Көкшетауда медицина қызметкерлері тағы да дау шығарды. Өткен аптада қалалық аурухананың дәрігерлері басшыларының қызметінен босатылуына наразы болып, 37 дәрігер жұмыстан шығуға арыз берген. Бұл жолы өңірдегі коронавирус науқастарын емдейтін жаңадан салынған 200 орындық облыстық жұқпалы аурулар орталығы дәрігерлерінен шағым шықты. Олардың айтуынша, берілуі тиіс үстемеақыларын үнемі міндетті медициналық сақтандыру қорынан жалынып сұрауға мәжбүр.
Ал қазаннан бері жалақыға қосылатын үстемеақы мүлдем берілмей қалған. Онсыз да жұмыстары ауыр әрі кадр тапшылығынан жетіспейтін мамандар үшін жұмыс істейтін ақ халаттылар әбден қажығанын айтады.Ақ халаттылар кетіп қалмай ма?
Облыс қос өкпеден қысқан коронавирус індетінен біраз уақыттан бері «қызыл аймақтан» шықпай тұр. Әрі медицина мамандары мен дәрігерлер өңірде қасқалдақтың қанынан қат. Бірнеше ауысым бойы жұмыс істейтін дәрігерлер мен мейірбикелер қаланың сырт жағында орналасқан ауруханадағы жұмыстарына да әупірімдеп әзер барып қайтатынын айтады. «Былтыр ғана бой көтерген жұқпалы аурулар орталығы стационарында осы жылдың басынан бері істеймін. Індет ушығып тұрғандықтан, мұнда қорқып ешкім келгісі де келмейтін. Бүгінге дейін жұмыс істеймін. Алайда қазаннан бері ешбір үстемеақы ала алмадық. Бірақ тастап та кете алмадым. Өз-өзіме «ақша үшін келдің ғой, ақшасыз қалғың келмейді, ал сені қажет ететін емделушілер қайтпек?»,– дедім. Аурухана жалақыны уақытында береді. Бірақ жұқпалы аурулар орталығы медициналық сақтандыру қорынан үстемеақыны үнемі қақсап сұрауға мәжбүр. Жұмыс өте ауыр. Кадр жетіспей жатыр. Сондықтан мұндағы қалған қызметкерлер өзі үшін де, жетіспейтін маман үшін де жұмыс істеуге мәжбүр. Алайда жалақыны тек бір адам үшін алады. Оған қоса, мұнда жұмысқа барып, кері қайтудың өзі бір сор. Бір жағына Садовое ауылына дейін баратындықтан, №17 автобуспен барамын. Ал келерде сонау туберкулез диспансеріне дейін жаяулап барамыз. Әрине, астында қызметтік көлігі бар шенеуніктер бізді қалай түсінсін?!», – дейді аурухана дәрігері Айкүміс Боранбаева (аты-жөні өзгертіліп алынды).Дәрігерлер жол азабынан қажыған...
Расында да, аталған бағытқа қаладан жалғыз автобус қана қатынайды. Арасы кемінде бір сағат өтетін қоғамдық көлікке міне алмағандар жаяулап, болмаса қалтасын қағып таксимен қатынауға мәжбүр. Мұны осыған дейін жұқпалы аурулар орталығында қызмет еткен медицина қызметкері де растады. «Жұқпалы аурулар орталығына мен де бірнеше рет жұмысқа шықтым. Жұмысы ауыр. Бірнеше ауысым бойы қара терге малшынып бірнеше адам үшін жұмысқа жегілуге мәжбүр боласың. Әрине, жұмыстың жеңілі жоқ... Дегенмен қаланың сырт жағындағы ауруханаға барып-қайтудың өзі қиын. Жұмысқа уақытында жету үшін үйден кемінде екі сағаттан астам ерте шығуға мәжбүр болатынмын. Ал кейін қайту одан да сорақы. Жаяулап-жалпылап бірде такси, бірде кезіккен көлікке қол көтеріп зорға барып жүрдім. Осындай қиындықтардан кейін тастауға тура келді», – дейді Айнұр Төлбаева есімді қала тұрғыны.Қаржыландыруды басқарма жүргізбейді
Күн-түн демей індетпен күресіп жүрген кәсіпорындағы ақ халаттылар осылай деп дабыл қаққанымен, тиісті басқарма қаржыландырудың өздерімен жүргізілмейтінін алға тартты. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының ресми жауабына қарағанда, шаруашылық жүргізу құқығындағы медицина мекемелеріне басқарма төлем жүргізбейді. «Осы жылдың қыркүйек айына жасалған комиссияның медициналық ұйымдар қызметкерлерінің эпидемияға қарсы шараларға қатысқаны үшін жалақыға үстемеақы төлеу жөніндегі хаттамасы қалалық ауруханаға төлем аудару үшін Ақмола облысының міндетті медициналық сақтандыру филиалына жолданған. Сонымен бірге шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындарды қаржыландыру Денсаулық сақтау басқармасымен жүргізілмейді. Дегенмен жергілікті атқарушы орган деңгейінде тұрақты жұмыс істейтін комиссия жұмыс істейді. Оның құрамына облыс әкімінің орынбасары, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет басшысы, «Nur Otan» партиясы филиалының бірінші орынбасары, кәсіподақ комитетінің төрағасы мен қоғамдық бірлестіктің басшылары кіреді. Бұдан кейін комиссия жұмысының нәтижелері ММСҚ филиалына жолданып, одан кейін медициналық ұйымдарға аударымдар жүргізіледі. Қазір жоғарыда аталған комиссияның жұмысы толығымен жүргізіліп, қаржының ауруханаға аударылуы күтілуде», – дейді Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасынан. Ведомствоның мәліметінше, медициналық ұйымдар мен міндетті медициналық сақтандыру қоры филиалының арасында жасалған келісімшарттар негізінде филиал медициналық ұйымдардың есепшотына қаражатты аударуы тиіс. Ал тиісті соманың не себепті түспегенінен басқарма хабары жоқ екенін білдірді. Біз жағдайды облыстық медициналық сақтандыру қоры филиалынан білмек болдық. «Коронавирус індетімен күресетін дәрігерлерге тағайындалған үстемеақы қыркүйек айына республика бойынша түскен жоқ. 8 қазандағы хаттама бойынша облыстың 3 953 медициналық қызметкеріне 571,8 миллион теңге сомасында қаражат аударылуы тиіс болған. Облыста жүргізілген болжам бойынша арнайы тізім беріліп, министрлік Қаржы министрлігімен келісіп қаражатты аударуы керек болатын. Бірақ кейін түзетулер енгізіліп, қаржы уақытында түспей қалды. Министрліктен қаржы түскен соң қаражат бірден аударылатын болады», – дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ақмола облыстық филиалының директоры Әлия Жүсіпова. Филиал директорының айтуынша, коронавирус індеті елде тым жайылып кеткендіктен, қауіпті дертпен бетпе-бет келетін дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жалақысы көбейтіліп, үстемеақы қазан айынан бастап алынып тасталған.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы