныш болды. Олжас Сүлейменов 1965-70 жылдары «АЗиЯ» кітабын жазып жүрген кезде Ақаңнан Шығыс әдебиеті, тарихы, ғұламалары, көне ескерткіштері жайлы мәліметтер алып тұратын. Міне, Ақаң сол Олжас Сүлейменовтей халық ақынының, көрнекті мемлекет әрі қоғам қайраткері, ірі дипломат әрі саясаткердің ұстазы бола білген еді. Олжас Сүлейменов күні бүгінге дейін Ақжан Машановтың қамқорлық қүшағы кең, мені кем екенін паш етуден жалыққан емес. Ақжан әл-Машанидің: – Азабын алыс жолдың жүрген білер, Мен емес оны айтып міндетсінер. Ар үшін, елім үшін еткен еңбек, Келешек – шәкірттерім солар білер, – деген төрт жолға сыйғызған ой-толғамының астарында үлкен еңбек, қиындыққа мойымаған қажырлық, сабырлық, ұстамдылық және еңбегінің келешек ұрпақ тарапынан бағасын алатынына сенімділік бар екенін байқауға болады. Биылғы Ақжан әл-Машанидің 115 жылдығына арналған «Жер қойнауының үйлесімдігі» атты халықаралық конференция өткізілгелі отырғанымыздың өзі «Ұстазыңды өле өлгенше мадақта, сол емес пе сені қосқан санатқа» деп халқымыз айтқандай, ұлыларымызға тағзым ету және қазақ елінің абыройын асқақтатар шаралардың бірі дер едім.М.НҰРПЕЙІСОВА, әл-Машанидің шәкірті, Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың профессоры, техника ғылымдарының докторы, академик