Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің ресми сайтында қазан айының үздік спортшысын анықтауға арналған сауалнама аяқталды, - деп хабарлайды olympic.kz сайты.
Үздік атануға жалпы есебі жеті спортшы үміткер болды. Олар: Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов (шорт-трек), Алмат Кебіспаев (грек-рим күресі), Жәмиля Бақбергенова (әйелдер күресі), Софья Берульцева, Мөлдір Жаңбырбай, Қайсар Алпысбай (каратэ). Дауыс беру нәтижесі бойынша шорт-тректен Қазақстан командасының өкілі Денис Никиша топ жарды. Дауыс беру 7 қараша күні 12:00-де тоқтады. Денис 73,45 пайызбен көш бастады. Оның ізін ала Жәмиля Бақбергенова мен Алмат Кебіспаев орналасқан. Жанкүйерлердің таңдауынан бөлек, Olympic.kz барлық спортшыларды жеңісімен құттықтап, алдағы жарыстарда табыс тілейді.