Су тапшылығы: үрей мен үнем
Су тапшылығы: үрей мен үнем
525
оқылды

Су тапшылығы туралы дабыл қағылғанына көп болды. Осы­дан 10 жыл бұрын «2050 жылдары әлем елдері арасында су ресурстары үшін соғыс болуы мүмкін» деген болжам ай­тыл­ған. Оның басы ауыл шаруашылығындағы қуаңшылық пен қым­­бат­­шылықтан басталатын ашаршылықтан туындайды-мыс деген де үрей болған. Сол айтылғандай, су тапшылығы елі­мізде жыл­­дан-жылға қатты сезіліп келеді. Мұның 3 себебі бар. Бі­ріншіден, та­­­­би­­ғат циклында судың азаю кезеңінің бас­талғаны байқалуда. Соңғы 3 жылда бұл құбылыс бірте-бір­те күшейіп келеді. Екін­­­шіден, еліміздегі су көздерінің бір­қатары, нақтырақ айтсақ 9 ірі өзен торабының 4-еуі бас­тауын көрші елдерден алады. Сол ел­­­дерде суды тұтыну арт­ты. Үшіншіден, өзімізде егін алқап­­­­та­­рының аумақтары ұлғаю­да. Мұның барлығы түптеп келгенде су­­ды үнемдеудің өзек­тілігіне алып келіп отыр.

Вегетация – күрделі кезең

Судың ең үлкен тұтынушысы ауыл шаруашылығы екені белгілі. Соның ішінде егін салған диқандар үшін су жетіспеушілігі еңбегін еш етіп, шығынға батырмақ. Былтырғы вегетациялық кезеңде бірқатар өңір­де қиындық туындағанымен, суару маусымы тыныш өткен бо­латын. Бірақ биыл былтырғы проб­лемалар алдымыздан қайта шығып, су тапшылығы ушыға түспесіне ке­піл жоқ. Экология, геология және та­биғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев 2020 жылдың веге­та­циялық кезеңінің қорытындылары туралы Үкімет отырысында жасаған баяндамасында осыған назар ау­дарды. «Соңғы 3 жылда Қазақстан суы аз циклге енді. 2019 жылы өзен­дер ағысының жалпы көлемі 83 ша­­­­қырым текше метр болды. Бұл ұзақ жылдар бойғы орташа көр­сет­кіштен 20%-ға аз. Айта кету керек, рес­публика бойынша пайдала­ны­латын судың 97%-ы оңтүстіктегі төрт облысқа тиесілі. Республика бойын­ша пайдаланылған судың нақ­ты көлемі былтыр 13,3 шақырым текше метрді құрады. Бұл 2019 жыл­мен салыстырғанда 1 шақырым тек­ше метрге артық. 2020 жылғы ве­гета­­ция­лық кезең тұрақты өтті. Де­ген­­­мен өте шиеленісті болды», – де­ді ол. Оңтүстік облыстардағы ве­гета­ция­лық кезеңге жеке-жеке тоқ­тал­ған министр былтыр Алматы об­лы­сында қар жамылғысы өткен жыл­дармен салыстырғанда 35%-ға аз болғанын, Іле өзенінің ағындылығы екі-үш есе азайғанын, ал суармалы жер­лердің ауданы 2019 жылмен са­лыстырғанда 11%-ға ұлғайғанын айтқан болатын. Жамбыл облысын­да да орташа су көлемі жылдық де­рек­тен 15-20 пайызға төмен болған. Түркістан облысында Сырдария өзенінің ағыны 2020 жылы 15%-ға азайған. Оның негізгі ресурсы бо­лып табылатын Тоқтоғұл су қой­ма­сының (Қырғыз Республикасы) көлемі 2019 жылға қарағанда 2 млрд текше метрге кем болды. Ал Қы­зыл­орда облысына жалпы республика бойынша пайдаланылған ағын судың 43%-ы тиесілі болған. Жал­пы, төрт облыста ағын су мен веге­тацияға қатысты өте күрделі жағдай байқалады. Сондықтан министрлік суды үнемдеу шарасын ұсынып отыр.

Күріш пен мақта судың жауы

Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев 2030 жылға дейін суармалы жерлердің көлемін 3 мил­лион гектарға дейін жеткізуді тап­сырған болатын. Егістік алқабы ұл­ғаюының арқасында өнім көлемі мен одан түсетін табыс та арта түседі де­ген сөз. Бұл тапсырманы орындау үшін онсыз да тапшы суды одан сайын үнемдеу қажет. Осы ретте ми­нистрлік төрт бағытты ұсынып отыр. Олар біріншіден, суды көп қа­жет ететін егіншілік түрлерін қыс­қарту, яғни күріш егістігін 29 мың гек­тарға азайту (Қызылорда – 15 мың га, Алматы – 10 мың га, Түр­кі­с­тан – 4 мың га). Бұл бір текше ша­қырым суды үнемдеуге мүмкіндік бермек. Екіншіден, кемінде 750 мың гектар алаңда су үнемдеуші суару технологияларын енгізуді жалғастыру керек. Бұл орташа алғанда 30%-ға дейін суды үнемдеуге септігін тигізбек екен. Үшіншіден, 6 мың шақырымдық суару желілерін қайта жаңартып, 119 негізгі магист­ральді каналдарға цифрландыруды жаппай енгізу қажет. Соның есе­бінен жылына 2 шақырым текше метр су үнемделетін болады. Төртін­шіден, алдағы 10 жылда 3,6 ша­қы­рым текше метр көлемінде су жи­нақ­тау үшін 39 жаңа су қоймасы салынуы керек, сонда 394 мың гек­тар жаңа суармалы жер су кө­зімен қамтамасыз етіледі. Сонда ғана, шамамен 8,8 шақырым текше метр су артық үнемделіп, онымен жаңа алқаптарды суаруға мүмкіндік ту­мақ. Оңтүстік өңірлердегі транс­ше­каралық су көздеріне тәуел­ділік ескеріле отырып, жаңа суармалы жер­лер шығыс және солтүстік өңір­лерде ашылуы тиіс. «Қызылордада күріш егістігінің ауданы 90 мың гектарды құрайды. Ал агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) да­мыту бағдарламасына сәйкес мұн­дағы егіс алқабы 75 мың гектар­дан аспауы тиіс. Алматы облысында да пайдаланылатын судың 10%-ы немесе жылына 350 млн текше метр су күріш алқабына жұмсалады. Ал 2 мың гектар алқаптағы күрішке кететін суға кейбір дәнді-дақыл­дардың 15-20 мың гектарын өсіруге болады. Күрішпен қатар мақта ал­қаптары да қысқармақ. 2018 жылы 132,5 мың га жерге мақта егілген болса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 110 мыңды құрады», – дейді «Қазсушар» РМК орталық ап­паратының Экс­плуа­тация және су пайдалану бө­лі­мінің басшысы Ербол Салихбаев. су Биыл вегетациялық кезеңде су тапшылығы ерекше сезілетіндей реті бар. Өйткені оңтүстіктегі су қойма­лары қажетті су қорын жинақтап болған жоқ. Ал суару маусымына бір-ақ ай қалды. «Биыл Сырдарияда су аз. Оның себебі өзеннің бастауындағы екі ар­на Нарын мен Қарадарияда су­­дың аздығы. Қазір Тоқтоғұлдағы су тө­мендеді. Нағыз маусымдық суа­ру­ға су жинау керек болғанда, қыр­ғыздар суды көп тастап жатыр. Қа­зірдің өзінде онда 9,8 млрд су қалды. Одан төмендегі Әндіжан мен Шарбақты су қоймасында да су аз. Содан келіп Шардараға түсе­тін су көлемі төмен­деп кетті. Шар­­дараға 1,1 млрд су ке­рек. Көк­сарай­ға да сондай көлем­де. Жалпы, кө­­ле­мі 2 млрд-тан аса су қажет. Бір ай қалды. Наурыздың ая­­­ғына дейін су жиналмаса, мау­сымдық суаруға су­­­дың тапшылығы қазірден бастап сезіліп тұр. Сол се­­­­бептен бүгінде ви­це-министрлер өңірлерге барып, түсіндіру жұмыста­рын жүргізу­де», – дейді Экология, геология және та­­биғи ресурстар ми­нистрлігі Су ре­­­сурстары комитеті тө­ра­ға­сының орынбасары Сембай Сейсенов.

Су – саяси ресурс

Еліміздің географиялық орна­ласуына қарай, елімізге келетін 4 ірі өзен өз бастауын көрші мемлекет­тер­ден алатыны белгілі. Су тапшы­лы­ғындағы басты мәселелердің бірі осы болып отыр. Мәселен, Ертіс пен Іленің бастауы Қытайда, Сыр­да­рия Қырғыз Республикасы, Тә­жік­стан, Өзбек­стан жерлерімен өтеді. Жайық өзе­нінің қайнар көзі Ресейде жатыр. Соңғы 30 жылда осы трансшекара­лық су мәселелерін реттеуде ортақ нақ­ты келісімнің болмауы тек аг­роөн­­діріс си­па­тындағы ғана емес, эко­логиялық мәселеге алып келе жатыр. Сон­дықтан мемлекетаралық қа­тынаста су саяси ресурсқа айнал­мауы қажет. Оның бір мысалы – Арал теңізі. «Мемлекетіміз су саясатын кү­шейт­пейінше, Арал мен Сырда­рия­дағы су проблемасы күрделене бе­р­е­ді. Тіпті, осылай жалғаса бере­тін болса, алдағы 10 жылда Кіші Арал да толықтай кебеді. Экологиялық апат одан сайын шиеленісе түседі. Өзіңіз ойлаңызшы, 30 жыл болды, өзбекпен де, қырғызбен де ортақ суды пайдалануда бір мәмілеге келе алмай отырмыз. Өзбек бізбен келіс­пей қаншама су қоймаларын салып тастады. Суды қайдан алып жатыр? Әрине, Сырдариядан! Дарияның басында отырған мемлекеттер ортақ судан жылына 12 млрд текше метр суды Қазақстанға жіберуге міндетті. Оның өзінде де бұл көрсеткіш Кеңес Одағы бекітіп берген құжаттардан қалған. Оны өзгертіп, Қазақстанның қазіргі және болашақ су жағдайына бейімдеп, қазақ суының мүддесіне қарай халықаралық заңдылықтарға сүйеніп, жаңа лимит бекітіп алуды әзірге Үкімет те, бүкіл Қазақстанның су мүддесін қорғауға күші жетпей отырған комитет те ескермей отыр. Неге қазақ Үкіметі БҰҰ-ға жүгін­бей­ді? Алда су тапшылығы ғасыры ке­­ле жатқанда, су сияқты стратегия­лық аса маңызды ресурсқа саяси маңыз бермей, бейқам отырғаны қалай? Сондықтан Арал тағдырын алға тартып, сол лимит көлемін халықаралық су конвенциясымен, БҰҰ-ның қатысуымен қайта қарап, Қазақстанның лимитін Арал үшін ұлғайтуға қол жеткізу қажет», – дей­ді тәуелсіз журналист-сарапшы Айт­күл Шалғынбаева. Су тапшылығы мәселесінің ас­қынып кетуіндегі бір себеп, мемле­кет­тік саясатта жатқаны рас. Өйт­кені ол өз алдына министрлік неме­се агенттік емес, тек комитет дең­гейін­де қарастырылады. Ол аз де­гендей су шаруашылығының әр са­ласына әртүрлі ведомство жауап бе­реді. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген осы. «Суармалы жерлерге қажетті су­ды Ауыл шаруашылығы министр­лігі қарайды. Көктемгі тасқын су­мен Төтенше жағдайлар министр­лігі күреседі. Ауызсу мәселесіне Инно­­вация министрлігі жауап бе­реді. Қал­ғаны Экология министр­лі­гінде. Осылардың барлығын бірік­ті­ріп, жоқ дегенде агенттік құру қажет. Сонда жерасты сулары бар, жауын-шашын суы бар барлығын үйлес­­­тіріп, су тапшылығын шешуге бо­­­лады. Әйтпесе, Төтенше жағдай­лар министрлігі үшін тасқын судың ағып өтіп кеткені, ешкімге залалын тигіз­­­бегені маңызды. Арна қазғанда да сондай есеппен қазады. Негізі, еріген қар суын ұстап қалып, сол алқапты суаруға жұмсауға болады. Ондай тәжірибе Кеңес кезінен бар. Егер өз алдына ведомство құрылар болса, су шаруашылығына қатысты ұлттық саясат та қалыптасар еді. Бұ­­­рын Жам­­­был облысында су шаруа­­­­­шылығы мамандарын даяр­лай­тын үш оқу орны болатын. Зерт­теу инс­­­титуты бар-тұғын. Сондай ин­­­фра­­­­құрылымды қалпына келтіру қажет. Ташкентте бұл үрдіс сақталып қал­­­­ған. Біздің мамандар сол жаққа ба­­­рып оқуға мәжбүр», – дейді Қа­зақ­стан Су шаруашылығы қауым­дас­­­­­тығының жетекшісі Нұрлан Атша­баров. Бүгінде Экология, геология жә­не табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстарын қалыптастыру жөнін­дегі ұлттық жобаға ұсыныстар қа­был­дауда. Қауымдастық өкілдері осындай бірқатар ұсынысын берген екен. Бұл жоба өзектілігі артқан су тапшылығы мәселесін шешеріне сенім мол. Қазір еліміздегі су тұ­тыну көлемінің 65% ауыл шаруа­­шы­­лы­ғына тиесілі десек, оны сапа­­лы су­мен уақытылы және жеткілікті кө­лем­де қамту еліміздің азық-түлік қауіп­сіздігінің кепілі болмақ.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИ