Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің дерегіне сай, елімізде жыл сайын шамамен 10 мың сотталушы бостандыққа шығады екен. Бірақ сол жазасын өтеген жандардың түзеліп, енді қайта қылмыс жасамасына ешкім кепілдік бермейді. Шынында да, бір емес, екі-үш рет қылмыс жасап, түрмеден алыстағысы келмейтіндер бар. Оның себебі де жоқ емес. Біреу өмірге бейімделе алмайды, енді біреу екі қолға бір күрек таппай жұмыссыз сенделеді. Ал осындай жағдайда қалған жанға түрмеден басқа жол бар ма?
Түрме бой үйренер мекен бе?
Таяуда Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев еліміздің түрмелерінде отырған жазасын өтеушілер жайлы сөз еткен болатын. Ведомство басшысының есебіне жүгінсек, осы күні республикадағы 64 түрме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың азамат қамауда отыр екен. Олардың 93 пайызы, яғни, шамамен 31,6 мыңы ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған. Бір қызығы, сотталушылардың 45 пайызы бірнеше рет қылмыс жасап, қайта бас бостандығынан айырылыпты. Демек, бұлар бұрын түрмеден түзеліп шықпаған, қоғам өмірін жатсынған жандар. Негізі, елімізде сотталушыларды бейімдеу іс-шаралары көптеп қарастырылған. Әуелі «олар мұндай қадамға неліктен баруы мүмкін?» деген сауалға жауап іздеп көрелік. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті бірнеше себепті алға тартады. Түзу жолға түсуге деген ниетінің жоқтығы, тұрақты жұмысының болмауы немесе ішімдік не есірткіге тәуелділік. Түрткі саналған бұл тізімдегі себептердің бары рас. Одан бөлек әрі басты мәселе – қылмысқа итермелеуші салдарды саралағанда сотталғандардың ұзақ жылдар бойы қоғамдық өмірден тысқары қалуы. Бұл оларды әлеуметтен алыстатып, жат етері сөзсіз. Осы себепке қарап, қазір жазасын өтеушілерді әлеуметтендіру маңызды екенін ұғамыз. Ал Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов, жауапты органдар бұл жағынан қол қусырып отырмаған тәрізді. – Түзеу мекемелерінің әкімшіліктері жазасын өтеуші әр азаматқа әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету үшін жеке бағдарлама құрады. Босап шыққанға дейін ол әр азаматқа нақты болуы тиіс. Тәрбие жұмысымен қатар оның құқықтары мен міндеттемелері түсіндіріліп, бостандықта қайда тұратыны, жұмыс істейтіні, туыстарымен қарым-қатынасы, әлеуметтік қарым-қатынасы, сондай-ақ әлеуметтік қажеттіліктері сұралады. Осы мәліметтер әкімдіктерге, полиция мен пробация қызметтеріне жолданады», – деді Жанат Ешмағамбетов. Бейімдеу мақсатындағы тиімді амалдар да жоқ емес. Түрмеден шыққан азаматтардың жұмыс тауып, қоғамның белсенді мүшесі болып кетуі үшін Ішкі істер министрлігі жанынан құрылған «Еңбек» кәсіпорны бас бостандығынан айырылған және түзеу бөлімінде жатқан азаматтарды өндірістік-шаруашылық саласына еңбекке тартумен шұғылданады. Бір рет жаза басқан адамның түрмеде өткен өмірі оның болашағына өмір бойы кедергі болмауы қажет. Әйтпесе, сол санамен шалыс қадамға тағы ұрынуы мүмкін. Сотталғандарды жұмысқа тарту үшін «Еңбек» РМК кәсіпорны бар. Өңірлердегі 13 бөлімшесі 4 мыңға жуық жанды жұмыспен қамтып отыр. Әрине, жыл сайын 10 мың адам бостандыққа шығарын ескерсек, 4 мың ғана адамды жұмыспен қамтып отырған мекеменің ауқымы әлі кең емес. Бірақ бір қуантары, қазір мекеме ескі ғимараттарды жалға алып, түрлі саладағы қажетті құралдарды өндіретін кішігірім зауыттар салуды бастаған. Мәселен, елордада тігін фабрикасы ашылмақ. Ал өзге өңірлерге қарасты жобалар жоспарланып жатыр екен. Дегенмен тағы бір шикілікті аңғарғандаймыз. Әр аймақтан ашылып, белгілі бір сала жағынан оқытып, мамандық алып шығуды қарастыратын орталықтар бар. Жергілікті атқарушы органдар жанынан жұмыс істейтін бұл әлеуметтік бейімдеу орталықтарына жүгінгендер санаулы дедік. Себебі бостандыққа шыққан азаматтар үшін мұндай орталықтың да өз талаптары жетерлік. Мысалы, оған жазасын өтеп болған соң тұрғылықты жері жоқ және өмірде қиындыққа ұшыраған азаматтар ғана барады. Қалғаны елеусіз бе? Бәлкім, осы жағын да ойланған жөн шығар. Оның бір дәлелі – осындай орталық көмегіне 2019 жылы еліміз бойынша 477 адам ғана жүгінген.«Адасқанның айыбы жоқ, үйірін қайта тапқан соң»
Еңбекпен емдеудің жайын айттық. Ал санадағы ақау мен қоғам көзқарасын қайда қалдырамыз? Ел арасында «отырып шыққан» деген қарабайыр сөз жұртты сескендіреді. Соның әсерінен жұмыс берушілер де, қарапайым жұрт та ондай азаматтарға сенбейді, күмән келтіреді. Бұл да қайта қылмысқа жүгініп, мәселесін «шешуге» үгіттейтін сыңайлы. Құқықтық мәселелер бойынша сарапшы, заңгер Талант Рамазанов түзету мекемелеріндегі жалаң қағидалар қылмыскерді түзетудің орнына кері әсер етіп жатқанын баяндап отыр. – Мемлекет те, түрме де жазалаушы емес, түзеуші. Бір жаңсақ қағида қалыптасқан. Қылмысына қарай жаза өлшеуге бейімбіз. Қылмыскерге жаза қинауға емес, түзету үшін қолданылады. Себебі сотталушының «жаза кезеңінен» кейінгі өмірін ойлау қажет. Кей жағдайда түзелуге ниеті бар адамға 3-4 жыл жаза да жеткілікті. Ал түрмеде көп жыл отырған адам түзелмеуі мүмкін, керісінше бұзыла түсері де анық. Қамауда 10 жыл немесе одан артық уақыт отырған адамға мерзімінің ұзақтығы кері әсер береді. Осылайша, «өшіктіру» қылмыстан аластатпайды. 10 жыл бойы қамауда отырған адам, әрине қоғаммен түсініспейді не түсінісуі аса қиын болады. Бұған түрменің ішіндегі жағдайды қосайық. Сондықтан түрмелер көбіне жазалаушының міндетін атқарып жүргендей көрінеді, – дейді ол. Бұған қатысты айтар сын мен мәселе көп-ақ. Кей сарапшылар жекеменшік түрмелер жайын көп айтады. Иә, соңғы ширек ғасырда әлемде жекеменшік түрмелер ашыла бастады. Бюджет үшін тиімді деп саналатын мемлекеттік-жекеменшік негіздегі түрмелер жазасын өтеушілерді қоғам өміріне бейімдеуімен ерекшеленіп тұр. 2015 жылы Қазақстанда да салынады деп жоспарланған. Бірақ қарсылық көп болғаннан соң аталған жоспар аяқсыз қалды. Жақтаушылары да, даттаушылары да көп жекеменшік түрмелердің ең басты пайдасы – үнем мен тиімділік болса керек. Мұндай түрмелерді ашуға көбіне кәсіпкерлер ықылас танытады. Жазасын өтеушілердің азық-түлігін, басқа да қажеттіліктерді кәсіпкер өз қалтасынан береді. Ал түрме ішіндегі қауіпсіздікті сақтайтын қызметкерлер мемлекеттік инспекторлар болады. Тиісінше, кәсіпкер жазасын өтеушілерді түрлі салаға оқытып, қоғамдық өмірге бейімдейді, жұмыспен қамтиды. Солай шығынын қайтарады. Еуропа елдерінің бейімдеу тәжірибесінде түрмелер бекітілген режим арқылы жұмыс істейді. Тәртіп бойынша сотталушылардың жұмысқа қабілеттілігі ескеріліп, спорт пен кітап оқуға қосымша уақыт белгіленген. Бұл жүйені көбіне біз айтып отырған жекеменшік түрмелер қолданады. Ұлыбританияда алғашқы жеке түрме 1992 жылы ашылған. 2012 жылы Англия мен Уэльстегі 14 жеке қамау орнында 13, 5 мың адам жазасын өтеген. Дегенмен 2013 жылдан бастап жеке түрмелер мемлекет басқаруына біртіндеп қайтарыла бастады. Қорытындылай келе бұл да тартысты түйткіл болып тұр. Бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеген азаматтарды қоғам өміріне қайта бейімдеуге ықпал ету үшін оңалту орталықтарының рөлі маңызды-ақ. Ең абзалы, түрме түзеуші болса. Әйтпесе, жаза мен түрлі қысым адамды «тәрбиелейді» деуден аулақпыз.Мадияр ТӨЛЕУ