Елімізде көпірден немесе биік ғимараттардан секіріп, өмірмен қош айтысқысы келетіндер қатары көбейіп келеді. Мұндайды ақпарат құралдарынан жиі байқап қалып жүрміз. Ендеше бұл ненің белгісі? Шарасыздыққа барған жандар жұрттың назарын неге өзіне аударғысы келеді? Өйткені шын өлгісі келген адам үйінде де өз-өзіне қол салуы мүмкін ғой. Мамандармен осы құбылыс туралы сөйлесіп көрген едік.
Ер адамдар өз-өзіне көбірек қол жұмсайды
Биылғы сегіз айда елімізде 3 000-нан астам адам суицидтен құтқарылған болса, өкінішке қарай осынша адам өз-өзіне қол салып қайтыс болған екен. Оның 2 072-сі ер-азаматтар. Суицидке барған ер адамдардың көпшілігі 35 пен 44 жас аралығында. Ер-азаматтар арасында суицидтің көп болуы тек біздің Қазақстанға ғана тән емес, басқа елдерде де осындай динамика қалыптасып отыр. Мұндағы үлестік көрсеткіш – 48,2%. Сондықтан да бұл әлемдік мәселеге айналып отыр. «Оның бірден-бір себебі – көп ретте ер-азаматтарға жүктелетін жауапкершіліктің жоғарылығында, бірінші кезекте табыс табушы, отбасын асыраушы ретінде түсетін тұрмыс тауқыметі, ортасындағы және отбасындағы беделінің түсуі, жақсы өмір сүруге ұмтылуда меселінің қайтуы және т.б. Осының бәрі күйзеліске, торығуға алып келеді де, олар іштен тұйықталып қалады. Тағы бір мәселе, ер-азаматтар психологтарға, психиатрларға бармайды. Баратыны өте аз. Онда да соңғы уақытта ғана мойын бұру бар. Мұндай соңғы қадамға адамдар көп ретте ішкілікке салынған, қарызға батқан, құмар ойынға түсіп кеткен, нашақор болған жағдайда барады. Тіпті, қаза тапқандар арасында бір басында осы жағдайдың бәрі кездескен ер адамдар да бар», – дейді Қазақстан психологтер лигасының мүшесі, психолог Лимана Койшиева. Тағы бір себебі – әлеуметтік жағдайдың төмендігі, яғни жұмыссыздық. Жұмысқа қабылдау барысында әйел адамнан гөрі ер адамға қойылатын талаптар қатаңдау болып келеді. Жоғары білім, біліктілік дәрежелері, еңбек өтілі деген секілді. Осындай әлеуметтік-тұрмыстық талаптарды орындай алмау, намыстану мен шарасыздық ер адамды ақыр аяғында өзін-өзі өлтіруге алып келеді екен. Сонымен қатар психологтің айтуынша, елімізде ер-азаматтар арасында жалғыздық көбейіп келеді екен. Балаларын өздері бағып отырған жалғызбасты әкелер көп. Олардың басым көпшілігі алимент алмай күн көріп отыр. Осы факторлардың бәрін ескере келе, ер-азаматтардың мәртебесін көтеру керек. Мемлекеттік бағдарлама қабылдап, ер адамдарға әлеуметтік пакеттерді көптеп қарастыру қажет. Өйткені бізде, Қазақстанда әйел адамдарға, соның ішінде көпбалалы аналарға көп жағдай жасалған да, ер адамдар мемлекеттік қамқорлық пен қолдаудан шет қалған. Мәселен, ажырасқан кезде баланың анасымен қалуына басымдық берілетіні – соның бір мысалы. «Суицидтің бірнеше түрі болады. Мысалы, бірі аффектілік жағдайда жасалуы мүмкін, енді бірі жан ауруы кезінде, яғни психикалық сананың ауытқуы кезінде жасалуы мүмкін және демонстративті түрде жасалуы мүмкін түрі де бар. Біздің ақпарат құралдарынан немесе көшеде көріп жүргеніміз осы демонстративті қол жұмсау. Бұл дегеніміз, өзінің жанайқайын өзгелерге көрсету. «Міне, мен өз-өзіме қол салуға мәжбүр болып тұрмын» деген сипаттағы наразылық. Мен суицидтің бұл түрі көбейіп кетті деп айта алмаймын. Әйтсе де, әр бір оқиғаның жеке-жеке себебі бар. Бірақ бәрі де бірінші кезекте адамның өзі қолында екенін ұмытпауымыз керек», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің жанындағы Отбасы, әйелдер ісі және демографиялық саясат бойынша комиссия мүшесі, психолог Лимана Құттыбекқызы. Маманның айтуынша, бізде соңғы кезде суицид деректері ашық көрсетіліп жүр. Ал бұл дұрыс емес. Өйткені жаңағы айтқанымыздай, жан ауруы бар адамдар ол көріністерді ауыр қабылдап, өзін-өзі өлтіруді ойлап жүрген болса, соған тездетіп итермелеуі мүмкін. Сондықтан да психолог ретінде Лимана Құттыбекқызы ондай кадрларды жариялауға және таратуға қарсы екенін айтады. Өйткені бұл өзгелер үшін жарнама секілді, осылай да өмірден оңай жолмен кетуге болады деген сияқты болып қабылдануы мүмкін. Тіпті, суицид деген сөздің өзін де көп қолдана беруге болмайды. Бұл – профилактикалық шаралардың бір тәсіліСуицид басы тұрмыстан
2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 40 адам өз-өзіне қол салып қайтыс болыпты. Олардың арасында ер адам да, әйел де, бала да бар. Мамандар бұл проблеманы аяқталған және аяқталмаған (әрекеттену) суицид деп бөледі екен. Астанамызда осылай әрекеттеніп, аман қалған әйелдер саны – 220. Олардың жас санаты – 30 бен 46 жас арасында. Соңғы қадамға мас күйде – 78, сау күйде – 106, әртүрлі психосоматикалық жағдайда – 30, басқа да ауыр жағдайлар салдарынан 6 әйел барыпты. Жасалу әдісі бойынша бұл әрекеттерді дәрілік препараттармен улану – 37, тесетін-кесетін заттармен зақымдану – 16, құлау – 14, өзін-өзі өртеу – 1, суға бату – 3 және басқалар 21 адам деп бөлуге болады. Жасалған орны бойынша мұндай оқиғалар көшеде (19), тұрғын үй-жайда (47), оқу орнында (1) және басқа да жерлерде (18) болған. Бұл әйелдердің көпшілігі азаматтық немесе ресми некеде болған, яғни ажырасқандары немесе тұрмысқа шықпағандары аз.Нұрлан ҚОСАЙ