Аман болса анасы, бақытты ғой баласы
Аман болса анасы, бақытты ғой баласы

Тәуелсіздік алғалы президент Жол­­дау­ла­рында ана мен бала мәселесі на­зар­дан тыс қалған емес. Өйткені әйелдер от­ба­­сы­ның ұйыт­қысы ғана емес, мемлекеттің де ті­ре­­гі.

Елбасының 2012 жылы «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»  атты Жолдауында Нұрсұлтан Назарбаев бұл туралы ерекше айтты. «Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты» деген ол зайырлы мемлекетімізде әйел адамдардың сапалы білім алып, жақсы жұмысқа ие болуы және тәуелсіз болуы үшін барлық жағдайды жасау керегі қадап айтылды. Әлімсақтан бері әйел заты қоғамның теңқұқылы мүшесі, ал ана оның ең ардақты тұлғасы болды. «Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз.  Біз ананы қорғап-қолдауы­мыз керек. Мені отбасында әйелдер мен бала­ларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көр­сету жайттарының көбеюі алаңдатады. Әйелді құрметтемеу деген болмау керек. Бірден айтайын, ондай зорлық-зомбы­лықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс», – деді Елбасы халыққа арнаған Жолдауында. Жыныстық құлдыққа, әйелге тауар ретінде қарайтын көзқарасқа айрықша қатаң түрде тыйым салынып, толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан балаларға көмекті аямау керек екені баса айтылды. Бұл үшін жалғызбасты аналарға икемді еңбек түрлерін қалыптастырып, үйде жұмыс істеуіне жағдай туғызу керек. Мемлекет пен заң аналардың емін-еркін еңбек етіп, бала тәрбиесімен айналысуына барлық жағдай жасауы тиіс. Балалардың денсаулығы мен құқығын қорғау саласында Жолдауда көрсетілген басым бағыттар біртіндеп жүзеге асып келеді. Мәселен, бұған дейін елдегі балалар үйінің санын азайтып, әр бала отбасында тәрбиеленуі керектігі көтерілген. Бүгінде мемлекетіміз бен қоғамымыз жетімдерді асырап алуды және отбасы типіндегі балалар үйлерінің салынуына барынша назар аударып жатыр. Сондай-ақ Елбасы ерлердің әйелдер мен балаларға жауапсыз көзқарас танытуы санғасырлық дәстүрімізге, мәде­ниетімізге жат екенін жеткізіп, қоғамымыз­дың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі саналатын балалардың құқығы ешқашан аяққа тапталуға тиіс емесін талап етті.  Екіншіден, болашаққа ең үлкен инвестиция – бала тәрбиелеу. Осы кез келген бала жақсы білім алып, озық оқу орындарына түсуіне барлық жағдай жасау маңызды. Бұл тұрғыда «Балапан» бағдарламасы жүзеге асып, зияткерлік мектептер, Назарбаев университеті, «Болашақ» бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Ана мен баланы қорғау, отбасы және неке саласындағы заңнамаларға да түзетулер енгізіліп, оларға қарсы бағытталған қылмыс үшін жазалар күшейтіліп келеді. Бұл бойынша да алға қойылған міндеттер жалғасын таба бермек. Бұдан бөлек, көпбалалы аналарға жағдай жасау, көпбалалы болуды ынталандыру жүйесін реформалауға да ба­сым­дық беріліп келеді. Сондай-ақ бүгінде «Аңсаған сәби» жобасы да сәтті жұмыс істей бастады. Былтыр Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын іске қосуды тапсырды. «ЭКО» бағдарламасы­мен квотаны 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту міндеті қойылды. Ал күні кеше ғана осы жоба ал­ғашқы жемісін берді. Сәби сүйе алмай жүрген отбасыларды қолдау мақсатындағы Мем­лекет басшысы­ның бағдарламасы ар­қасында балалы болуға мүмкіндік алған алғашқы отбасында нәресте дүние есігін ашты.

Алдыңғы кезекте ана мен баланы қорғау

Бүгінде елімізде ана мен баланың құқығын қорғайтын орталықтар мен мекемелер көптеп ашыла бастады. Осыдан 15 жыл бұрын Үкімет Жарлығымен Білім және ғылым министрлігінің жанынан балалар құқығын қорғау жөніндегі комитет құрылған болатын. Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасы кризистік орталықтар одағы» мекемесі жұмыс істейді. Бұл  мекеменің республиканың 11 өңірінде 18 ұйымы жұмыс істеп тұр. Оның  міндеті – ана мен баланың құқығын қорғау. Орталықта 150 нөмірі арқылы балаларға, 1415 нөмірі арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерге көмек көрсетіледі. Адам саудасы қылмысының алдын алу үшін сенім телефондары тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ 13 жыл бұрын республиканың барлық аймағында балалар құқығын қорғай­тын және оларға заңдық, психология­лық, ақпараттық тұрғыдан көмек көрсетіп, қолдау білдіретін департамент құрылды.

 Бала болашағы – бас партияның бақылауында

«Nur Otan» партиясы  өз тарапынан ана мен бала құқығын қамтамасыз ету саласында  игілікті істердің жаршысы болып келеді.  Мысалы, партияның «Бақытты отбасы» жалпыұлттық жобасының басты басымдығы да балалар құқығын қорғауға бағытталған. Жобаны жүзеге асыру үшін партия жанынан отбасы, әйелдер және балалардың құқық­тарын қорғау жөніндегі республика­лық қо­ғам­дық кеңес құрылып,  «Жол картасы»  да әзірленген. Дәл осы Отбасы, әйелдер және бала­лардың құқықтарын қорғау жөнін­дегі республикалық қоғамдық кеңес елдегі бірқатар заңға ана мен баланы қорғау туралы өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар жасады. Мәселен, екі жыл бұрын қоғамдық кеңесте 220-дан астам елді мекендегі 1 350-ден астам ме­кемелер тексеріліп, ол бойынша тиісті қадағалау жоғы айтылды. Сөйтіп, балаларға мұқият болуға шақыру, балалар құқығын қор­ғауды шешудегі өзекті мәселелер мен тетіктерді қайта қарастыруды ұсынған болатын. Сондай-ақ партия елімізде ерекше қа­жет­­тіліктері бар балаларды оқытатын  меди­циналық әлеуметтік мекемелер проблемасын да  көтерді. Соның арқасында мүмкін­дігі шектеулі жандардың арбалары мен  кереуеттерін жаңарту,  камералар орнату және  жақсарту бойынша жұмыстар атқарылып келеді. Ал былтырдан бастап Тұңғыш Президент қорының қолдауымен барлық меди­циналық әлеуметтік мекеме мамандарына балаларға дұрыс күтім жасауды үйрететін  оқыту мен сертификаттауды ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.

Әлеуметтік қолдау жалғаса береді

Мемлекеттің маңызды міндеті – анаға ерекше қамқорлық жасау. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту депар­таменті­нің директоры Асқар Ниязовтың айтуынша, бұл орайда ана мен баланы қолдаудың ұлттық моделі құрылған. Қазір отбасыларды әлеуметтік қолдаудың әртүрлі нысаны бар. 2005 жылдан бастап балалы отбасыларды қолдаудың тұтас жүйесі енгізілді. Ол бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақыны, барлық отбасы үшін бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты және аз қамтылған отбасылардан шыққан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы төлеуді көздейді. «Жәрдемақы мөлшері отбасындағы балалардың санына байланысты. Бірінші, екінші, үшінші бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы 110 846 теңгені құрайды, ал төртінші және одан көп балаға 183 771 теңге тағайындалады. Жұмыс істемейтін ата-аналар үшін бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша да жәрдемақы төленеді. Бұл отбасының табысына қарамастан тағайындалады және төрт баладан асқаннан кейін артып отырады. Бірінші балаға – 16 802 теңге, екінші балаға – 19 865, үшінші балаға – 22 899 теңге, төртінші және одан көп балаға 25 962 теңге беріледі», – дейді Асқар Ниязов. 2010 жылдан бастап мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отыр­ған ата-аналарға, қамқоршыларға да жәр­демақы енгізілген. Ал биыл қазаннан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заң­нама­лық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес, мүгедектіктің себебіне қарамастан бірінші топтағы мүге­декке күтімді жүзеге асыратын адамға 48 023 теңге жәрдемақы енгізілді. Сондай-ақ 2018 жылдан бастап 18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедектігі бар адамның күтіміне 48 023 теңге жәрдемақы беріледі.   Ана болуды қолдау және аналардың беделін арттыру мақсатында 2010 жылдан бастап көпбалалы аналарды наградтау шарттары өзгерді. Бұл бойынша «Алтын алқа» алқасымен жеті және одан да көп баласы бар аналар, алты баланың анасы «Күміс алқа» алқасымен наградталады. Сонымен қатар мемлекеттік жәрдемақы мөлшері биылдан бастап 18 669 теңгеге өскен.  Былтырдан бері 4 және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар көп­балалы отбасыларға отбасындағы балалар санына байланысты жәрдемақы енгізілді. Асқар Ниязов көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары да бала туудың өсуіне оң әсер еткенін алға тартты. Соңғы 10 жылда жыл сайын дүниеге келген балалар­дың абсолюттік саны 367 752-ден 426 824-ке дейін өскен. Бұдан бөлек, 2008 жылдан бастап «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ қаражаты есебінен жұмыс істейтін азаматтар үшін әлеуметтік төлемдер енгізілді. «Мәселен, биыл қазандағы есеп бойынша жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда 91,0 млрд теңге сомасына 172,3 мың адам төлем алған. Бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне 112,8 млрд  теңге сомасына 563,5 мың адамға төлем берілді», – деді Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры. Айта кету керек, 2014 жылдан бастап жұмыс істейтін әйелдер үшін бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыста болған кезеңінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау енгізілді. Соның ар­қасында республикалық бюджеттен МӘСҚ-тан бір жасқа дейінгі бала күтімі бо­йынша әлеуметтік төлем алушылардың зейнетақы шоттарына 5,2 млрд теңге аударылыпты. Ана мен баланы қорғау – тәуелсіз мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі. Өйткені ана мен баланың өмірі сақталып, құқығы қорғалған елде ғана тәуелсіз ұрпағы­ның бойында ұлтқа деген сүйіспеншілік болады. Ұлтқа жанашырлық болған жерде егемен елдің ертеңі де жарқын болмақ.

Жадыра МҮСІЛІМ