Үкімет бизнесті тексеруге енгізілген президенттік мораторийді ішінара тоқтату туралы ұсыныспен қайта шықты. Бұл жолғы бастама ветеринария саласындағы бақылауды күшейтуге қатысты. Себебі еліміздің өзінде және айналасында – Ресейде, Қытайда, Еуропада эпизоотиялық ахуал күрт нашарлады. Жалпы, ғалымдар соңғы жылдары үй жануарлары арасында түрлі эпидемия қатты ушығып бара жатқанын айтады, тарихта мұндай бұрын-соңды болмапты. Осы жағдайда Қазақстан қамсыз, қол қусырып қарап отыра алмаса керек.
Ұлы даланы 68 індет түрі жайлай ма?
Мәселенің мәнісі мынада: еліміздің жаңа тарихында алғаш рет жалғыз құс тұмауының өзі 2 миллионнан астам тауықты қырып салды, елге миллиардтаған теңге шығын келді. Бұдан қалды, шекаралас аймақтарда нодулярлы дерматит, шошқаның африкалық обасы, күйдіргі және басқа да аса қауіпті індеттер белең алуда. Демек, құзырлы органдардан пәрменді қимылдау, тегеурінді тосқауыл қою талап етіледі. Алайда тексерулерге тыйым салынуы нәтижесінде ветеринарлық инспекторлар құс фабрикаларын, бордақылау алаңдарын және басқаларын бақылай алмайды. Адамдар малдың ауру екенін біле тұра немесе одан хабарсыз бола тұра, оны өз бетінше соя салады. Сөйтіп, аса қауіпті індетке шалдығады. Бірақ айналып келгенде, бұқара эпидемияға жол бергені үшін бәрібір ветеринарларды айыптайды, жергілікті билік өкілдерін тілдейді, мемлекетке наразылық туады. Бизнеске жаққанның бәрі халық пен билікке жарай бермейтіні байқалуда. АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Абызбаевтың айтуынша, қазір Қазақстан аумағында эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып жатыр. «Республика аумағында жануарлар арасында таралу қаупі жоғары, ерекше қауіпті аурулар тізіміне 68 індет түрі енгізілді. Оның 45 түрі бойынша Қазақстандағы эпизоотиялық ахуал әзірге қолайлы. 23 түрін малдардан анықтау және вакцина салу бойынша арнайы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Бүгінде жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы вакциналау бойынша 139 миллиондай манипуляция жүргізілді. Бұдан бөлек, 53 миллионнан астам диагностикалық зерттеу жүзеге асырылды», – деді Б.Абызбаев. Жүргізілген 28 млн зерттеуде бруцеллез жұқтыру үлесі – 0,12. «2021 жылдың басынан ел аумағында 345 қолайсыз пункт тіркелді. Соның ішінде жануарлардың жіті инфекциялық ауруларының 171 және бруцеллездің 174 ошағы анықталды. 285 қолайсыз пункт қалпына келтірілді. 60-ында сауықтыру шаралары жалғасуда», – деді АШМ өкілі. Тұтастай алғанда, Қазақстан аумағында эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау бағытындағы жұмыс Ауыл шаруашылығы министрлігінің ерекше бақылауына алыныпты.Індет 5 құс фабрикасын бос қалдырды
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 Жарлығына сәйкес, 2020 жылдан бастап «Қазақстанда тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге» 3 жылдық мораторий енгізілгені мәлім. Оның күші тек 2023 жылы аяқталады. Бірақ әлемдегі жағдай күрт өзгеріп, бұл шешімге шетін өзгеріс енгізуді талап етуде екен. Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған Жарлыққа толықтыру енгізетін Президенттің жаңа Жарлығының жобасын әзірлеп шықты. Үкіметті былтыр бюджетті қып-қызыл шығынға отырғызған құс тұмауы шошытты. Ел Президентіне түсіндірме жазбасында Премьер-Министр Асқар Мамин эпидемиологиялық күрделі ахуалдың созылмалы сипат алуы аясында елдегі эпизоотиялық жағдай нашарлағалы тұрғанын мәлімдеді. Үкімет басшысының байламынша, бұған 2020 жылғы «жоғарыпатогенді құс тұмауының» (ЖҚТ) жаппай өршуі айқын дәлел. «Небәрі екі айда, 2020 жылғы қыркүйек-қазанда республиканың бірден 8 облысының аумағында құс тұмауының 98 ошағы тіркелді. Жануарлардың аса қауіпті ауруының осынша кең ауқымда таралуы бұрын-соңды болмаған. Сондай-ақ ЖҚТ (H5N8) вирусының жаңа подтипі де алғаш рет тіркеліп отыр. Бұл індеттен мемлекетке келген экономикалық залал 3,1 миллиард теңге: осы сома ауру және жойылған үй құстарының иелеріне өтемақы ретінде төлеу үшін республикалық бюджеттен бөлінді. Бірден 5 құс фабрикасы шығынға батты: олардағы құстардың барлық басы жойылды! Жалпы саны 2 миллион құс қырылды, оның 97%-ы – құс фабрикаларындағы құстар», – деді Асқар Мамин. Шығын сонымен бітпейді. Мұның сыртында құс тұмауының алапат толқынын тоқтату үшін Үкімет 2020 жылы ветеринариялық препараттардың республикалық қорын ашты: құс тұмауына қарсы жалпы құны 225,9 миллион теңге тұратын 4,4 миллион доза вакцинаны бөліп, қаупі жоғары өңірлерімізде құстарға мәжбүрлі вакциналау жүргізді. Үй құстарына келген індет биыл да қайталануы ықтимал еді. Оған жол бермеу үшін мемлекетке былтырғыдан 3,5 еседей артық шығындалуға тура келді: 2021 жылы жалпы құны 806,6 миллион теңге болатын 19,3 миллион доза вакцина сатып алынды. «Әлемде жануарлар аурулары бойынша эпизоотиялық ахуал күрделі. Халықаралық эпизоотиялық бюроның дерегінше, ЖҚТ індетінің тіркелуі Еуропа, Шығыс Азия, Қытай, Ресей және басқа да шекара маңындағы елдерде жалғасуда. Жоғарыпатогенді құс тұмауын тарататын негізгі көз – жабайы және синантропты құстар миграциясы», – деді Премьер-Министр.Талпақ танаудың бойы тұнған кесел
Үкіметті бүгінде шошқалардың африкалық обасы (ШАО) бойынша эпизоотиялық ахуалдың нашарлағаны да қатты алаңдатады. Атап айтқанда, Еуропада оның 2 088 ошағы, Қытайда – 8, Ресейде 47 ошағы анықталды. Әшкереленбегені қанша?! Татарстан аң аулауға шұғыл тосқауыл қойған: аңшылар жабайы «олжасымен» бірге Ресейде кең жайылып бара жатқан шошқалардың африкалық обасын қала мен ауылына алып келуі мүмкін. «Россельхознадзор» Ростов түбінде өліп жатқан доңыздардан ШАО вирусын тапты. Африкалық індет сондай-ақ Удмуртияда, Төменгі Тагилде, Калугада, Липецк, Амур, Саратов, Свердлов, Челябі облыстарында, Пермь өлкесінде әшкереленді. Ресейдің көптеген өңіріндегі дүкен сөрелерінен ШАО жұқтырған мал еті анықталып, жаппай тәркіленуде. Обнинск билігі осы індетке бола, жәрмеңке атаулыға тыйым салды. Хабар өлкесінде ШАО-ға байланысты төтенше жағдай жарияланды. Мұның бәрі тек 2021 жылғы қазан айында болғаны ғана! ШАО-ны негізінен, өре қашып, өзге елдерге ауған жабайы қабандар және жайлауда еркін жайылатын үй доңыздары таратады. Сондай-ақ індет қанат жайған елдерден тасылатын азықжеммен бірге вирустың келу қаупі бар көрінеді. Қазақстанда шошқалардың африкалық обасы әзірге тіркелген жоқ. Бірақ Ресейдің елімізбен шектесетін барлық өңірінде ол індет өршіп барады. 2021 жылы Ресей аталған вируспен күрес аясында жарты миллионға жуық (400 мыңнан астам) шошқаны жойды. Ал Қытайда осы жануардың бүкіл популяциясының 50 пайыздайы жойылыпты. Басқа эпидемиядан да қауіп бар: 2021 жылдың басынан Қазақстанның 6 облысының тұрғындары арасында күйдіргінің 17 жағдайы тіркелді. Кейбір ақпарат құралдары «Сібір жарасы» деп аударып жүрген бұл аса қауіпті аурудың 2020 жылғы 8 айда тек 4 дерегі ғана тіркелген болатын. Яғни, биыл 4 еседен астамға артып шыға келді. «Биыл Түркістан облысында – 7, ШҚО-да – 4, Қостанай облысында – 3, ал Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында және Шымкент қаласында бір-бір деректен тіркелді. Жалпы, республика бойынша 2021 жылдың 8 айында халықтың күйдіргімен сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда – 0,08 деректен келді. 2020 жылы 0,02 болған, яғни күйдіргімен сырқаттанушылық деңгейі былтырдан 4 есе өсті», – деп мәлім етті министрлік.Қамданған қапы қалмайды
«Мұның бәрінің мораторийге қандай қатысы бар?» деген сауал туындауы мүмкін. Эпидемиологиялық тергеп-тексеру қорытындысы көрсеткендей, адамдар күйдіргіні ветеринариялық куәландырылмаған сиыр, қой, жылқыны союға, етті мүшелеуге қатысу кезінде жұқтырған. Премьер түсіндірме жазбасында шағын, микрокәсіпкерлік нысандарын барып тексеруге, профилактикалық бақылау, қадағалау жүргізуге тыйым салынуы саладағы ахуалды күрделендіріп жібергенін айтады. «Өйткені ветеринария саласындағы бақылау объектілерінің негізгі үлесі – шағын және микрокәсіпкерлік субъектілері. Мораторий салдарынан ветеринариялық инспекторлар құс фабрикалары мен басқа да мал шаруашылығы кәсіпорындарына тексеру жүргізе алмайды. Тиісінше, ветеринариялық-санитариялық талаптарды бұзу деректерін жою бойынша ұсынымдар мен нұсқамалар бермейді», – деді Асқар Мамин. Мысалы, аса қауіпті құс тұмауының өршуіне байланысты құс фабрикаларын эпизоотиялық тексеру барысында біраз былықтың беті ашылды. Ауыл кәсіпкерлерінің ветеринариялық-санитариялық талаптар мен нормаларды жаппай аяқасты еткені белгілі болды. Айталық, құс тұмауы даладағы жабайы құстардан жұғатыны мәлім. Ауылдықтар тауық, қаз, үйрегін аулада бағады, немесе көл жаққа қоя береді. Ендеше олардың дертке шалдығуы қиын емес. Алайда мамандар үнемі жабық кешенде тұратын құс фабрикаларындағы тауықтардың қалай жұқтырғанын түсіне алмай, дал болған. Оның себебін тексерулер әшкереледі: фабрикалардың құстарға жем мен су беру бойынша технологиялық схемалары ақаулы болып шықты. Соның кесірінен, желдету, жем, су беру жүйелері арқылы жабық кешендерге жабайы құстар, иттер мен мысықтар еркін еніп кете берген. Бұдан өзге, ветеринарлар вакцинаның кешігуіне байланысты құстарды құс тұмауына қарсы екпеген. Үкімет жетекшісінің пікірінше, осы кемшіліктер уақытылы жойылғанда, құс фабрикаларында індет осынша ауқымда таралмайтын еді. Осыған орай тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды мораторий аясынан шығарып алу ұсынылып отыр. Сонда індеттер кең таралмауы үшін мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдары дер кезінде тексеріспен барып, сынама алып, диагностика қояды, сараптама жасай алады.Айхан ШӘРІП