Жаһандану жағдайындағы журналистиканы жасай алдық
Жаһандану жағдайындағы журналистиканы жасай алдық
Сауытбек аға! Қасым ақын­ның айтқаны бар ғой, «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деп. Адам­ды ешкім де оның өзінен ар­тық біле алмайды. Сондықтан бү­гін өзіңіздің өмір жолыңыз, жур­налистік бел-белестеріңіз туралы әңгімелесеңіз деймін. Бала күні­ңіз­де кім болуды армандаушы едіңіз? – Әдетте қалам ұстағандар ба­ла күнінде ақын болуды, жа­зу­шы болуды армандағанын айтады ғой. Ал мен әдебиет сыншысы бо­луды армандадым. Қалай дей­сіз ғой? Сегізінші сыныпта жүр­генімізде біздің Сәкен Сейфуллин атындағы мектебімізде есте қала­тын бір кездесу өтті. «Жұлдыз» журналына жазылуды насихаттап жүрген үш қаламгер келген. Үше­уінің де аты-жөні есімде қалды: Қалаубек Тұрсынқұлов, Сабыр­хан Асанов, Зейнолла Серікқа­лиев. Сол үшеуінің ішінде маған Зейнолла Серікқалиев қатты әсер етті. Бойы, ойы, келісті келбеті, қайратты қара шашы, соншама сырбаздығы, сөйлеу мәнері, киім киісі, айтқан әңгімесі тіпті бөлек­ше. Тіпті, маған сыншының жа­нында ақын да, жазушы да ештеңе еместей көрінгені де рас. Сөйткен Зекеңмен кейін студенттік шақта кәдімгідей аға-іні болып араласып кеттік. Керемет кісі еді. Абиту­риент кезде алдына сәлем бере барып, Келесте, Бесқұбырдағы мек­тепте өткен кездесуді есіне салғанмын. Жөн білгеніме риза болды. Риза болғаны ғой, ешқан­дай жазған-сызғанымды оқымай жатып-ақ, сол арада бір тапсырма беріп те жіберді. Тапсырмасы – Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде Қазақ ССР-нің 50 жылдығына арналып өткізіліп жатқан қолөнер көрмесі жайында мақала жазып келу. Бардым, көр­дім, жаздым. Ол кісі беттің ширек бөлігінен асатын сол мақаланы сарт еткізіп, беттің ширек бөлігіне шығарды да жіберді. «Көрмеден алған әсерлер» деп аталатын. 1970 жылы 3 қыркүйекте басылды. «Со­циалистік Қазақстанға» кіш­кентай хабарың жарияланса да қуанатын кез ғой. Оқуға жаңа түсіп жатқан бала жігіттің көлемді мақаласы біздің курста әжептәуір назар аударарлық жай болды. Зекеңнің сол қамқорлығы маған қатты қанат бітірді дей аламын. Бесінші курс бастала бергенде Кино жөніндегі мемлекеттік ко­митетке орналасқаным, одан «Социалистік Қазақстанға» ша­қыртылғаным (иә, шақыртыл­ғаным – Айтматовпен сұхбаттан кейін іле-шала Сапар Байжанов іздеттірген еді), редакцияда 12 жыл жұмыс істеп, 1987 жылдың басында Орталық комитетке ал­дыртылғаным жөнінде бұры­н айтқаным да, жазғаным да бар. – Қазіргі оқырмандар ол заман­дағы партиялық жұмыстың жағ­дайын, оның бас штабындағы жұ­мыс жайлы біле бермейді. Осы жөнінде де айтып өтсеңіз. – Ол қызметтің салмағына бай­ланысты бір жайды ғана есіме түсірумен шектелейін. 1985 жыл­дың аяқ шенінен бастап мені Орталық комитетке Насихат және үгіт бөліміне шақырту жиі­летілді. Тапсырманы береді де жатады. Біресе ана облыстың, біресе мына облыстың газетіне, сан түрлі тақырыпқа шолу жаса­тады да жатады. Оны не бөлім меңгерушісі, не редактор білмеуі керегін ескертеді. Содан редак­ция­ның жұмысынан басқа да ша­руалар атқарып жүргеніңді тағы айта алмайсың. Және не жаз­саң да тек орысша жазуың керек. Бара-бара ай сайын кемін­де бір шолу жасатуға көшті. Енді жүрегім бір нәрсе сезе бастады. Ештеңе сұрай алмайсың, әрине. Тапсырған газетінің тігіндісін үй­ге алып келесің де, айтқан уа­қы­тында жазғаныңды алып барасың. Бір күні тіпті тосын тапсырма бе­рілді. Шолуды үш-төрт сағатта жазып тастауым керек екен. Бас­пасөз секторының нұсқаушысы Ризабек Әдуовке: «Жарайды, ты­ғыз екен, таңертең алып келейін» десем, «Жоқ, болмайды. Бізге қа­зір керек» дейді. Неге сонша жанықтыратынын тағы айтпайды. Баспасөз кабинеті деген болатын. Газет-журнал тігінділерінің бәрі сонда сақталады. Сол жерден маған бір үстел бөліп қойыпты. Қайтерсің, отыра қалып, айтыл­ған тақырыптағы мақалаларды тез іздеп, талдап, жанталаса жа­зып бердім. Машинкаға бастыр­маған күйі алып қалды. Екі ай өткенде жұмысқа қабылдандым. Бірте-бірте үйренісіп, кейін тіпті сектор жігіттерімен жұмыстан кейін дастарқандас та бола бас­тадық. Сондай бір отырыста Ри­забектен жайлап сұрамаймын ба: «Реке, ана жолғы не қылған ты­ғыз тапсырма? Кабинетке отыр­ғызып қойып жазғыздыңыздар ғой тіпті» деп. «Тығыз тапсырма еді ғой» дейді. Деуін дегенмен, көзінде күлкінің ұшқыны бар. Ақыры айтқыздым. Сөйтсем, былай болған екен. Менің жазып беріп жүрген қағаздарым бөлім басшылығына ұнапты. Мектепте де, университетте де қазақша оқы­ған, қазақ газетінде жұмыс істейді, сонда да орысшасы еркін деп өздерінің арасында мақтапты. Жұмысқа шақыру жөнінде алдын ала ұйғарым да жасалыпты. Енді әркім-әркімнен сыр тартып, пікір сұрай бастағанда біреу: «Орыс­шасы қалай сонша еркін болады? Әйелі орыстілді журналист, бас­пада істейді. Жазып бермесе де, жаз­ғандарын түзетіп беретін шы­ғар» деп қалады. «Снять вопрос» деген бар, күдік-күмәннің бәрінің басын ашу керек. Сөйтіп, Риза­бекке шолуды кабинетте дайын­дату, өзі жазатынына көз жеткізу жөнінде тапсырма беріледі... Міне, партияның кезінде кадр іріктеу осылай жүргізілетін. Бә­рінің жолы, жөні бар еді. Совхоз басқармаған адамның, аудандық атқару комитетінің төрағалығы­нан өтпеген адамның аудан бас­қарып шыға келуі деген болмай­тын. Оқу бітірген жастардың жол­дама бойынша сол кадрды қажет етіп тұрған жерге жіберілуі, мысалы Шиелі қызының Зай­саннан, Баянауыл жігітінің Бай­ға­ниннен бір-ақ шығуы, сол жақ­та үйленіп, тұрмыс құрып, үй­лі-баранды болуы, тамыр тар­тып кетуі кәдуілгі жай еді. Елдің әр қиырында да бір кезде басқа өңір­ден келген адамдар көп бо­латын. Қазақ сөйтіп араласып-құраласып, құдандаласып, арлы-берлі сапырылысып жататын, туған жер мен тұрған жер ұғым­дары біте қайнасып кететін. Қазір сан түрлі себепке байланысты ха­лықтың ішкі миграциясы тө­мендеді, өңірлердің кадр алмасуы жоққа жуықтады. Ротация деген тоқтауға тақау тұр. Осылай жал­ғаса берсе, санадағы региона­лиз­мнің күшеюі оп-оңай. Оны өзіміз қолдан жасап алған боламыз. – Сіз Ақпарат министрі қыз­метінде жүргеніңізде бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі заңды Парламентте өткізгеніңізбен, Конституциялық кеңестің шешімі бойынша оның бірер бабы Негізгі заңға үйлеспейді деп танылған еді. Ақыры Президент заңға вето қой­ды. Сол жөнінде бүгінде не айтар едіңіз? – Айтарымды сол күні-ақ те­ледидардағы кешкі жаңалықтарда айтқанмын. «Бұл шешім, әрине заңды ұсынған, қорғаған адам ретінде мені соншалықты қуанта қоймайды, бірақ заңға бағынатын азамат ретінде де, Президент ко­мандасының мүшесі ретінде де бұл шешімді мойындаймын» де­генмін. Басшылық жағы ол сөзіме түсіністікпен қарады. Мұндағы мәселе – бұқаралық ақпарат құралдарындағы сын мақалалар тиісті орындарда қаралуға, шешім қабылдануға, ол шешім БАҚ-қа хабарлануға тиісті деген бапқа байланысты. Конституциялық ке­ңес ол бапты демократиялық қағидаттарға қайшы келеді деп шешті. Бәлкім, біз заңға ол бапты тым қатқыл түрде жазып жіберген болармыз, оны мойындаймын. Бәрібір, жазылған сөз жазылған жерінде, көрсетілген сюжет көр­се­тілген жерінде қала беретіні, БАҚ көтерген мәселелер бойын­ша тексеру жүргізілмейтіні, нақ­ты шешім қабылданбайтыны, нә­тижесі халыққа хабарланбай­тыны да онша жақсы нәрсе емес деп санаймын. Содан да БАҚ-тың беделі түсіп барады. Депутат ретінде осы мәселені бұдан бұрын бір көтеріп байқап едім, ол ұсы­ныс та Үкімет тарапынан қолдау таба қоймады. Тегінде, ендігі жер­де бұқаралық ақпарат құралдары қоғамға ықпалды қоғамдық пі­кірге ықпал ету арқылы ғана жа­сай алатын болатын шығар. Түбі соған келеміз, бірақ біз өтпелі кезеңде мемлекеттілікті күшейту үшін осындай ұстаным қажет деп санағанымыз рас. – Өзіңіздің журналистік қолтаңбаңыздың ерекшелігін қалай сипаттар едіңіз? – Әуелден тақырыбымды тап­тым дей аламын. Жақын ағам – суретші, мүсінші Амангелді Тұр­сыновтың Ташкентте әуелде көркемдік училищеде, кейіннен театр-көркемсурет институтында оқығанының көп пайдасын көр­дім. Музей, галереяларға талай ертіп апарған. Ауылға келгенде сурет альбомдарына қызыға қа­райтынмын. Бір жолы Орал Таң­сықбаевтың үйіне де барғанбыз. Бір өкініштісі, ауыл баласының ұяңдығынан мен ол кісінің ше­берханасына кіре алмадым, қо­лын да ала алмадым, тек сырты­нан, ағамды аулаға шығарып сал­ғанда 20 шақты метр жерден ғана көрдім. Түр-тұлғасын ол кез­де кітаптағы суретінен танитын Сәбит Мұқановқа ұқсатқаным есім­де. Өнерге қатты қызығып өс­тім. Университетке түсе сала өнер туралы жазып кеттім деуге де болады. Кино туралы жаза­тын­дар ол кезде сирек болатын. Сту­дент кезде Кинематографистер одағының сыйлығын алғанмын. Театр премьераларынан қалмай­тынбыз. 1974 жылы «Қан мен тер» спектаклі КСРО Мемлекеттік сыйлығын алғанда «Социалистік Қазақстан» лауреаттар туралы портреттік мақалалар циклін бе­руді бастады. Сонда маған Фарида Шәріпова туралы жазу тапсы­рылған. Сенгендері ғой. Өнер жа­йындағы мақалалар жаза жүріп, өзім де сұлулықты сергек сезіне түстім дей аламын. Тағы бір ерекшелік ретінде саяси публицистикаға бел шеше араласқанымды атағаным дұрыс шығар. Тәуелсіздіктің 30 жылды­ғы қарсаңында осы бағытта жаз­ғандарымның басын қосып, бес томдық етіп шығарудың сәті түс­келі тұр, бұйыртса. Саяси жур­налистиканың, соның ішінде репортаж жанрының орнығуына нақты үлес қоса алдым деуімнің де артығы болмас. Әлемнің көп­теген елінен Елбасы сапарларына байланысты шұғыл репортажды жиі жолдап отырдым. Оларда хабарламалық пен талдамалық сипаттың астасып келетіні назар аударарлық сипат сияқты. Бұл 30 жылда біз жаһандану жағдайындағы журналистиканы жасай алдық. Осы істің бел ор­тасында жүргенім, әлемдік ау­қымда сөз қозғауға, әлемге Қазақ­станның көзімен қарауға, Қа­зақстанға әлемнің көзқарасын көрсетуге барымды салғаным көзі қарақты жұртшылыққа аян деп ойлаймын. Қазақтың халықара­лық журналистикасында өз ор­ным бар екенін білемін. – Өзіңіз кезінде талай кісіден сұхбат алдыңыз. Ерекше сұхбат­тарды еске түсіре аласыз ба? – «Егемен Қазақстанның» бас­­шысы Дархан Қыдырәлі ба­уырым осыдан екі-үш айдай бұ­рын жолыққанда: «Аға, мерейто­йыңыз келе жатыр. Бір кітабы­ңызды шығарып, тарту еткіміз келеді. Шерхан, Әбіш ағалардың кітаптары үлгісінде құрастырмақ ойымыз бар» дегенде көп ойла­нып тұрмай-ақ «онда сұхбат­та­рымның жинағын жасағанымыз дұрыс болар, олар ешқашан кі­тапқа шықпаған» дегенмін. Ра­сында да, төменгі курстарда жүр­генде-ақ Батыр Закиров, Андрей Эшпай, Людмила Чурсина сияқ­ты өнер жұлдыздарымен жүздесіп, ойларын оқырманға жеткізе ал­ған едім. Одан кейін «Социалистік Қазақстанның» әдебиет және өнер бөлімінде істегенімде, әсі­ресе «Егемен Қазақстанды» бас­қар­ған жылдарда қазақтың небір жақсысы мен жайсаңымен ара­ласу, әңгімелесу бақыты маңда­йыма жазылды. Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаевтың да, Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да газетке сұхбат беруін сұрағанда бетімді қайтарған жері жоқ. Ғабит Мүсіреповпен, Бәйкен Әші­мов­пен, Төрегелді Шармановпен, Бибігүл Төлегеновамен, Олжас Сүлейменовпен, Нұрмахан Жан­төринмен, Гүлфайруз Исмайы­ловамен, Ескендір Хасанғалиев­пен, Сатыбалды Нарымбетовпен, Асанәлі Әшімовпен, Сәбит Ораз­баевпен әңгімелескен сәттердің әсері еш ұмытылмайды. Өзге елдердің әдебиет, өнер майтал­мандарымен де талай рет жолыға алдым. Олардың арасынан Шың­ғыс Айтматов, Сергей Михалков, Андрей Кончаловский, Людмила Зыкина, Махмұд Эсенбаев, Ми­хаил Ульянов, Сергей Соловьев сияқты саңлақтарды бөле айтуға болады. Тәжікстанның, Грузия­ның, Египеттің президенттерінен сұхбат алудың сәті түсті. Мухам­мад Хосни Мубаракпен жасалған сұхбат Каирдың «Аль-Хабар» газетіне 980 мыңдық таралыммен басылған еді. Эмомоли Рах­мон­мен сұхбатты Тәжікстанның газеттері үш тілде – тәжікше, өз­бекше, орысша жариялаған. – Сіз Мәжіліске Қазақстан халқы Ассамблеясынан екінші рет сайланып отырсыз. Сондағы де­путаттық топқа жетекшілік етесіз. Этносаралық кикілжің болған сайын Ассамблеяның атына айты­латын сын жөнінде не дер едіңіз? – 2018 жылдың аяғында Ассамблея төрағасының сол кез­дегі орынбасары Дархан Мыңбай екеуміз Мәскеуге бардық. Прези­дент Әкімшілігінде, Мемлекеттік думада, Ұлттар істері жөніндегі федералдық агенттікте болдық. Қай жердегі кездесуде де бізге Ресей халықтарының Ассамблея­сы Қазақстанның осы саладағы тәжірибесін зерттеуден, Қазақ­стан халқы Ассамблеясының жұмыс үлгісін үйренуден кейін құрылғанын ашық айтып жатты. Сөз жоқ, біздің Ассамблея – Елбасымыздың өте сәтті шешім­дерінің бірі. 1992-1994 жылдарда қазақ жерінде, тәуелсіз қазақ елінде ұлтаралық қатынастарда қандайлық қиындықтар, қиын­дықтар емес-ау – қатерлі сәттер болғанын білмейтін немесе соны ұмытып үлгерген адамдар ғана Ассамблеяға қырын қарай алады. Осы арқылы унитарлық мемле­кетте ұлт мәселесін реттеудің нақты тетігінің бірі табылғаны талассыз. Президент, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА Ке­ңесінің кеңейтілген отыры­сында сөйлеген сөзінде Ассамблеяның міндеті әртүрлі этностық топтар­дың мүдделерін қорғау деп қана қарау оның аясын тарылтатынын атап айтты. Ассамблея ұлт бірлігін нығайтудың нақты құралына айналғанын, барлық азаматтарды ортақ мемлекеттілік идеясының төңірегіне топтасуға қызмет еткенін қадап көрсетті. Иә, бүгінде Ассамблея жұмы­сының өзіндік бір трансформа­циясы жүріп жатыр. Алдағы кезде Ассамблея жалпыұлттық ынты­мақ­тастықтың институты, халық бірлігінің символы ретінде өзінің орнын нығайта түсуге тиіс. Ай­тылып жатқан сынның орынды тұстарынан қорытынды жасай білуіміз керек. Жалпыұлттық деген сөзде көп мағына жатыр. Ұлттық ұйысу ғана ұлы мұраттарға бастайды. Бұл арада ұлт сөзінің қазақшада екі ұғымды қатар қамтитынын ескеру керек. Біреуі – «нацио­нальность» мағынасындағы ұлт. Екіншісі – «нация» мағынасын­дағы ұлт. Біз екінші мағынаны алға шығарып тұрмыз. «Ұлттық ғылым академиясы», «Ұлттық банк», «Ұлттық кітапхана» деген­де біз ұлттың осы мағынасын ай­тамыз. Ана бір жылдардағы тү­сініспеушілік немесе дұрыстап түсіндірмеушілік қазақстандық­тарды біріктіретін ұлт қалып­тастыру қазақ ұлтын жоюға алып келеді деген сияқты ыңғайсыз әңгімеге апарып соқтырғаны есте. Жоқ, бұл идея қазақты ұлт ретінде жоюға алып келмейді, бұл идея қазақты ұлтты ұйыстырушы халық ретінде биіктете түседі, елдегі барша этностарды қазақ­тардың төңірегіне топтастыра түседі. Бұл тұрғыдағы ұлт ұғымы мемлекеттіліктің бір синониміне айналады. Көпұлтты мемлекет дегенді әртүрлі ұлттардың («на­циональность») басын біріктірген деген мағынасында түсіну керек. «Нация» мағынасында алғанда көпұлтты мемлекет болмайды. Бұл мағынада елде бір ғана ұлт болады. Сондықтан да Қасым-Жомарт Кемелұлы жалпыұлттық бірлікті қуатты мемлекет болудың басты кепілі деп атап көрсетіп отыр. Жалпыұлттық бірлікке жал­пыға ортақ, бір ұлтқа бірігу, тұтас ұлтқа айналу арқылы ғана қол жетеді. Қазақ халқы ел иесі, жер иесі ретінде сол ұлттың ұйыс­тырушысы болуы тиіс. Жақында Қазығұрт ауданында ұлт бірлігіне қызмет ететін ірі іс-шара өтті. Айтулы азаматымыз Бе­кет Тұрғараевтың ұйымдасты­руымен Алаш арыстарына ес­керткіш қойылды. Сонда сөз бе­рілгенде «ұлт» сөзін өзіне сай келетін кең мағынада Алаш арыс­тары алғаш қолданғанын, ұлттық идея туын тұңғыш көтергенін бірауыз айтқанбыз. Демек, ұлт болып ұйысу, көпэтносты мемле­кеттің мәйегіне, бастаушы, топ­тастырушы күшке айналу бізге – Алаш арыстары қалдырған аманат. – Сауытбек аға! Өмірдің бір биік белесінің алдында тұрсыз. Жетпістің жотасына көтеріліп жатырсыз. Өткен жолға көз тас­тап қандай ой түйесіз?  – Қытайлықтарда «Өтпелі кезеңде өмір сүр!» деген сөз бар. Біреулер халық сөзі дейді, бі­реулер Конфуцийге (Құңфұдзы) телиді. Біреулер қарғыс дейді, біреулер тілек дейді. Қалай түсіну адамның өзіне байланысты. Мен өзім тілек түрінде түсінгім келеді. Сіз айтқан жастың тұп-тура 30 жылы тәуелсіздік кезеңінде өтті. Жалпы, мына біздің ұрпақ жердің бетіне адамзат тарихының аса бір қызғылықты белесінде келгенін шамалаймын. Біз туғанда соғыс аяқталып, шаруашылық қалпына келіп, жан жарасы жазыла бас­таған кез еді. Жұрттың иығы бү­тінделіп, көңілі көтеріліп үлгерген болатын. Мектеп бітіретін шағы­мызға дейін кеңестік экономика кәдімгідей еңсесін тіктеп, ірі-ірі міндеттерді шешіп үлгерді. «То­қырау» деп аталып жүрген кезең­нің келеңсіздіктерін, әңгіменің ашығы керек, жастық шақтың жалынымен, албырт көңілдің арынымен өз басым онша сезіне қойған жоқпын. Қырықтағы қыл­шылдаған жасымызда тәуелсіздік келді. Президент сайлауын өткі­зуден, инаугурацияны ұйым­дас­тырудан бастап, Әкімшілікте, Мәдениет министрлігінде, Те­ле­радиокорпорацияда басшылық жұмыстарда болдық. Ақпарат министрі қызметіне де тағайын­далдым. Қазақтың бас газетін 16 жыл бойы басқару бақыты маң­дайыма бұйырды. Қазір де ат үстінде жүрмін. Қазақ журналисі көре алатын құрметтің бәрін көр­дім десем, мұным асылық сөз болмас. Елмен бірге тыныстап, Елбасының қамшылар жағынан шығысып, Тұңғыш Президенттің таңдауы түскен тұлғаның – Мем­лекет басшысының қолынан биік марапаттар алып, ұл-қызымның, немерелерімнің ортасында жүріп жатырмын. Адамның бақыты баян­ды болуының басты кепілі – өз тағдырын елінің тағдырымен байланыстыра білуі. Ең баянды бақыт – еліңнің бақыты. Сол ба­қытты сезіне алсаң, сол бақыттың бағасын білсең, өзіңнің де адам ре­тінде бақытты болғаның. Мен­де сол сезім бар. Шүкір. Тәубе. Мың тәубе. Елдің болашағы жарқын деп кәміл сенемін. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Әлихан ИСМАН