«Nur Otan» партиясының Павлодар облыстық филиалының ұйымдастыруымен және «Ертіс» телеарнасының «Тексерілді» телебағдарламасы аясында Жол картасының индикаторларына бақылау жасау мақсатында мониторинг тобы Жетекші ауылындағы сумен жабдықтау желілерінің және ауылдағы 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Екі нысанның құрылысы кестеден қалып келеді.
Аталған топ бірінші тексерген нысан Жетекші ауылындағы 100 орындық шағын орталығы бар 300 орындық мектеп болды. Нысан жұмысы 88%-ға аяқталған. Алайда құрылыстың уақытылы аяқталмау қаупі бар. «Мехколонна №59 «СМФ» ЖШС мердігер компанияның өкілдерінің айтуы бойынша, құрылыс алаңында жұмысшылардың жетіспеушілігінен нысанды уақытылы тапсыру мүмкін болмай тұр. Мердігер нысанды бір айдың ішінде тапсырамыз деп уәде етті. Қазір аумақты абаттандыру және ішкі үй-жайларды әрлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Депутаттар Жетекші ауылындағы «Көлсай Строй» ЖШС құрылыс мердігерлік ұйымы салып жатқан сумен жабдықтау желілерін салу құрылысының жай-күйімен танысты. Сумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы – 16 034 шаршы метр. Бұл нысанды мердігер комания 2021 жылдың тамызында салып бітіруі тиіс еді. Қазір онда магистралды желіні орнату жұмыстары аяқталды, құбырды үйлерге жеткізу, арматуралау және 200 текше метр таза суға арналған 2 резервуарды бетонға құюға дайындау, сондай-ақ сорғы үшін катловандарды қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс жүргізу кестесінен артта қалуына байланысты қалалық құрылыс бөлімінен Павлодар облысының МАЭС-на мердігер ұйымынан тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талап-арыз берілді. Бұл нысанның құрылысын мердігер компания жақын уақытта белсенді жүргізбесе, Павлодар облыстық депутаттық фракцияның отырысында қарастырылатын болады. Депутаттар салынып жатқан құрылыс жұмыстарын тексере келе Жетекші ауылындағы білім беру мекемесі мен сумен жабдықтау желілерінің құрылыс жұмыстары «Nur Otan» партиясының қатаң бақылауына алынатынын жеткізді.А.ЖАСАНҰЛЫ