«Тобыл» 11 жылдан соң чемпион болды
«Тобыл» 11 жылдан соң чемпион болды
201
оқылды

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының кезекті маусымы аяқталды. Чемпион чемпионаттың соңғы турын­да анықталды. Сырт алаңда «Ақжайықты» жеңген қоста­най­лық клуб бапкердің тап­сырмасын ойдағыдай орын­дап, биылғы Қазақстан бірін­шілігінің чем­пионы атанды. Осылайша, олар өз тари­хында екінші рет ел чемпио­натын жеңіп алды. Бұған дейін қостанайлықтар 2010 жылы алтын медаль иегері атанған.

Қазақстанның алты дүркін чемпионы «Астана» болса бұл жолы күміспен күптелді. Елордалық команда соңғы турда өз алаңында Түркістанның «Тұранын» қабылдап, 1:1 есебімен тең түсті. Ал былтырғы чемпион ко­ман­да «Қайрат» қоланы қанағат тұтты. Құр­бан Бердыев футболшылары сырт алаңда «Же­тісумен» ұпай бөлісті. Биылғы біріншілікті сүреңсіз өткізген талдықорғандық клубпен бірге қызылордалық «Қайсар» Бірінші лигаға түсіп қалды. Турнирлік кестедегі 4-орын үшін талас «Қызыл Жар» мен «Ордабасы» арасында өтті. Тартысқа толы ойында «Қызылжар» қосымша уақытта соғылған голдың арқасында өз жанкүйерлерін жеңісімен қуантты. Енді Солтүстік Қазақстандағы футбол жанкүйерлері Қазақстан кубогының аяқталғанын асыға күтеді. Карповичтің командасы кубокты «Астана», «Қайрат» немесе «Тобылдың» бірі алғанын тілейді. Бастысы, оларға бұл турнирде «Шахтер» жеңіске жетпесе болғаны. Егер аталған үш команданың біреуі Қазақстан кубогының иегері атанса, «Қызыл-Жар» келер жылы тұңғыш рет еурокубоктық ойындардың іріктеу кезеңіне (Конференция лигасы) қатысады. Араға 10 жыл салып ел чемпионы атанған «Тобыл» келесі жылы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде сынға түседі. Айтпақшы, бұл клуб үшін маусым әлі аяқталмады. Москаленко шәкірттері ендігі кезекте Қазақстан кубогын жеңіп алуға бар күшін салады.

ЕЛ КУБОГЫН ДА ЕНШІЛДЕУДІ ҚАЛАЙДЫ

Қостанайда өткен футболшыларды марапаттау рәсімінде облыс әкімі Архимед Мұхам­бетов команданың алдында тұрған ендігі маңызды міндет  Қазақстан кубогын жеңіп алу екенін айтты. Ал «Тобылдың» капитаны Азат Нұрғалиев газетімізге берген сұхбатында қос­танайлық клуб үшін бұл чемпиондықтың маңызы жоғары екенін жеткізді. – Араға 11 жыл салып Костанайға чем­пионаттың алтын жүлдесі келді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Чемпиондық оңайлықпен келген жоқ. Осы ретте командаға ерекше көніл бөліп, қолдау білдірген облыс басшысы Архимед Бегежанұлына рақмет айтамыз. Барлық тренерлік  штабқа, бас бапкеріміз Александр Москаленкоға да алғысымыз шексіз. Маусым басында команданы жаттықтырған Григорий Бабаян мырзаның да бұл жеңіске үлесі зор. Көптеген қиындықпен күрестік, жаттық­тырушылар штабы өзгерді, командада да өзгерістер болды. Соған қарамастан діттеген мақсатымызға жеттік, чемпион атандық. Келесі жылы Чемпиондар лигасында өнер көрсетеміз. Ол да үлкен мәртебе. Жақсылап дайындаламыз деп ойлаймын. Өйткені онда бүтін елдің абыройы сынға түседі. Ел чемпионы ретінде сол жауапкершілікті сезініп, сәтті өнер көрсетуге бар күшімізді саламыз, – дейді команда капитаны. Маусым ортасында команда ауыстырған өзбекстандық шабуылшы Игорь Сергеев те еліміздегі спорттық сайттарға берген сұхба­тында «Тобылдан» шақырту алғанына, қос­танай­лық клуб жейдесінде өнер көрсеткеніне қуанышты екенін жеткізген. – Мен дұрыс шешім қабылдадым деп ойлаймын. Команда ретінде «Тобыл» өте жақсы, ұйымшыл команда, барлық ойыншы жоғары деңгейдегі кәсіпқой футболшылар. Бізде ел чемпионы атануымыз керек деген мақсат болды және бәрі сол үшін күресті. «Тобылдың» 11 жылдан кейін қайтадан чемпион атануына үлес қосқаныма, маңызды ойында гол соқ­қаныма қуаныштымын, – деп ағынан жарылды Сергеев.

«АСТАНАДАН» ЛЕГИОНЕРЛЕР КЕТЕ МЕ?

Қазір Қостанай қаласында футбол мерекесі жалғасып жатыр. Ал 2021 жылы «Тобылға» топ бастатып қойған «Астана» мен «Қайрат» үшін маусым сәтті болды деуге келмейді. Дегенмен келесі жылы қос клуб та Конференция лига­сының іріктеу кезеңіне қатысады. Еурокубокта бақ сынайтын елордалық команда басшы­лығы 2022 жылы бірқатар легионерімен қош айтысуы мүмкін. Өйткені клубтың жылдық бюджеті 40 пайызға қысқартылмақшы. Сондай-ақ биылғы жылдың соңында «Астана­ның» 9 легионерімен келісімшарт мерзімі аяқталады. Олар: Тигран Барсегян, Антонио Рукавина, Валерий Чуперка, Энрике Лопес, Лука Шимунович, Педро Эуженио, Фатос Бечирай, Жарко Томашевич және Семир Смайлагич. Тізімдегі ойыншылардан бөлек, елордалық клубтың көшбасшысы саналатын өзге де қазақстандық футболшылардың келісімшарттары аяқталады. Команда капитаны Абзал Бейсебеков, қақпа­шылар Александр Заруцкий мен Дмитрий Непо­годов, шабуылшы Абат Айымбетов пен жартылай қорғаушы Исламбек Қуаттың да ко­мандада қалу-қалмауы белгісіз. Одан бөлек, күні кеше FIFA елордалық командада доп тепкен Дорин Ротариудың ісіне қатысты «Астанаға» трансфер жасауға тыйым салды. Енді астаналық клуб алдағы 3 трансферлік терезеде ойыншыларды сатып ала алмайды. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, «Астананың» бас бапкері Андрей Тихонов Fair Play қағидаттарын бұзғаны үшін, ойын­шылары­ның матчтың ресми өкілінің рұқсатынсыз футбол алаңынан шығып кеткені, қарсыласқа, матчты ұйымдастырушыға, матчтың ресми тұл­ға­ларына, көрермендерге құрметсіздік таныт­қаны үшін Тәртіптік регламенттің 53-бабына сәйкес екі жылға футболдан шеттетілді. Қазақ­стан чемпио­натының XXV туры  аясында өткен «Қайрат» пен «Астана» арасындағы ойында жанкүйерлерге қарсы дөрекі мінез-құлық көрсеткені үшін Тәртіптік регламенттің 53-бабына сәйкес «Астана» командасының ойыншысы Барсегян бір ай көлемінде барлық жарысқа қатысу құқығынан айырылды. Әзірге елордалық клубтың қай ойыншылармен келісімшартын ұзартып, кіммен қошта­сатыны белгісіз. Бірақ, сөзсіз «Астана» өзінің басты көшбасшысы – елордалық клубпен тағы бір жыл келісімшарты бар Марин Томасовты сақтап қалары анық. Ал армениялық футболшы Тигран Барсегянға қазір испаниялық Эспаньол және Братислава қаласының «Слован» командасы және бірнеше ресейлік командалар қызығушылық танытты. Қазақстан құрама­сының жартылай қорғаушысы Исламбек Қуат пен шабуылшы Абат Айымбетовті келер маусымда «Ақтөбе» командасының қатарына қосып алуды мақсат тұтып отыр. Мұндай өзгерістерден соң «Астананың» жаңа маусымда чемпиондыққа таласуы, Конференция лигасында сәтті өнер көрсетуі екіталай. Қайрат Боранбаевтың клубы «Қайратта» да келер жылы үлкен өзгерістер болуы ықтимал. Алайда алматылық команда чемпиондыққа таласатын команда қатарында қала береді. Еурокубоктық ойындарға да дайындықты ерте бастап, екінші рет топтық кезеңге түсу үшін тер төгеді. Қош, сонымен Қазақстан Премьер-лигасы тәмам. Бірақ қазақстандық жанкүйерлер үшін футбол маусымы әлі аяқталған жоқ. Алда ел кубогының шешуші ойындары, «Қайраттың» Конференция лигасындағы кездесулері, сондай-ақ ұлттық құраманың Париждегі Франциямен болатын және Тәжікстанмен өтетін жолдастық ойыны бар.

Абылайхан ЖҰМАШ