Бокстан Қазақстан командасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Белградтағы әлем біріншілігінен кейін құраманың жетістігіне баға берді, - деп жазады Olympic.kz.
"Әлем чемпионатын ойдағыдай өткіздік. Дайындық барысында әрбір боксшыға сенім білдіріп, әр спортшының чемпион болуға мүмкіндігі барын жеткізе алдық. Негізгі мақсатымыз - жалпыкомандалық есепте топ жару болатын. Оқу-жаттығу жиындарында да команданы солай жігерлендірдік. Міне, екі алтын, екі күміс, бір қола алып отырмыз. Әрине, төрешілердің де қателігі кездесті. Десе де, боксшылардың Белградтағы өнері көңілімнен шықты. Осы орайда, бізге чемпионаттың басынан аяғына дейін жанкүйер атанған барша қазақстандықтарға рахмет айтқым келеді. Әлемдік доданы түн жарымына дейін көріп, тақым қысқан әрбір жанкүйерге алғысым зор. Олимпиададан кейін бұл чемпионат бізді біріктіре түсті. Жеңісті күндеріміз көп болсын", - дейді бас бапкер.Еске салсақ, Қазақстан боксшылары Белградта өткен бокстан 2021 жылғы әлем чемпионатында бес медаль жеңіп алды. Сонымен, жалпыкомандалық есепте Қазақстан екінші орынға ие болды. Теміртас Жүсіпов (48 кг) және Сәкен Бибосынов (51 кг) алтын медаль алса, Махмұд Сабырхан (54 кг) мен Серік Теміржанов (57 кг) «күміс» және Абылайхан Жүсіпов қола медаль иеленді. Куба 2021 жылғы әлем чемпионатында үш алтын және екі қола медаль жеңіп алды. Қазақстаннан басқа үздік үштікке АҚШ құрамасы еніп отыр: екі «алтын» және екі «күміс».