«Ерекше сезім». Моңғолиядағы қазақ балалары фильмдерді қазақ тілінде дубляждағаны үшін «Болашақ» қорына алғыс айтты
«Ерекше сезім». Моңғолиядағы қазақ балалары фильмдерді қазақ тілінде дубляждағаны үшін «Болашақ» қорына алғыс айтты

Баян-Өлгей қаласында тұратын балдырған көрермендер 2011 жылы тікелей Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асқан, болашақтықтардың «Өзіңнен баста» қорының жобасы аясында онлайн-кинотеатрларда көрсетілетін дубляждалған мультфильмдердің бірін де қалт жібермей, үзбей тамашалайды.

«Біз, Моңғолияда тұратын қазақ балалары, сіздерге «Өзіңнен баста» жобасы үшін алғыс айтқымыз келеді. Осындай игі іспен айналысып, тамаша фильмдерді сапалы дубляжбен ана тілінде ұсынғандарыңыз үшін рақмет. Шетелде тұратын қазақтар үшін бұл керемет мүмкіндік. Өзге тілдерде көру мүмкіндігі болуына қарамастан, ана тілінде тамашалаудың жөні бөлек. Ол – ерекше сезім. Жобаны тоқтатпай, ары қарай дамыта беріңіздер. Осындай қызықты голливудтың туындылар қазақ тілінде жиі шыққанын қалаймын», –деді жоба жанкүйерлерінің бірі Дулат Арафат.  
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 

Публикация от Корпоративный фонд «Болашақ» (@bolashakcharity)

Сондай-ақ, балалар видеода «Болашақ» бағдарламасының түлектері құрған қорды 10 жылдық мерейтойымен құттықтады. Айта кету керек, болашақтықтардың шетелдік фильмдерді мемлекеттік тілге дубляждауы әлемдегі бірегей және бірден бір жеке бастама. 10 жыл ішінде «Өзіңнен баста» жобасы аясында бюджеттен тыс қаражат есебінен Disney, Pixar, Marvel және Sony Pictures секілді жетекші әлемдік киностудиялардың 37 фильмі ең жоғары халықаралық стандарт бойынша тікелей ағылшын тілінен қазақ тіліне дубляждалды. Олардың ішінде «Мулан», «Батыл  жүрек», «Коко құпиясы», «Моана», «Малефисента», «Аладдин», «Жан» және т.б. картиналар бар. 25 қарашада қазақстандықтарға қазақ тіліндегі тағы бір әлемдік премьера – «Энканто» фильмі жол тартпақ. Еске сала кетейік, бұған дейін «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің құрметті мүшесі Бауыржан Байбек қазақ тілі түрік тілінен кейінгі дубляждағы екінші түркі тілі және «Walt Disney» компаниясының тарихындағы 39-шы тіл болғанын айтқан еді. Сонымен қатар, қазақ тілі Шығыс Еуропа мен ТМД елдері үшін шығарылатын Blu-Ray-да көруге арналған қолжетімді голливудтық фильмдердің 7 негізгі тілдерінің қатарына енді.

Жобаның арқасында бүгінде 100-ден астам қазақстандық актер «Walt Disney Pictures» дауыстық базасында тұр. Шығармашылық және техникалық мамандықтардың 203 өкілі «Walt Disney Pictures» студиясының стандарттары бойынша дубляж бойынша оқудан өтті.