Биыл жыл басынан бері қос азаматтығы үшін 80-нен астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл – тек ШҚО Бесқарағай Полиция бөлімшесінің көші-қон қызметінде тіркелген факт. Зейнет жасындағылардан бөлек, қос азаматтық алып жүрген жастар да бар екен. Таяуда соның бірі ұсталды.
«24 жастағы қыз 2021 жылдың мамыр айында Томск қаласында Ресей Федерациясының азаматтығын алған, алайда осы уақытқа дейін бұл факт туралы Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарына немесе Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерін хабардар етпей, сондай-ақ ҚР азаматының паспорты мен жеке куәлігін тапсырмаған, осылай Қазақстан заңнамасын бұзды. Ол ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімі бойынша 200 АЕК айыппұл төлейді», – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев. Шетелдіктен ҚР азаматының жеке куәлігі мен паспорты алынып, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру туралы шешім шықты. Көші-қон қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, елде қос азаматтыққа жол берілмейтінін және көші-қон заңнамасын сақтауды сұрайтынын тағы еске салып отыр.М.ХАҚНАЗАР