Ұлытау туризм орталығына айналады
Ұлытау туризм орталығына айналады

Қарағанды облысына қарасты туризмге бет бұрған Ұлытауда қазір қарбалас. Өйткені мұнда игі істер қолға алынған. «Рухани жаңғыру» аясында  атқарылып жатқан жұмыстар өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Жақында  Ұлытауда материалдық емес мәдени мұраны сақтау мен дамытуға арналған алғашқы қазақ­стан­дық қоғамдық онлайн форум да өтті. Қазақстан үшін маңызды іс-шараны ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен «Ұлы тағзым» Қарағанды қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Хандардың ізі қалған өңір

Ұлытау ауданындағы «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінде Жошы хан кесенесі, мұражай, Жошы хан ескерткіші, жорық шатыры және қонақүйден тұратын заманауи технологиялық мүмкіндіктері мен қордағы құнды жәдігерлер бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қасиетті тарихи нысанның үнемі ғалымдардың назарында болып, ғылыми айналымға түсуі керек екеніне баса мән берді. Ұлытауға халық Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелерін, Хан ордасы мен Әулиетаудай киелі орындарды көру үшін келеді. Атақты Ақсақ Темір де осы өңірге ат шалдырған, Жоңғар шапқыншылығы кезінде бабаларымыз жауды қырып салған мекен бұл. Оған «Қалмаққырылған» деген атаулар куә. Таңбалы тастар да өткен дәуірден сыр шертеді. Мұнда қазақтың барлық руының таңбасы тасқа басылған, қашалған. Міне, Ұлытаудың ұлылығы осында... «Ұлы ханның үлкен ұлы Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан біз Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлға­сына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет. Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс. Бұл жұмыстар Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы қажет», – деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алғашқы форум да өтті

Ұлытауда өткен материалдық емес мәдени мұраны сақтау мен дамытуға арналған алғашқы қазақстандық қоғамдық онлайн форумға қауымдар өкілдері мен материалдық емес мәдени мұраны тасымалдаушылар, қолданбалы қолөнер шеберлері, мұражай қызметкерлері, зерттеушілер мен сарапшылар қатысты. Қазақстандық қолөнершілерді дамыту және қолдау, өлкетану мұражайлары қыз­метінің жаңа бағыттары, сондай-ақ қазақ­стандық дәстүрлі білім тасымалдаушы­лардың ЮНЕСКО-ның «Ұлы Жібек жолын­дағы фестивальдар» жаңа жобасына қатысуы мәселелері талқыланды. Қазақстан ЮНЕСКО-ның материал­дық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі конвенциясына 2011 жылғы желтоқсанда қосылды. Міне, 10 жылдан кейін респуб­ликаның материалдық емес және рухани мәдениетінің ескерткіштері бүкіл әлемде мойындалды. Мәдени мұраның он бір элементі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік тізіміне енді. Олардың қатарында Наурыз, қазақша күрес, аңшы құстармен аң аулау, Қорқыт мұрасы, киіз үй жасау, қазақ күйлерін орындау, Көкмайса мерекесі бар. Өткен жылы тізім қазақтың ежелгі тоғызқұмалақ ойынымен толықтырылды. – Біз ЮНЕСКО-ның басты идеясын – ұрпақтар үшін табиғи-мәдени ес­керт­кіштерді, адамзаттың рухани-адамгершілік мұрасын сақтауды шын жүректен бөлісеміз. Біздің бұл сенімділігімізге өлкеміздің көпғасырлық бай тарихы, Сарыарқаның көпұлтты мәдениеті үлкен септігін тигізеді. Біз өткенсіз болашақ жоқ екенін түсінеміз. Бұл адал құндылықтары бар бейбіт қоғам құруға көмектеседі, – деп атап өтті Қара­ғанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек. 2020 жылы «Ұлытау» сапар орталығында «ЮНЕСКО-ның материалдық емес мә­дени мұрасы» экспозициялық залы құ­рылды. Бұл – Қазақстандағы алғашқы экспозиция. Сондай-ақ Ұлытау ауданы орталығында «Әулие тау» этноауылының құрылысына кірісті. Бұл жерде ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік тізіміне енген еліміздің барлық номинациясын көрсету жоспарланып отыр.

Түйін:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Кешегі келеңсіз күндерде бабадан қалған сөзден жаңылып, бағзыдан қалған ізден адасып қала жаздаппыз. Талай-талай алқалы кеңес өткен атақты Күлтөбе баяғы­да жыртылып кетіпті. Сайрам түбіндегі Мәртөбе күні кеше құртылып кетіпті. Қасиетті орындардан қал­ғаны – Ұлытау мен Ордабасы. Бауырында бабалардан түскен із әлі сайрап жатыр. Ба­сын­да бабалар дауысы әлі саңқылдап тұр. Енді сөзден жаңылып, ізден адасар ретіміз жоқ» деген болатын.

Олай болса, туризмді дамытуға Ұлытау­дың үлесі мол екеніне көзіміз жете түспек…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы