«Спорт – біздің досымыз» деп жаттап өсті өскелең ұрпақ. Спортты дәріптеу, спорттың маңызын ұғындыру өткен ғасырдың жастары үшін өте өзекті болғанын білеміз. Қаланы айтпағанда, әрбір елді мекен, әр ауыл мен аудан орталығында спортты дамытуға арналған арнайы кешендердің жұмысы тәуір-ақ жанданып келді. Ал қазір ше?
Қазір, өкінішке қарай тәуелсіз Қазақстанның ауыл жастары жергілікті спорттық кешендердің көптігімен мақтана алмайды. Дегенмен Үкімет тарапынан осы маңызды саланы дамытуға үлкен көңіл бөлініп, арнайы бағдарламалардың қолға алынып жатқанын жақсылықтың нышаны деп қабылдауға болады. Осы мақала да спорт, оның ішінде бұқаралық спорт кешендерін ауыл-ауылда ашып, жастарды жаппай спортқа баулудың маңыздылығы туралы болмақ. Былтыр қыркүйек айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында өсіп келе жатқан ұрпақтың шығармашылық және спорттық әлеуетін дамытуға баса назар аударып, балалар үйірмелері мен спорт секцияларын қайта ашу қажет екенін қадап айтқан болатын. Артынша Жолдауда көтерілген бұл түйткілдің шешімі ретінде 2020 жылдың 30 желтоқсанында заң қабылданды. Ол мемлекеттік спорттық тапсырыс және жан басына шаққандағы қаржыландыру арқылы балаларды спорт үйірмелеріне барынша тарту мәселелерін қамтыған. Сонымен бірге аталған жобаның жүзеге асырылу кезеңдері мен тәртібін реттейтін бірқатар нормативті-құқықтық акті де қабылданған. Бұдан бөлек, «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын орындау жөнінде арнайы Жол картасы бар. Партия фракциясының депутаты ретінде маған «Барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және ірі аудан орталықтарында спорт секцияларын ашу және «балалар үйірмелерін» жаңғыртудың» орындалу деңгейін қадағалау міндеті жүктелген. Қазір өңір-өңірлерде қолға алынып жатқан әрбір спорт саласындағы іс-шаралар мен бастамалар назарымда жүретіні де сондықтан. Бұл ретте балалардың жаппай бұқаралық спортын жан басына шаққандағы қаржыландыруға ерекше тоқтала кетсем. Жобаның мақсаты – балаларды тегін спорт үйірмелерімен барынша қамту. Аса игі іс, алайда шынтуайтына келгенде аталған жобаны ілгері дамыту үшін мемлекеттен бөлек, халық тарапынан да бірқатар белсенділік қажет екенін де ұмытпаған жөн. Мәселен, мен тәуелсіз құқықтық ұйымдар мен кәсіпкерлердің көмегінсіз жобаны жүзеге асыру мүмкін емес деп санаймын. Бұл бастаманы кез келген мүмкіндігі бар азамат қолға ала алады. Ол үшін не істеу керек? Біріншіден, аталған салада кем дегенде бір жыл қызмет көрсетіп келе жатқан және барлық талапқа сай келетін қызмет ұсынушы тіркеліп, өтініш білдіреді. Бұл ақылы спорт секцияларын ұсынып жүрген ұйым немесе осындай бағыттағы үйірмелер ашуға ниетті кәсіпкер болуы мүмкін. Олар бұл арқылы ештеңе жоғалтпайды. Өтініш мақұлданып жатқан жағдайда балалар тегін үйірмеге қатыса алатын болады, ал қызмет ұсынушыға мемлекет өзі әр балаға ақысын төлеп отырады. Бұл бір жағынан бастаушы кәсіпкерлерге де, ауылдағы спортпен айналысуға ниетті, бірақ жағдайы жоқ балалар үшін де үлкен мүмкіндік болады. Айта кетерлік тағы бір жайт, бүгінде жобаның іске қосылуын жеңілдету үшін арнайы artsport.edu.kz ақпараттық порталы жасалып, іске қосылған. Аталған платформа арқылы қызметін ұсынушы азаматтар мен ата-аналар ресми түрде тіркеліп, өтініш бере алады. Сондықтан бұл игі істің нәтижелі болуы үшін оған еліміздегі әр азамат белсенді түрде қатысуы керек деп санаймын. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасы аясында алғашқылардың бірі болып, қазір Ақтөбе қаласында «Болашақ» шығармашылық және спорт орталығы ашылып отыр. Жуырда ғана іссапармен барып, қонақ болған «Болашақ» шығармашылық және спорт орталығы мемлекеттік тапсырыс арқылы іске асырылып жатыр. Көп шоғырланған үйлердің ауласында орналасқан бұл орталықта балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық белсенділігін арттыру, шығармашыл, өнерлі, спортқа қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыруда 10 бағыт бойынша жұмыстар жүргізіледі.Әлия ӘБСЕМЕТОВА, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі