Шағын және орта бизнес – кез келген ел экономикасының ұстыны. Тәуелсіздіктің 30 жылында мемлекет әрбір іскер жанға әлеуетін жүзеге асыруына, төл бизнесін ашуына жан-жақты мүмкіндік жасады. Елбасы Үкімет алдына «орта таптың негізін құрайтын кәсіпкерлікті қолдау» міндетін қойды. Қағидат қарапайым: бай адамдар көп болуы және олар елді дамытуға үлесін қосуы тиіс. Бұл игі саясат жемісін берді, отандық бизнес дағдарыс кезеңдерінде экономикаға тірек болуда, қайырымдылық жасап, мұқтаждарға жәрдемдесуде, өнер-ғылымды дамытуға септігін тигізуде.
Тәуелсіздік қазақ кәсіпкеріне не берді?
Қазақстанның жалпыұлттық басымдықтарында, Қазақстанның 2025 жылға дейінгі даму жоспарында, Қазақстан-2050 Стратегиясында шағын және орта бизнесті өркендетуге баса мән берілген. «Бұл ретте жеке кәсіпкерлік елдің әлеуметтік-экономикалық моделін өзгертуде жетекші рөл атқарады. Реформалар жетістікке жетуі үшін жаңғыруларды, ізгі өзгерістерді қалайтын, есеп беретін әрі ашық Үкіметтің болуын талап ететін, орнықты, гүлденген қоғамға ұмтылатын әлеуметтік топ өркен жаюы қажет. Кәсіпкерлер дәл осы әлеуметтік топтың өзегі бола алады және болуы керек. Ендеше шағын және орта кәсіпкерлік (ШОК) мәселелеріне мемлекет тарапынан ерекше назар аударылуы тиіс», – деген ұстанымда Ұлттық экономика министрлігі. Кәсіпкерліктің даму динамикасы оң нәтиже көрсетуде: шағын және орта кәсіпкерлік шығарған өнімдер көлемі номиналды мәнде 32,4 триллион теңгеге жетті. Қазақстанның ЖІӨ-сіндегі ШОК үлесі – 31,7%. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021 жылғы 1 қазанда шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы саны 1 млн 666,7 мыңнан асты. Оның ішінде дара кәсіпкерлер үлесі – 1 020 860 бірлік немесе 63%, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар, яғни компаниялар – 412 841 не 21%, шаруа, фермер қожалықтары – 230 358 не 15,8%, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар, кәсіпорын-компаниялар – 2 671 не 0,2%. Тағы бір дерек: 2001 жылы 119 038 жеке кәсіпкер 345,6 мың адамды жұмыспен қамтып, шамамен 78 млрд 387 млн теңгенің ғана өнімін шығарыпты. Ал қазір олардың саны 1 миллионнан асты, 2020 жылдың қорытындысында олар жұмыс беріп, жалақы төлеген адамдар саны 1 млн 353,8 мың адамға, ал шығарған өнімдерінің көлемі 1 триллион 729 млнд 842 млн теңгеге жетті. 2001 жылы елімізде жалпы саны 95 460 фермер және шаруа қожалығы болыпты, олар 311 мың адамға жұмыс беріп, 133,5 млрд теңгенің өнімін өндірген. Бүгінде ауыл кәсіпкерлерінің саны 2,5 еседей артып, 230 мыңнан асты. Оларда енді 300,5 мың адам ғана жұмыс істейді, есесіне еңбек өнімділігі еселеп артты: шығарған өнімінің жалпы құны 15 есе ұлғайып, 2 триллион 33,6 миллиард теңге болды. Жалпы алғанда, қазір шағын және орта бизнестің өзі 3,5 миллиондай адамды жұмыспен қамтып отыр. Әрбір орта кәсіпкерлік нысанында орта есеппен 146 адамнан жұмыс істейді, жұмыспен қамту 20%-ға артқан. Еңбек өнімділігі 28%-ға артты. Шағын бизнесте орта есеппен 5,5 адамнан еңбек етеді, жұмыспен қамту көрсеткіші 19%-ға кеміді: шағын кәсіпкерлер пандемия жағдайында үнемдеуге үйренуде. Нәтижесінде, еңбек өнімділігі 31%-ға өсті. Шағын кәсіпорындарда орташа айлық жалақы 141 379 теңге, орта және ірі кәсіпорындарда 207 317 теңге.Қазақстандық бизнестің ерекшелігі неде?
Сарапшылардың айтуынша, Кеңес Одағы күйреп, Қазақстан нарықтық экономикаға көшкеннен кейін қалыптасқан отандық шағын және орта бизнес, өзге елдердегіден бірнеше ерекшелікке ие. Біріншіден, бізде ШОК-тар ірі қалаларда шоғырланған. Ал ауылда, шағын және моноқалаларда бизнес әлеуеті шектеулі күйде қалды. «Өңірлік бөліністе барлық санаттағы ШОК ең көп шоғырланған жер – Нұр-Сұлтан және Алматы. ШОК-та жұмыс істейтіндердің үштен бір бөлігі – елдің осы екі ірі қаласына тиесілі. ШОК-та жұмыспен қамтудың өсуіне де қос мегаполис ең үлкен үлес қосты: тиісінше 37% және 14%. Бұл екі қала сондай-ақ ШОК-тің жалпы өндірісінің ең көп үлесін еншіледі: Алматының үлесі 26%, елорданыкі – 20%. Қос қаланың жалпы өңірлік өнімінде шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі ең жоғары: Нұр-Сұлтанда – 55%, Алматыда – 45%», – деді Ұлттық экономика министрлігі. Егер еліміз бойынша ШОК үлесі 55 пайызға жетсе, ұлттық экономика жаһандық дағдарыс-дүрбелеңде еш теңселмес еді. Демек, қос мегаполистің жетістігі өзге өңірлерге, бүкіл Қазақстанға үлгі. Қалай болғанда да, республикада микро кәсіпорындардың 86%-ы, шағын кәсіпорындардың 85%-ы және орта кәсіпорындардың 90%-ы қалаларда орналасқан. Соның ішінде тиісінше, 47%-ы, 40%-ы және 54%-ы республикалық маңызы бар қалалардың еншісінде. Моноқалаларда барлық санаттағы ШОК кәсіпорындарының тек 5%-ы орын тепкен. Моноқаладағы бизнесті ірі кәсіпорындар айқындайды екен: ірі компаниялар неғұрлым көп болса, ШОК кәсіпорындары да соғұрлым мол болады. Моноқалаларда орта есеппен 1 ірі кәсіпорынға 60-қа жуық шағын және орта кәсіпорыннан келеді. Екіншіден, Қазақстанда экспортқа бағытталған шағын және орта кәсіпорындарды дамыту үшін 2 сала ең үлкен әлеуетке ие: бұлар – тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі. Олардың жаһандық нарыққа өткізе алған өнімі отандық экспорттың жалпы көлемінің 96%-ын құрады, оның 27%-ы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Дегенмен ШОК-ты дамыту тұрғысынан тау-кен өнеркәсібінің перспективасы кемшін көрінеді: бұл сала капиталды көп қажет ететіндіктен онда негізінен ірі кәсіпорындар ұсынылған. Тау-кен саласында 1 ірі компанияға, әдетте, ШОК-тың 9 кәсіпорны ғана келеді. Айталық, ірі компания көмір өндірсе, оны тасымалдау, қоймалау, биржада саудалау, компанияларға және халыққа сату үшін шағын-орта кәсіпкерлер пайда болады. Бірақ олар бәрібір көмір өндіруші деңгейіне дейін өсе алмайды, өз деңгейінде қалады. Оған қарағанда, өңдеуші өнеркәсіптің барлық дерлік секторының шағын және орта кәсіпкерлікке құшағы ашық: салада 1 ірі компанияға 36 ШОК кәсіпорнынан келеді. Айталық, бүгін өз бетінше жиһаз жасаумен айналысып жүрген шебер жігіт іске қыры болса, қолдау көрсе, ертең осы саладағы ірі өндірушіге дейін өсе алады. Үшіншіден, бизнесмендер санын көбейту үшін мемлекет оларды қыспаққа алмауға, көп салық салмауға барынша тырысады. Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен шағын және микрокәсіпкерлік нысандарын тексеруге 3 жылдық мораторий енгізілді. Бұл сала кәсіпкерлерінің үлкен бөлігі жеңілдетілген режимде, патентпен жұмыс істейді. Мұны салықтан жалтару үшін пайдаланатындар да жетерлік. Ұлттық экономика министрлігінің мәлімдеуінше, «қадағаланбайтын, яғни көлеңкелі экономика негізінен шағын кәсіпорындар мен дара кәсіпкерлік саласында қалыптасады». «2015 жылдан бастап үлесі біртіндеп қысқарғанына қарамастан, көлеңкелі экономиканың ЖІӨ-дегі үлесі 2019 жылы 23,7% деңгейінде қалды. Қадағаланбайтын экономиканың 34%-ы – сауда, 16%-ы – көлік және қоймалау, 9%-ы – ауыл шаруашылығы және 7%-дан құрылыс және өзге де қызмет түрлерін ұсыну секторларында шоғырланған», – делінген «Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының» жаңа жобасында. Тиісінше, жаңа құжатта осы айтылған және басқа да түйткілді мәселелерді шешу амалдары қарастырылады.Бизнеске жаңа бағдарламалар әзірленеді
Кейінгі бесжылдықта, 2015-2020 жылдар аралығында барлығы 808,7 мың кәсіпкер мемлекеттік қолдау шараларының игілігін көріпті. Соның ішінде 16,3 мыңының банктерден алған несиелерінің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланған. 14,5 мыңына мемлекеттік кепілдік берілген. 2,3 мыңы – қайтарымсыз грант алған. 131 мыңына әкімдіктер инфрақұрылымдарын салып берген. 129,2 мың кәсіпкер оқытылған. 646,6 мың кәсіпкерге кеңес-консультация, сервистік қызметтер тегін көрсетілген. Қолдау шаралары ары қарай өрістетіледі. Себебі мемлекет шағын және орта кәсіпкерліктің ЖІӨ-дегі үлесін 2025 жылға дейін 35%-ға жеткізу міндеті қойып отыр. Мемлекеттік көмекті алу шарттарына өзгеріс енгізіледі. Оған сәйкес, соңғы 3 жыл бойы жылдық айналымы және салықтық төлемдері тұрақты өскен, жұмыс орындарының 80%-ы сапалы, тұрақты саналатын шағын және орта кәсіпорындарға басымдық беріледі. Өз ісін жаңа ғана бастаған кәсіпкерлер үшін «Бастау Бизнес 2.0» жол картасы» жаңа бағдарламасы әзірленеді. Онда бизнесін жаңа ашқан кәсіпкерге арналған барлық мемлекеттік шара мен құралдар біріктіріледі. Ол сондай-ақ жас кәсіпкерлерді қолдау бөлігінде қазіргі «Бизнестің жол картасы – 2025», нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мембағдарламасын ауыстырады. Осы орайда тиісті ережелерде «ісін жаңа бастаған кәсіпкерге» нақты анықтама беріледі және оларды қолдау бойынша уақыт шегі бекітіледі. Негізгі қағидат ісін жаңа бастаған кәсіпкерді шектеулі уақыт кезеңінде орнықты өсу мен даму траекториясына шығуға ынталандыру болмақ. Қарқынды дамушы компаниялар үшін де жеке бағдарлама қабылданады, ол «Бәсекеге қабілеттілік» деп аталады. Онда отандық және шетелдік нарықта бәсекеге қабілетті әрі тез өсіп келе жатқан шағын және орта кәсіпорындарға берілетін барлық мемлекеттік шара мен құрал-тетіктер біріктіріледі. Әйтпесе, олар әртүрлі мембағдарламаларға шашырап кеткендіктен, бизнесмендер өзіне мемқолдау шарасының қандай толық топтамасы қарастырылғанын білмейді. Жаңа бағдарламаға сай мемлекеттік цифрлық платформада бизнес нысандарының рейтингісі түзіледі, сол арқылы қолдауға лайық кәсіпорындар іріктеледі. Ережелерде «бәсекеге қабілетті және тез өсетін ШОК» санатына қайсысы жататыны нақты анықталады. Әйелдер мен жастарды кәсіпкерлік қызметке молынан тарту үшін кәсіпкерлердің осы топтарына арнап, қаржылық емес қолдаудан, инфрақұрылымдық көмектен және қаржы құралдарынан тұратын арнайы пакеттер әзірленетін болады. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды өз бизнесін ашуға ынталандыру және қаржыландыру үшін жеке қор құрылады.Айхан ШӘРІП