Бублик Париж ATP 1000 турнирін жеңіспен бастады
Бублик Париж ATP 1000 турнирін жеңіспен бастады
Фото: Яндекс
147
оқылды
Қазақстанның бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Александр Бублик Париж ATP 1000 турнирін жеңіспен бастады. Отандасымыз алғашқы айналымда әлемнің 24-ракеткасы, ұлыбританиялық Дэниел Эванспен кортқа шықты. Бірінші партияда қазақстандық теннисшінің ойыны жүрмей, 2:6 есебімен жеңілді. Екінші партияда Бублик 7:5 есебімен алға шығып, қарымта қайтарды. Шешуші үшінші партияда Александрдың асығы (7:5) алшысынан түсті. Тартысты өткен матч 2 сағат 15 минутқа созылды. Бәсеке барысында Бублик 24 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 3 брейкке (12 брейк-пойнт) қол жеткізді. Осылайша қазақстандық теннисші спорттық мансабында алғаш рет Париж мастерс турнирінің екінші айналымына өтті. Бублик жүлде қоры 2,6 млн еуродан асатын жарыстың үшінші айналымына шығу үшін әлемнің сегізінші, осы доданың 6-ракеткасы, норвегиялық Каспер Руудпен шеберлік байқасады. Айта кетейік, Париждегі турнир 7 қараша күні аяқталады.