Петропавлда көмір тапшылығы әлі де сақталуда. Күн суып кетсе де, тұрғындар қысқа қамданып үлгермеген. Көмір қоймаларында көмір аз. Ал делдалдар жағдайды пайдаланып, көмірді қымбатқа сатып әлек, – деп хабарлайды Almaty.tv арнасы.
Петропавлдағы көмір қоймаларында таңертеңнен кеш батқанға дейін ұзын-сонар кезек бар. Тұрғындар ерте келсе де, көбі үйлеріне бос қайтады. Соның өзінде олар көмір жетіп қалар деген үмітпен кезегін соңына дейін күтетін көрінеді. "Міне, бір айдан бері көмір ала алмай жүрміз. Кезекте таңертең сағат 5-тен тұрмыз. Көмір жете ме, жетпей ме, бір Құдай біледі. 2 айдан бергі жағдай осы. Әр келген сайын кезек болып жатады, бірақ халыққа көмір жоқ", – деді қала тұрғыны Айдос Молдахметов. Көмір алу үшін облыстың шалғай ауылдарынан келетіндердің қарасы қалың. Оның сөзінше, қара отынды ауылға апарып сататын делдалдар тоннасына 22-25 мың сұрайды. Мұндай бағаны қарапайым халықтың қалтасы көтермейтіндіктен, олар айлап-апталап Петропавлдағы көмір қоймаларының есігін аңдиды екен. "Ауылдағы адамдар көмірді 22-25 мың теңге аралығында алып жүр. Себебі басқа таңдау жоқ. Сол үшін қалаға да көмір жетпей отыр. Кішкентай балалар, әйелдер қоңырау шалып, тоңып отырмыз деп жылайды. Жағатын көміріміз жоқ, отын бітейін деп жатыр, үйді жылыта алмай отырмыз дейді. Ал мұнда бизнес жүріп жатыр", – дейді облыс тұрғыны Олег Островной. Екі ай бойы көмір ала алмаған тұрғындар қоймадағы жағдайды осылай сипаттады. Олардың айтуынша, жүк көліктері келіп қоймадағы көмірдің тең жартысын тиеп әкетеді екен. Ал қарапайым халық құралақан отырмыз деп ашулы. Дегенмен қойма әкімшілігі бұл жағдайды реттеп береміз деп уәде етті."Аудандардан жұрт көптеп келіп жатыр. Шалғайдағы орындардан ешкім алмайды, осында келеді. Сол үшін адам көбейіп жатыр. Келгендердің бірі 40 тонна әкетеді, бірі 100 тонна әкетеді. Ендігі келгендерге кісі басына 5-6 тоннадан ғана беретін боламыз. Сонда бәріне жетуі мүмкін", – деді көмір сататын орынның қызметкері Мұратхан Тұрмұхамбетов.Әкімдіктегілер облыс тұрғындарының 94 пайызы көмірмен қамтылған деп сендірді. Кейбір вагондардың кешігуіне байланысты уақытша көмір тапшылығы болған дейді. Бүгінгі күні облысқа Майкөбенің 14, Қаражыра көмірінің 14 вагоны келіпті. Ал келесі жұма тағы 10 вагон көмір әкелінеді деп жоспарланып отыр.