Максим Рожин: «Қазақ тіліне деген сұраныс – қоғам талабы»
Максим Рожин: «Қазақ тіліне деген сұраныс – қоғам  талабы»
587
оқылды

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде ел билігі  мемлекеттік тілдің дамуына ерекше мән беріп келеді. Қазақ тілінің мәртебесін Конституция арқылы бекемдеп,  оның оқытылуына  жыл сайын  мол қаржы бөліп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та мемлекеттік тіл мәселесін  ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Бірақ Қазақстанның мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы ұстанымы – сабырмен әрекет ету.

2014 жылғы Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне ай­нал­ды. Елімізде 57 орталық жұмыс істейді. Мың­даған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты. Соңғы жылдың өзінде қазақ ті­лін ана тілім деп санайтындардың са­ны 10 пайызға көбейді. Қазақ тілін да­мы­туға соңғы 3 жылда 10 млрд теңге жұм­сады. Ешкім өзгерте алмайтын бір ақи­қат бар. Ол қазақ тілі Мәңгілік елдің – мәңгілік тіліне айналды. Тіл мәселесін біз даудың емес, ұлттың ұйытқысы үшін пайда­лануы­мыз керек», – деген еді. Сөйтіп, ана тіліміздің мәртебесін асырғаны бар. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айт­қан­дай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бі­рі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құ­рал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отба­сын­да ана тілінде сөйлеп өскен бүлдір­шін­нің тілге деген ықыласы терең, құр­меті биік болады», – деп атап өткен. Осы күні мемлекеттік тілдің дамуына сөз­бен ғана емес, іспен қолғабыс етіп жүр­ген жандар аз емес. Ел алдындағы аза­маттық борышының салмағын сезі­ніп, қазақ тіліне қолдау көрсетуді өзгеге емес, өзіне міндет ретінде жүктеген жан­дарға жұрт та сүйсінетіні анық. Осын­дай азаматтардың бірі – елге жур­на­лист ретінде танылған азамат Максим Рожин. Әуелден ортаны жатсынбай, өс­кен жұртының тіліне құрметпен қара­ған азаматқа біз де сауал жолдап, мем­лекеттік тіл төңірегінде әңгіме өрбіткен едік. – Осы уақытқа дейінгі сұхбат­та­рыңыз­­­да қазақ тілін үйренуге орта әсер ет­кенін көп айттыңыз. Расында, кез кел­ген тілді үйренуде ортаның ықпалы зор бо­лады. Ал осындай қалыптаспаған ор­та­сыз-ақ қазақ тілін үйренуге мүмкіндік бар ма? Мысалы, көп адам тіл үйренудегі қиын­дықтың себебі ретінде осы дүниені ал­ға тартады. – Орта кез келген тілді меңгеруге ең жеңіл әрі ең пайдалы құрал деп нақ­ты­лайын. Өзім дәл сондай жағдайда қазақ тілін меңгеріп алдым. Қазақ тілінде аз да болса ойымды жеткізуге 1 жыл жетті. Ал ортасыз-ақ қазақ тілін немесе кез кел­ген өзге тілді үйренуге болатыны сөз­сіз. Оған тек үйренемін дейтін адам­ның ниеті қажет. Қазақстанға бірде-бір рет келмеген, көрмеген азаматтардың қазақша үйреніп жүргенін естіп те, көріп жүрміз. Мысалы, биыл шілдеде аме­ри­калық 14 жастағы Кэмерон есімді қыз­дың Қазақстанға келмей-ақ қазақ тілін мең­гергенін естідік. Тілді үйренуге ин­тер­нетте кездесіп қалған қазақтың қыз­дары көмек берген екен. Енді әлгі аме­ри­калық қыз өзіне Айбала деген қазақ есі­мін қойып, Қазақстанды терең зерт­теуге кірісті. Instagram әлеуметтік желі­сінде @kidpolyglot деген аккаунтта өзінің жетістіктерімен бөлісіп келеді. Осы орай­да мен көпшіліктің назарын оған тіл үйретуге септескен қазақтың екі қы­зына аударсам. Әлгі шетелдік қызға қол­ғабыс жасап, тілді меңгеруге кө­мек­тесіп жатқан Раушан мен Арай есімді қыз­дар. Яғни, еріктілер! Міне, тілге осын­дай еріктілер қажет. Қазақ тілінде сөй­лейтін әрбір адам адамның қандай ак­центпен сөйлеп, қай әріпті айта ал­мағанын байқап жүретін сыншы емес, жа­нындағы азаматқа тіл үйренуге қол­ға­быс жасайтын еріктіге айналу керек. Тіл­дің жанашыры болған жөн. Шынайы, кең пейілмен көмектескен абзал. Сонда барлығымызда тілді меңгеруге ниет те, ауыз­біршілік те болады. Әрине, кез кел­ген тілді меңгергенде сол тілдің сырын түсіндіретін адамның көмегі қажет. Ин­тернет дамыған заманда ондай көмек­ті табу қиын нәрсе емес. Қысқасы, үйре­нем дейтін адам амал жасайды, үйренгісі кел­мейтін адам сылтау іздейді. – Жасыратыны жоқ, қазір мемлекеттік тілге шорқақ, кейде білмей де жататын ше­неуніктер кездеседі. Осыдан кейін мем­лекеттік қызметті мансап еткен кейінгі буын­ның ішінде де қазақ тіліне бейжай қа­райтындар шығуы мүмкін. Таяуда мем­лекеттік қызметке тұру үшін қазақ тілін мін­деттеу туралы мәселе көтерілді. Ман­сапты мақсат тұтқан жандарға бұл талап ке­рек-ақ. Ал сіз бұл жайлы не ойлайсыз? Бәлкім, мұндай міндетті ертерек енгізген жөн бе еді? – Осыған байланысты көзқарасым бойын­ша, тіл мәселесінде болсын, басқа мәселе болсын, «ауруын жасырған өле­ді» қағидасын ұстанып келемін. Неге? Өйт­кені шынайы жағдай жөнінде айт­пай жүрсең де, арты бәрібір белгілі бо­ла­ды. Тілдің мәселесі ол уақытша жа­сыру­ға болатын смета, бюджет немесе тен­дер емес. Тілдік ахуал күнделікті өмір­де барлығына анық көрініп тұратын мә­селе. Қазір қазақ тілінде ақпаратты алып отырған азаматтар саны өсті, тілдік ахуал өзгеріп жатыр. Бүгінде қазақтілді контентке сұраныс жоғары. Бұл не деген сөз? Қоғамда тілге деген көзқарас өз­ге­ріп барады, қажеттілік артып келеді.
2006 жылы Астанаға журналист бо­лып келгендегі жағдай мен қазіргі жағ­дай­ды салыстыруға келмейді. Бұрын қа­зақ­тың жастары «қазақ тілі маған не береді?» деп жазса, бүгінде таныс орыс отбасылар баласын қазақ балабақшасы мен қазақ мектебіне жетектеп апарады. Бұ­рын шенеуніктер «мен сұхбатты орыс­ша беремін, өздерің аударып алың­дар» деп беті бүлк етпей шіреніп оты­ратын, қазір солай айтса айтатын шы­ғар, бірақ байқаймын, сонысына ұя­ла­тын болыпты. Бұл – қоғам талабының нә­тижесі. Қазақ тіліне деген сұраныстың өскені. Әрине, мемлекеттік тілдің ай­на­ласында мәселе көп. Бірақ «барлығы түбе­гейлі құрып барады» деп айтудан да аулақ­пын.
Мәселелерді шешуге болады. Тек қана жоғарыда айтқанымдай, ниет қа­жет. Шешім қабылдайтын азамат­тар­дың ниеті маңызды. Мемлекеттік қыз­мет­ке келетіндерді мемлекеттік тілді білу­ге міндеттеу заңды деп түсінемін. Ер­те ме, кеш пе, бұл мәселенің көтерілуі орын­ды. Халықпен тығыз жұмыс істей­тін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы бі­­летін азаматтарға басымдық беру ке­рек. Осыны толық қолдаймын. Мем­ле­кет­тік қызметте жүріп мемлекеттік тілді біл­меу – абсурд! Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне бер­ген сұхбатында: «Мемлекеттік тілді біл­­мейтін мемлекеттік қызметкер ұғы­мы анахронизмге айналуы керек», яғни ес­кі­ліктің көзі ретінде қабылдануы қа­жет деп айтты. Президентпен толық ке­­­лісемін, мемлекеттік қызметкердің бү­гінде мемлекеттің жүргізіп жатқан сая­сатын, іске асырып жатқан бағ­дар­ламасын, қабылданып жатқан заңын қа­зақ тіліне сұранысы артқан қоғамға орыс­ша ғана түсіндіре алғаны рацио­нал­ды дүние емес. «Мен не деймін, дом­бы­рам не дейді» деген жағдай сол бо­лады. Он­дай мемлекеттік қызметкердің пай­далы коэффициенті аз. Сондықтан мем­лекеттік қызметкерге келетіндердің бірін­ші кезекте мемлекеттік тілді білуін мін­деттеуді қолдаймын. – Жалпы, өмірде, мансап жолыңызда да­муға қазақ тілінің ықпалы болды ма? Оқыр­манға қызық та болар, әулетіңіздегі, от­басыңыздағы жандар қай тілде сөй­ле­седі? – Менің осы денгейге жеткенім – қа­зақ тілінің арқасы. Бала кезден тілді мең­геруіме себепкер болған менің анам жә­не айналадағы орта. Анамның тәр­бие­сі мен көшедегі балалардың орысша біл­меуі. Маған кейбір адамдар «әрине, сен қазақы ортада өстің ғой, олай бар­лы­ғы да тіл үйрене алады» деп айтады. Бі­рақ мен өскен Арыста менен басқа да орыс балалары болды, дегенмен олар қа­зақ тілін үйрене алмады, мүмкін үй­рен­гісі келмеген болар. Уақыт өте келе мұ­ның себебі үйдегі тәрбиеден бе деп ой­лаймын. Егер қазақ тілін білмегенімде, Арыс қаласында көршілеріммен, дос­тарым­мен тіл табысуым қиындайтын еді. Өйткені көшедегі балалар орысша біл­мейтін. Алты жасымнан қазақша сөй­леп келемін. 32 жыл болды. Осы 32 жыл­да жеткен барлық жетістіктер, жо­ғары оқу орны мен магистратураны тә­мамдай алуым – тілді білгеннің ар­қасы. Отбасылы болдым, әрине елдегі бас­қа да отбасылар секілді менің де от­басым, менің де бала-шағам қазақ тілін меңгеру процесінде қиыншылықпен де кездесіп жатырмыз. Өйткені қаладағы балалар ауылдың ортасындағыдай өмір сүріп жатқан жоқ. Отбасымда қазақ ті­ліне басымдық беріп сөйлесуге тыры­са­мыз, бірақ балаларым Аяла мен Мағзұм мен армандаған деңгейде қазақ тілін әлі меңгермей жүр. Оған өзім жауаптымын, жұ­байым жауапты. Контент аздығы да бі­лінеді, YouТube-тағы орыстілді кон­тент басқаша әсер тигізіп жатыр. Жалпы айтқанда, кез келген қаладағы отба­сы­ның күні мен проблемасын біз де басы­мыз­дан өткеріп келеміз. – Тілдің қолданыс аясының кеңеюі сұра­нысқа да байланысты. Мәселен, қазір қазақтілді контенттерге немесе осы тілде білім алып, қызмет алуды қалай­тын­дар көбейген тәрізді. Алға ілгерілеу бай­қалады. Блогер ретінде көптеген са­ладағы тілге қатысты мәселелерді қозғап жүр­діңіз. Қоғам мемлекеттік тілге сұранысты то­лық ақтай алып отыр ма? – Жоғарыда айтқанымдай, тілге де­ген сұраныс жылдан-жылға артып ке­леді. Бір жылдары «қазақ тілі бизнес ті­ліне айналмай, қажетті деңгейіне жете алмайды» деген сөздерді естіген едім. Бұрын бизнес қала үшін таңсық, сыры көп жаңалық болатын, ауыл үшін тіпті та­ныс емес әлем еді. Бүгін де екінің бірі биз­неспен айналысып, нәпақасын тауып жүр. Қазақша бизнес әдебиетке де­ген мұқтаждық танытып, қазақ тіліне не­ше түрлі бизнес туралы әлемдік бес­т­сел­лерлер аударылып жатыр, қазақтілді тре­нингтер қазір трендте. Демек, қа­зақ тілі бизнестің де тіліне айналғаны. Мүм­кін бұл алғашқы адым шығар. Ше­шімін күтіп отырған мәселе де көп. Мы­салы, қазақ терминологиясы, оған бар­лық мүдделі топтар бірігіп жұмыс іс­теуі қажет, сонда ғана шешіледі деп ой­лаймын. Ал онсыз қазақ тілінің кез кел­ген салаға кірігіп кетуі оңай бол­май­ды. Мен осы бағытта қазақ тілінде жа­са­латын жаңа стартаптарды қолдау плат­формасын жасағым келді, бірақ қол­даушы мен ресурс қажет. Әйтпесе, жа­нымда осы мәселеге жаны ашитын эн­тузиаст азаматтар жиналды. Қазақ­тіл­ді контент жасайтын бастамашыл топ­тар­ды да қолдаған дұрыс деп ойлаймын. Өйткені бұл – аса қажет дүние. Қазақша балаларын сөйлете алмай жүрген ата-ана­лардың зары – осы. Осы орайда шет­ел­дік балалар телеарналары елімізде қа­зақ тілінде контент таратуларын құп­таған, сол жұмысты жүргізіп жатқан Ақ­парат және қоғамдық даму министр­лігінің жұмысына үмітпен қараймын. Рауан Кенжехан, Бақытжан Бұхарбай секілді азаматтардың қазақ тілінде шығарып жүрген кітаптарына разымын. Qazaqsha jaz секілді қозғалыстардың пай­да болуынан бір үміт күтемін. Бас­тысы, тіл мәселесінде сырттай бақы­лау­шы болмауымыз қажет. Сырттан әңгіме мен сын айтудан мәселе шешілмейді, сон­дықтан кез келгеніміз осы бағытта іс жа­сағанымыздың өзі тілге деген сұра­нысты арттырады. Дүкенге барып, қа­зақ­ша нан сұрағаныңыздың өзі көмек. Сұраныс сонда өседі. – Еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің мем­лекеттік тілге құрметін қалай бағалайсыз? Бір жан қазақша көсілсе болды, төбемізге көтере кететін әдет бар. Шынында, ол таңғаларлық дүние болмаса керек… – Менің ойымша, бұған емес, ал­ды­мы­зда қазақ тілін білмегенге таңғалатын заман келе жатыр. Бұған қосарым, қазақ тілін білгені үшін мақтап, білмегені үшін даттауды да қою керек секілді. Барлы­ғымыз бір елдің баласымыз, бір елде өмір сүріп жатырмыз. Барлығымыздың өзін­дік мәселеміз бар. Білсе жарайды, біл­месе барынша қолдап көмек беруіміз керек, бастысы көкірегінен итермеуіміз қажет. Кейде елім дейтін орыстілді аза­мат­тарды да байқамай бетін қайтаруы­мыз­дан абай болуымыз керек тәрізді. Маңыздысы, адам өз елімен болашағын бай­ланыстырса болды. Ары қарай бар­лығы өз уақытында орнына келеді. Бізді алға тартатын – бірлік пен татулық. Осы­ны ұмытпасақ екен. – Билік тілдерді дамыту үшін жағдай жасап, арнайы саясат жүргізіп отыр. Әр өңірде Тіл басқармалары жұмыс істейді. Был­тыр Тіл саясаты комитеті қазақ­стан­дықтардың 95 пайызы қазақ тілін игерді деп «айды аспанға шығарды». Сенгіміз-ақ келеді, бірақ сену қиын. Осыған қарап мекемелер есеп үшін жұмыс істеп, науқан­дық іс-шаралармен шектелетіндей көрі­не­ді. Бұған көзқарасаңыз қалай? – «Тәуелсіздіктің 30 жылында жетіс­тік мүлде жоқ, еш нәтижеге жетпедік, жағ­дай баяғыдай» деу дұрыс емес. Же­тіс­тік те, нәтиже де, мақтанатындай жағ­дай да бар. Егер байқап қарасақ, қа­зір қоғамда туындаған тілдік ахуал мен өз­герістер, бәлкім сол кезде жасалған қа­­­дамдардың ықпалы мен нәтижесі бол­са керек. Оны жоққа шығармағанымыз абзал. Ал ол жұмыстар нәтижелі жүрді ме, бөлінген күш пен қаржы нәтижелі жұм­салды ма, ол бөлек әңгіме. Әсіресе, жауап­ты тұлғаларға топырақ шашып, нә­тиже үшін сын айтудан аулақпын. Қай­та жұмысқа зер салмай, әрбір бө­лін­ген қаржыға мұқият қарамай, талап ет­пей жүрген біздерден де кінәрат іздеуге болатын шығар. Жеткен жеріміз – осы, «ары қарай нәтижелі жұмыс істелу үшін мемлекеттік тілдің дамуына қандай күш салуымыз қажет, не әрекет етуіміз ке­рек?» деген сұрақтарға жауап берген әл­де­қайда пайдалы бола ма деп отыр­мын. Сен, мен, сіз, ол қазақ тілінің дамуы үшін не істей аламыз? Статистика ол – статистика, сан ол – сан, оны есеп­теуі мен санау тәсіліне байланысты. Ме­нің ойымша, статистика ол елдегі шынайы ахуалды 100 пайыз дәл көрсе­теді деген сөз емес. Кейде статистика кей­бір жауаптылардың есебі үшін ғана қа­жет секілді. «Міне қараңыз, мен осы қыз­метте жеткен жетістігім» деген тәріз­ді. Ал қалада қазақ тілін білмей жүрген бала, мықты статистикаға қарамай сол күйі тілді білмей жүр. Шенеуніктің бер­ген «әдемі» есебін «бұзады». Сол бала не істесек қазақша үйреніп кетеді, нендей жағ­дай жасалу керек? Осы сұрақтарға ста­тистика емес, тілге жаны ашып жүр­ген азаматтар жауап беру қажет. Тілге жа­ны ашыса, бүтін елге де жаны ашиды де­ген сөз. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Мадияр ТӨЛЕУ