Алматыда әйелдің ішінен 7,5 келі құрт шықты
Алматыда әйелдің ішінен 7,5 келі құрт шықты
Фото: nscot.nu.edu.kz
Алматылық дәрігерлер әйелдің ішінен салмағы 7,5 келі эхинококк кистасын алды. №7 қалалық клиникалық ауруханасының хирург дәрігері Мұса Сахиповтың айтуынша, науқас Алматы облысынан келген, – деп жазады ҚазАқпарат. «Пациентте ауырсыну, өзін жайсыз сезіну сияқты ешқандай белгі болмаған. Тек соңғы жылдары 3-4 келі салмақ қосқан. Қазан айының басында аллергияға ұшырайды. Сөйтіп, ол кісі тұрғылықты жері бойынша терапевт дәрігеріне қаралады. Узи жасатады, сол уақытта бауырында эхинококк бар екені анықталады», – дейді дәрігер. Әйелдің ішіндегі үлкен эхинококк кистасын алматылық дәрігерлер алып тастады. «Операцияны 26 қазан күні жасадық. Мұндай эхинококк өте сирек кездеседі. Әйелдің іш құрылысын түгел алып жатыр. Оның жарылып кету қаупі өте жоғары болды. Операция кезінде бауырдан 500 мл қан жоғалттық. Бір доза қан құйдық. Операция күрделі болғандықтан, тоғыз сағатқа созылды», – дейді №2 хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Мұса Сахипов. Науқас екі күн жансақтау бөлімінде жатты, қазір бөлімшеге ауысты. Өміріне төнген қауіп жоқ.