Өткен аптада Қазақстан Интерполға «Астана LRT» құрылысы кезінде ұрлық туралы жанжалды іске қатысы бар қашқын шенеуніктерді беру мәселелері бойынша сұрау жіберді. Мемлекет қаржысын қалтасына басқан қашқын шенеуніктерді елге қайтару мүмкін бе? Шетелде жасырынып жүрген атышулы қашқындар кімдер? Ал Қазақстан жемқорлық қылмыс жасағандарды елге қайтару үшін қанша елмен келісімшартқа отырды? Парақорлықпен күрестің пәрменді жолы бар ма?
Біздегі құзырлы орын басшылары баяндамасының басын «Жемқорлық – қоғамды жалмаған дерт, бұл қоғамның дамуына, экономиканың өркендеуіне орасан зор кедергі келтіреді. Ал біздің мақсатымыз мемлекеттік басқару органдарында сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алу және оған қарсы белсенді күрес жүргізу» деп бастап, парақорлықпен пәрменді күрес жүріп жатқанын айтып, жар салады. Әйткенмен, сыбайлас жемқорлықтың барынша алдын алып, парақорлармен пәрменді күрес жүргізіп жатырмыз деген сайын қалтасын қампайтып, жағдайын жасап алған бұрынғы шенділердің біразы шетелде шалқып өмір сүріп жатыр. Халықтың қаржысын тонап кеткендерді елімізде халықаралық іздеу жариялап жатқанда, жемқорларымыз жаһанды жалпағынан басып, шетел көшесінде алшаң басып келеді.Мүлкі өзіне берілді, өзі отанына оралмады
Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиев пен оның ағасы, Мәжілістің бұрынғы депутаты Аманжан Рысқалиевке сот үкімі сырттай шығарылды. Ал ағайындылардың өздері мен отбасы мүшелері де шетелде. Жағдайлары да жаман емес. Шетел көшелерінде емін-еркін алшаң басады. Қазақстан сотының шешімімен сырттай 17 жылға сотталған Бергей Рысқалиевтің Ұлыбритания азаматтығын алған ұлы Аслан Рысқалидың биылдың өзінде тіркелген бірнеше компаниясы бар. Былтыр сырттай шешім шығарып, бар мүлкі тәркіленген қашқын шенеуніктен тәркіленген дүние-мүлкі қайтарып берілді. Бас прокурор Жоғарғы Соттан Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 25.01.2019 жылғы үкімінің күшін және 09.01.2020 жылғы Жоғарғы Соттың жаңа қаулысын жоюды сұраған. Сөйтіп, Рысқалиевтердің жиған-тергені маңдай тер, адал еңбекпен табылған болып есептелді. Не керек, Жоғарғы Сот та Бас прокурордың шағымын ұзаққа созбай, қанағаттандырып берген.Қолқа түскенмен, елге қайтпады
Несиесіз де, инвесторсыз да көппәтерлі үй салуға болатынын айтып, көптің астына көпшік қойып, халықты қан қақсатып кеткен Ерқанат Тайжанов та миллиардтарды қалтасына басып, Венада тайраңдап жүр. Парламент Мәжілісінің депутаты болған Ерқанат Тайжанов 2012-2015 жылдары «Азбука жилья» құрылыс компаниясының басшысы болған кезінде салымшылардан ақша жымқырды деген күдікке ілінген. Тергеу ісі бойынша ол салымшылардың 40 миллиард теңгесін иемденген. Құқық қорғау органдары оған 2015 жылы халықаралық іздеу жариялап, бір жылдан соң оны Аустрияның полицейлері қолға түсірген. Бірақ бұл елмен құқықтық келісім болмағандықтан экстрадициялау мүмкін еместігі белгілі болды. Мемлекеттің жауапты міндетін атқара жүріп, жемқорлыққа батқан бұрынғы басшылардың тізімін жалғастыра берсек, бүгін бітпейді. Елден қашқандар қатарында 2009 жылы оффшор арқылы ақша ұрлап, Канадаға қашып кеткен «Қазатомөнеркәсіп» АҚ бұрынғы вице-президенті Рүстем Тұрсынбаев, «Қорғас ісі» бойынша қылмыстық топтағы басты фигуранттардың бірі Мағзұм Абдралиев, «Гульнар Тур» туристік компаниясының директоры Әли Исмаилов, мемлекеттің міндетті медициналық сақтандыру жүйесін күйретіп кеткен Талапкер Иманбаев талайдан бері халықаралық іздеуде жүргендердің қатарында.Интерпол ұстап берген жоқ
Өткен аптада Қазақстан тарапы «Aстана LRT» ісі бойынша халықаралық іздеу жарияланған Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековті ұстап беру мәселесі бойынша Интерполға сұрау жолдады. Бұған дейін «Ақ жол» фракциясының депутаттарының атынан Мақсат Раманқұлов қылмыстық істің негізгі фигуранттары – қала әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана LRT» экс-басшысы Талғат Арданды ұстау шараларының атқарылып жатқанына күдік келтірген еді. Оған қоса, бұқаралық ақпарат құралдарында «Сұлтанбеков мен Ардан Интерполдың тізімінде жоқ» деген мәлімет тарады. Депутаттың айтуына қарағанда, атышулы қашқындар мен отбасы мүшелері әлеуметтік желіде Нью-Йоркте бейқам әрі молшылықта өмір сүріп жатқанын көрсетіп, жиі жазба жариялап тұрады. «Сонда қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдарды ешкім іздеп жатқан жоқ. Олар елден ұрлаған миллиардтаған ақшаны емін-еркін жұмсай алады. Демек, сол ақшаны қайтару мәселесі де кейінге қалып отыр. Шамасы біздің құқық қорғау органдарымыз олардың ақшаны толығымен жұмсағанын күтіп отырған сияқты», – деді Мақсат Раманқұлов Мәжілістің жалпы отырысында. Халықаралық іздеу жариялау тәртібіне сәйкес, Бас прокуратура алдымен Интерполдың Лион қаласындағы штаб-пәтеріне өтініш жолдапты. Алайда сотталған жеті адамның адвокаттары Қазақстан прокурорларының Интерполға берілетін тапсырысты дұрыс рәсімдей алмағанын жеткізген. Сол үшін қашып кеткен екі адамның жүрген жері белгілі болса да, оларды ұстау шарасы қолға алынып жатқан жоқ. Осылай деген депутат: «Шетелге заңсыз шығарылған ақшаны сол елдің өзі тәркілеп алуы да мүмкін. Ал оның бәрі шенеуніктердің меншігі емес, бұл – Қазақстан халқының ақшасы», – деді.Бірқатар елмен келісімшарт жасалған
Сенатор Нұрлан Бекназаров Парламент қабырғасында қылмысқа қарсы күресте бірнеше елдермен тиімді келісім жасалғанын жеткізді. Екі ел арасындағы келісім мемлекеттердің құзыретті органдары іздеуде жүрген адамды ұстап беруге және жасаған қылмыстары үшін қылмыстық жауаптылыққа тартуға негізделген. Егемендік алған жылдардан бері сот үкімін орындау үшін іздестіріп жатқан адамдарды ұстап беру саласындағы екі жақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар шарттар ратификацияланды. Айтуынша, Бас прокуратураның биыл сәуірдегі ресми ақпаратына сәйкес қазір сотталған адамдарды өз елінде жазасын өтеу үшін беру және олармен алмасу тәртібін реттеу бағытында 21 елмен шарт жасалған. Ресми ақпаратқа сәйкес еліміздің құқық қорғау органдары 2 341 адамға іздеу жариялаған. Оның ішінде мемлекетаралық іздестіруде – 750, халықаралық іздестіруде – 1591 адам. «Осындай келісімшарт арқылы қылмыс жасаған адамдардың жазасыз қалмауына, шетелдіктерге және біздің азаматтарымызға басқа елде қылмыс жасаған жағдайда өз Отандарында жазаларын өтеуіне мүмкіндік мол», – дейді сенатор.Парақорлықпен күрестің пәрменді жолы
Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов Қазақстан жемқорлыққа қарсы жұмысты реттейтін барлық халықаралық конвенцияларға қосылуды ары қарай қарқынды қамтамасыз ету керегін алға тартты. Бұл өз кезегінде халықаралық ұйымдардың мүмкіндігін пайдалануға жол ашады. Екіншіден, шетелге қашқандардың қайтарылуы пәрменді жүру үшін біздегі құқық қорғау органдары мен сот саласындағы жемқорлықтың өзімен күресу керек. Өйткені елдегі жемқорлыққа қарсы күрестің басты басымдығының бірі сот саласы мен құқық қорғау жүйесіндегі жемқорлық болуы тиіс. Әйтпесе жемқорлыққа қарсы күреске деген мемлекеттің ісіне қоғамның сенімі болмайды. Үшіншіден, Қазақстан кең-байтақ жері болғанмен, мол ақшаға қолы жетіп отырған адамдардың саны аз. «Тиісті органдар кімнің кіммен сыбайлас екенін шамалап барлығын біледі. Қашып жүрген адамдардың ұрлықпен айналысуына мүмкіндік берген, негізгі шешім қабылдағандардың да қазірге дейін елде ықпалы болуы мүмкін. Сол үшін жемқорлыққа қарсы күрес жүргізіп жүрген лауазым иелерінің табысы мен мүлкі ашық болып, Мүдделер қақтығысы туралы жеке заң қабылдануы тиіс», – дейді Әлихан Бәйменов. Осыдан кейін жемқорлыққа қарсы күресетін құқық қорғау органдарының арасындағы жауапкершіліктің аражігін ашып, кімнің немен айналысып, қандай мәселеге жауапкершілік арқалағанын анықтау керек. Соңғысы құқық қорғау органдарының ішінде азаматтық қадағалауды күшейтіп, шені бар лауазымдарды азайту жұмысын қолға алған дұрыс.Жадыра МҮСІЛІМ