Сарыарқада су тартылды

Сарыарқада су тартылды

Қарағанды облысының ау­ма­ғында Нұра-Сарысу, Бал­қаш-Алакөл, Есіл, Ертіс және Тобыл-Торғай өзендерінің бас­сейн­деріне кіретін көптеген өзен мен көл бар. Ресми дерек­терде облыстағы өзен-көлдер көлемі жүздеп саналады, бірақ жылда су тапшылығы сезіледі. Неге?

Негізі, Қарағанды жерінде 599 су объектісі, оның ішінде 107 өзен, 83 көл, 409 жасанды су қоймасы, гид­ро­техникалық құрылыстар салынған бө­гет бар. Өзендер Теңіз, Қарасор, Бал­­қаш және Ертіс өзендерінің тұзсыз көлдері­нің бассейндеріне жатады. Өзен желі­сінің тығыздығы солтүстік­тен оңтүс­тік­ке қарай жер бетіне бай­ланысты тө­­мен­дейді. 11 өзеннің ұзын­дығы 100 ша­­қы­рымнан асады. Осы­ған қарап аймақта суға деген зәрулік жоқ па дер­сіз? Де­генмен сөз басында айтқа­ны­мыз­дай, жылда жазғы уақытта дау туады.

Жазда шыққан дау

Жаймашуақ жазда «Қарағанды өңі­ріндегі Шерубайнұра өзені тартылып барады» деген сөз шықты. Оны Қара­мұрын ауылының халқы бастады. Дау­дың негізі «неден болды?» деген сұрақ әр көкейде болды. Сөйтсек, Шеру­бай­нұра өзенінің суы тартыла бастаған екен. Жылда сарқырап ағып жатқан өзен, биыл шынымен күрт азайып қал­ған. Шаруалар: «Биылғы құрғақ­шы­лықтың зардабы», – деді. Айтар болсақ, Шерубайнұра – Ор­талық Қазақстандағы ең ірі өзендердің бірі. Қарағанды өңіріндегі бірнеше су қоймасы дәл осы өзеннің бойында тұр. Қазір бұл маңды қамыс басып кетіпті. Қарамұрын ауылының тұрғындары: «Ол сулардың орнына қамыс өсіп жа­тыр. Қамысқа әртүрлі шыбын-шіркей келеді. Сосын ауылға ауру әкеледі. Еш­қандай жағдайымыз жоқ, мал су ішетін жер жоқ. Салған бақшаға су құя алмаймыз», – деп жаңайқайын жеткіз­ген болатын.

Су тартылуы диқанға байланысты ма?

Қарамұрын ауылының тұрғындары: «Судың тартылуына осы маңдағы картоп егетін шаруашылық кінәлі», – дейді. Айтуларынша, олар бірнеше гектар алқапқа еккен көкөністерін өзен суымен суарады екен. Сол уақытта телеарналардың біріне сұхбат берген Қарамұрын ауылының тұрғыны Нұр­лыхан Бейсенбаев: «ЖШС сорғы қой­ды. Ана жерде қатарынан 15 сорғы тұр. Әр жақта картоп салып жатыр. Сол кар­топқа бүкіл судың бәрін тасып, алып кетті. Біздің айтарымыз, сор­ғының бәрін алып, суаруды тоқтатсын» десе, бағбандар өзеннің тартылуын биылғы қуаңшылықпен байланыс­ты­рады. Судың азайып кеткенін олар шілденің басында байқаған. «Содан бері картопты суару мүмкін болмай тұр», – деп ақталды. Ал өзеннен күнделікті қанша су алғаны әрбір сорғыда орнатылған есептегіш құралда анық жазылып тұрады екен. Компания директоры Сергей Шибанов: «Біз өзен суын пайдалану үшін тиісті мекемелерден рұқсат алғанбыз. Сол құжатта көрсе­тілген мөлшерден артық алмаймыз. Өзеннің тартылуына басқа жағдай себеп деп есептеймін. Бұрындары ар­найы платиналар салынып, сол ар­қылы өзен суы толықтырылып отыра­тын. Қазір оның бірі жоқ. Оның үстіне, биылғы жаз жаңбырсыз болды. Тіпті, жерасты суларының да деңгейі ана­ғұрлым түсіп кеткен. Мамандар соңғы екі жыл қатарынан өңірде қуаңшылық болғанын растайды» деп өз уәжін айтқан болатын. Нұра-Сарысу бассейні инспекция­сының басшысы Мүслім Аққожин болса: «Біз жаздың жаңбырсыз бола­тынын күткен жоқпыз. Қуаңшылықтың салдары өзен-көлдерге де әсер етіп жатыр. Ал картоп егетін шаруашылыққа рұқсат бергеніміз рас. Себебі оларды да сусыз қалдыруға болмайды. Өңірдегі азық-түлік қорын жасақтайтын ең ірі компанияның бірі ғой», – деді.

Қар тоқтату неге жоқ?

Негізі, құрғақшылық – табиғаттың бір «сыйы». Алдағы жылдың жазы қа­лай боларын ғалымдар да айтып бере алмайды. Әр уақытта дайын болуымыз қажет. Ол үшін не істеуіміз керек? Біздің пайымдауымызша, бүгінде осы сауалға жауап табу маңызды. Кеңес уақытын айтсақ, өткенді аңсаушы деген сөзге қаламыз. Бірақ сол уақыттан керегін алуымыз керек-ақ. Сол кезде қыста қар тоқтату деген болатын. Қазір де бар. Бірақ ірі шаруа қожалықтары ғана мұны пайдаланады. Неге? Өйткені шағын қожалықтарда техника жоқ. Бар болғанның өзінде шөп тасуға қолданады. Болмаса көк­темдегі жер жырту мен егістікке дән себуге ғана қаңтарып қояды. Қардың қалың түсуі мен тоң қатуы диқан үшін – байлық. Бұрын қыста астық алқаптарын тырналап жүретін. «Трактор тіліп өткен аумақтарға тағы да қар жиналып, оның қалыңдығы өсе береді. Ал көктемде оның бәрі жерге сіңіп, топырақтағы ылғал көлемі ар­тады. Соған сәйкес, алынатын өнім көлемі де көп болады. Әсіресе, жауын-шашын аз болатын жылдары бұл технологияның пайдасы керемет», – дейді мамандар.

Біз нені ұмыттық?

Интернетті ақтарып отырып қы­зықты дәйекке тап болдық. Сөйтсек қар­ды тоқтату технологиясы негізі өт­кен ғасырдың 60-жылдары пайда бол­ған екен. Оны Қазақстандағы Алек­сандр Бараев атындағы орталық ма­мандары ойлап тауып, Кеңес Ода­ғы­ның қысы қатты аймақтарына енгізген екен. Бірақ тәуелсіздік алған жылдары біртін­деп қолданысы азайды. Бертін келе, тіптен ұмытыла бастады. Енді отан­дық мамандар оны одан сайын жетілдіріп, қайта жандандыруды көздеп отыр. Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры Кенже Абдуллаев бірде: «Бұл – жақсы технология. Біздің ғалымдар көпжыл­дық зерттеудің арқасында жылына 5 центнерден аса өнімді қосады. Өткен жылы күзде дайындадық. Айнала­мыздағы шаруалар 11 центнерден алып жатқанда, біз 16-20 центнер аралы­ғын­да үлкен өнім алдық. Қазір бұл тех­нологияны еліміздегі ірі шауашылық өкілдері қолданады. Ал орта және ша­ғын егіс алқаптарында ондай бел­сен­­ділік жоқ. Бұл ақпараттық насихат­тың аздығына байланысты. Басқа жағынан қалтаға салмақ салатыны тағы бар. Бірақ қалай болғанда да оны пайдаланған диқанның ұтыларынан ұтары көп» деген еді. Қысқасы, диқанға да, мал суарған ауыл адамына да керегі – су. Ол өз қолымызда екені баршаға аян. Бірақ жазда қысқа даярланатынымыз тәрізді, қыста жазға әзірлену дәстүрі ұмытыла бастады. Жерде тоң, қыста қар тоқтату болмаса, өзен-көл тартылмағанда қайтеді?!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы