Сыбайлас жемқорлық бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан облысы бірінші орында тұр
2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елде 1,4 мың жемқорлық фактісі тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 33,3% аз. Жалпы жемқорлықпен байланысты қылмыстық істер саны үш есе қысқарды, – деп хабарлайды Informburo.kz сайты.
Жемқорлық фактісі келесі өңірлерде бәрінен көп тіркелген:
- Нұр-Сұлтан – 140 жағдай, бір жылда 22,7% азайған;
- Алматы – 135 жағдай, 19,2% азайған;
- Түркістан облысы – 107 жағдай, керісінше 5,9% көбейген;
- Жамбыл облысы – 107 жағдай, 23% азайған.
Ал керісінше мұндай қылмыс түрі Маңғыстау облысында аз тіркелген – 43 жағдай, өткен жылмен салыстырғанда 47,6% аз. Ең көп өсім Түркістан облысында байқалса, Батыс Қазақстан облысында керісінше 65,3% немесе 51 жағдайға дейін азайған. Жемқорлықпен байланысты қылмыстардың үштен бір бөлігі пара беру – 488 жағдай, бір жылда 2,4% азайған.
Тағы:
- пара алу – 383 жағдай, бір жылда 36,5%;
- алаяқтық – 142 жағдай, бір жылда 56,8%;
- сеніп тапсырған мүлікті талан-таражға салу – 141 жағдай, бір жылда 51%;
- қызметті асыра сілтеп пайдалану – 120 жағдай, бір жылда 28,6% азайды.
Жыл басынан бері 739 адамның жемқорлықпен байланысты ісі сотта қаралды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,2% аз.
Бәрінен көп
жемқорлық фактілерімен әкімдік және оның бөлімдері қызметкерлері ұсталған – 130 адам, бір жылда 24% аз. Бұдан кейінгі орында ішкі істер органы қызметкерлері – 125 азамат, қаржы министрлігі қызметкерлері – 33 адам тұр. Сондай-ақ, үш тоқсан ішінде 4 сот төрағасы мен 3 әкім ұсталды.