Қос азаматтық алуды қомсынбайды
Қос азаматтық алуды қомсынбайды
© коллаж: Елдар Қаба
298
оқылды

Таяуда 17 жыл бойы Қазақстаннан да, Ресейден де зейнетақы алып келген Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны ұсталды. Яғни, қос азаматтығы болған. Осылай екі елдің арасында емін-еркін бар мүмкіндігін пайдаланып келген. Елімізде қос азаматтыққа заңмен тыйым салынған. Бірақ оны елеп-ескермегендер азаймай отыр. Ал қос азаматтықтың түбіне үңілсек, мемлекеттің беріктігіне тигізер залалы орасан. Ендеше неге ауыздықтай алмадық? 

Нақты есебін ешкім білмейді

Жалпы, қос азаматтық та­қырыбы мәселе ретінде соңғы 2-3 жылдан бері емес, 10-15 жылдық­тың төңірегінен қозғалып келеді. 2010 жылдардан бастап елдің сол­түстігіндегі өңірлерден екі елдің төлқұжатын арқалаған жандар анықтала бастаған. Конститу­цияның 10-бабы, 3-тармағына сәйкес, елімізде қос азаматтыққа жол жоқ. «Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды» деп анық жазылып тұр. Шетел азаматы бір мезгілде Қазақстан Республика­сының азаматы бола алмайды. Өзге елдің азаматтығын алар кезде осы айтылғандарды елеп-ескер­медік дейтіндердің сөзіне сене қою қиын. Айла асырғысы келген­дердің басым көпшілігі мұндай қадамға қандай да бір материалдық мүддені көздеп баратын секілді. Екі мемлекеттен бөлінетін зей­нетақыны, әлеуметтік төлемдерді пайдасына жаратқысы келетіні айқын. 2016 жылы қаңтар-қараша ай­ла­рының аралығында елімізде қос азаматтығы бар 581 адам осы заң­бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Со­ның ішінде Қазақстан азаматы­ның төлқұжатын, жеке куәлігін заңсыз пайдаланып келген 281 тұл­ғаға айыппұл салынса, өзге мем­лекеттің азаматтығын иелен­генін хабарламаған 294 адамға тиісті шара қолданылған. Яғни, 294 адамның 166-сы айыппұл ар­қалап, қалған 128-і елден қуы­лып­ты. Берідегі жағдай да сол сарында. 2019 жылы Қазақстанда қос аза­маттығы бар 500 адам анықталғаны белгілі болса, 2020 жылы 585 аза­мат табылған. Әлі де кездесіп жа­тыр. Демек, 19 миллион халықтың ішінде қанша адам Қазақстан аза­­маттығын шетелдік төлқұ­жат­пен қатар алып жүргені беймәлім. 2018 жылы Ішкі істер министрлігі тексеріс жүргізіп, өзге елдің төлқұ­жатын жасырған 15 мың қазақ­стандықты тапқан. Көпшілігі Ре­сей азаматтығын алған. Бір қызы­ғы, сол 15 мыңның бар болғаны 555-і жауапқа тартылып, 102-сі ғана республикадан аластатылған, ал қалғаны айыппұл төлеп құты­лыпты. Бұған қарап, қос азаматтық мәселесі шынымен қоғамды мең­деп бара жатқанын аңғарсақ керек. Олар тек әлеуметтік төлемдер мен басқа да мүмкіндіктерді мақ­сат тұтпайтын тәрізді. Кейбірі ел­дің атқарушы органдарына бас сұқ­қан. Шығыс Қазақстан және Пав­лодар облыстарындағы екі мем­лекеттік қызметшінің қос аза­маттығы бары анықталды. Мем­лекеттік қызметшілердің қос аза­маттығы болуы – жаға ұстатарлық жағдай. Себебі жалпақ жұрт біле бермейтін, жариялауға жатпайтын дүниелердің басым бөлігі нақ осы мемлекеттік қызметшілердің қолында болуы мүмкін. Демек, қос азаматтығы барлардан саяси қауіп те күтуге болады. Кейде еліміздегі шенеуніктер мен депутаттардың арасында өзге мемлекеттің пас­пор­тын алғандар туралы еміс-еміс естіліп қалатын, қазір бұл туралы ақпарат айтылмай кетті.

Ұлттық қауіпсіздікке тигізер залалы

Кейбір адамдар бұл тақырыпты қозғағанда бірнеше азаматтық алу­ға рұқсат берген елдерді мысалға алып, қарсы пікір айтуы мүмкін. Расымен Аргентина, Канада, Аус­тралия, Барбадос, Кипр, Уругвай, Мексика, Ямайка, Колумбия, Пә­кістан, Латвия сияқты елдер би­патризмге рұқсат береді. Бірақ зия­нын ысырып, пайдалы тұс­та­рын өз мүддесіне пайдаланады. Бұл елдердің бірқатары инвес­тор­ларға азаматтықты байлығы үшін береді, сөйтіп оның ақшасын ел экономикасына жаратады. Мем­лекеттік қызметкерлерге, құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет өкілдеріне, жұмысы мем­лекеттік құпияға байланысты қыз­меткерлер мен әскери қызмет­кер­лерге қос азаматтық алуға тыйым салады. Яғни, әлемнің кез келген елі қос азаматтықты толық мақұл­дамаған. Мақұлдаса да, мүддесіне орай істейді. Ал енді өзімізге оралсақ. Қос аза­маттықтың ел үшін төндірер қаупі көп екен. Оны саясаттанушы Расул Жұмалы да айтып отыр. Маманның сөзіне сенсек, әсіресе Ресей билігі одақтастарына аза­маттық үлестіріп, мүддесін іске асыр­ғысы келеді. – Елімізде қос азаматтыққа ты­йым салынғанын білеміз. Яғни, заң бар. Жетілген мемлекеттерде қос азаматтыққа рұқсат берілгенін білеміз. Алайда ол елдердің ішкі әлеуметтік мәселесі шешілген, сыртқы елдерге тәуелдігі төмен. Ал басқаларға тақырып әлі де өзекті. Қос азаматтық несімен қауіпті? Алдымен қос азаматтығы барлар­дың ішкі істерге араласып, қысым жасау қаупі бар. Мысалы, 90-жыл­дардың басында жағдай мүшкіл болды. Сол кезде Ресей «бірталай көмек береміз» дегенді желеу етіп Грузия құрамындағы осетиндер мен абхаздардың көбіне Ресей азаматтығын берді. Бұған салғырт қараған Грузия басшылығы да рұқсат берді. Осылай екі азамат­ты­ғы барлар қаптады. Екіншіден, «қос азаматтығы барлар қай елге қызмет етеді, елімізге жанашыр бола ала ма?» деген сауал бар. Танымдық тұрғыдан да мәселе көріп отырмыз. Бұдан бөлек, олар екі елден де әлеуметтік көмек немесе зей­нет­ақы алып отырады. Сайлауларға қатысып, халықтың таңдауын өзгертуге ықпал етеді. Сондықтан қос азаматтыққа заңмен тыйым салғанымыз – жөн іс. Қатаң қада­ғалау жағы жетіспей отыр, жауап­кершілікті күшейту қажет. Оларды айыппұл салып, елден аластатқанға қоса, жазаны да күшейтуіміз тиіс секілді, – дейді маман. Елімізде қос азаматтықпен ұсталған адамдарға жаза расымен жеңілдеу. Ал оларды анықтау қиын ба? Негізінен қос азаматтығы барлар шекарадағы паспорттық тексерістен өткенде не мемлекеттік жәрдемақы алғанда анықталады екен. Сонда Қазақстан мен шетел арасындағы заң орындарының ақ­парат алмасуы, халыққа қызмет ету орталықтарының тетіктері қайда қалды? Күштік құрылым­дардың осындайдағы әлсіздік танытуы таңғалдырады. «Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 496-бабында: «Қазақ­стан азаматтығынан айырылған адам Қазақстан Республикасы аза­матының паспортын немесе жеке куәлігін одан әрі пайдаланса, оған 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады», – деп көрсетілген. Ал көлік айдау ережесін бұзғаны үшін кей жағ­дай­ларда әлдеқайда қатаң жаза қол­данылады. Мұны жақсы біле­тіндер айыппұлды төлеп, тайраңдай берері даусыз. Яғни, қос азамат­тыққа тыйым салғанмен, оған өзі­міз ыңғайлы жағдай қалыптас­тырып отырғандаймыз. Талай мәрте талқыланып, қор­даланған бір мәселе бар еді. Ата­жұртын іздеп келген қандастардың өзі азаматтық ала алмай шарқ ұрып жүр. Бірақ бір азаматтыққа көңілі көншімей, барына тағы біреуін қосарлап алатындарды қайтеміз? Заң осал ма, әлде жаза осал ма?

Мадияр ТӨЛЕУ