Бірге жасап келемін кілең итпен...
Бірге жасап келемін кілең итпен...
121
оқылды
Достарымды білемін жауға айналған, кеспірі де иттерден аумай қалған. Тістен қалған тыртық бар балтырымда, іздесең, із табылар шаужайлардан.   Қосты деме азырақ сазына мұң, өз итіне айтпайды базына кім? Ит болса да қоямын арқа сүйеп, біреуі деп бұл жеті қазынаның.   Бірге жүріп ал бірі, өлсем де – өлмек, мен не қорлық өмірде көрсем – көрмек. Қалың жауға көгілдір хилерге ұқсап қарсы тұрса, не дейсің, келсең кел деп!   Айтарлықтай астар жоқ жырымда түк, Абайды да ит қапқан шырылдатып: «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып».   Қай ит, сірә, қапты екен ал Абайды? Әлі жетсе қандай ит таламайды? Бостан-босқа ешкімді қаппайды деп, мақтайды жұрт қалайша алабайды?   Жүрсе кірін жүректің тазалап кім, білмей ме жұрт қадірін азаматтың?!. Құрметіңе құрметін көрсететін талайына кез болдым азавактың.   Бір ағайын маңқиған төбет сынды, марғау үрген, өзгеден бөлекше үнді. Сес көрсетіп басқа итке ырылдайды, қасындағы қызғанып өлекшінді.   Пенделердің тағдыры Бір Егейде, сонда да адам бақытын тілемей ме?!. Жазмыш кейде күніңді қаратады-ау төбет емес, тазы емес – дүрегейге.   Кеткеніңше ұзап тым әудем жерге, шәуілдейді соңыңнан қандендер де. Көзге түсіп кекілі бриардың, бір бикештен аумайды сәнденгенде.   Мені ертеден білетін тым шырайлы келіншек бар, көрмесе тыншымайды. Джой Груфтың пуделі секілденіп, қасыма ертсем, еркелеп қыңсылайды.   Тағы да бір көзтаныс қария бар, (атын айтып, хақым жоқ жариялар). Қыз-қырқынға, сақалды коллиге ұқсап, күлім қақса, адамның ары ұялар.   Менің жастық шағымның айғағындай біреуде бар алуан айла мұндай: әлсіздерді аяқтан шалады ылғи қоян қуған қырғыздың тайғанындай.   Құрдасым бар, келтірдім бірде күмән, құшақ ашып тұрады жүлде бұған. Алқымында медалі саусылдаса, ағылшынның аумайды бульдогынан.   Құтқаратын жағдайдан жан қысылар овчаркасы немістің арлы шығар... Адамдардың оған да сенімі жоқ, болмаса егер мойнында қарғысы бар.   Алпамсадай тұлғасын сенбернардың көз тайдырып кетеді көргенде әркім. Монахтарды ажалдан құтқарды деп, сенбернарға аз емес сенген, бәлкім...   Өз иті бар барша ұлыс, халықтардың, ата-тегін google-ден анықтармын. Қылығы иттен аумайтын кісілерден біраз иттің тұқымын танып қалдым…   Кімге жақсын жан сырын жайған адам? Жылдан есен өтіппін, айдан – аман... Бірге жасап келемін кілең итпен, бұл иттерден қашқанда қайда барам?!.  

 Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ.