Ауыр дертке шалдыққан қылмыскерлер бостандыққа шықпақ
Ауыр дертке шалдыққан қылмыскерлер бостандыққа шықпақ
263
оқылды

Жасыратыны жоқ, бас бостандығынан айырылғандардың хақына келгенде көп кем­шілік шығып жатады. Жазасын өтеп жатқан адам ретінде таныған соң ба, көп жағдайда олардың өміріне бейжай қарау бар. Сотталушылардың арасында ауыр дертке шалдығып, соның кесірінен темір тордың ар жағында жан тапсыратындары же­терлік. Енді елімізде қылмыскер ауруға шалдықса, бостандығынан айырылмауы мүм­кін. Сотталғандардың түрмеден шығуына мүмкіндік беретін, тұрақты тетіктерді қа­лыптастыратын жаңа заң қарастырылып жатыр. Ал оның тиімділігі қандай болмақ?

Заңды айлаға айналдыратындар болмай ма?

Егер заң жобасы қабылданар болса, ауыр дерті бар қылмыскерлерге рақым­шылық болмақ. Бір сөзбен айтқанда, қылмысының өтеулі жазасынан сытылып кетуі мүмкін. Себебі құжат «Сотталған адам ауыр сырқаттанған жағдайда жа­заны өтеуді кейінге қалдыруға мүмкіндік береді». Ал бұл бізге қажет пе еді? Себебі бұл әрекетті құптаушылар да, дат­тау­шылар да табылары сөзсіз. Әйткенмен, қылмысқа барды деп олардың өмірін ескерусіз қалдыруға болмас. Негізі, сот­талушыларға осындай мүмкіндікті қарас­тырған заң бұрыннан бар. Заңгер, құқық қорғаушы Сәбитжан Қасенов қолда­ныс­тағы Қылмыстық кодекстің 75-бабының 2-бөлігіне сәйкес, егер сотталушы түр­меде жүріп, ауыр науқасқа шалдықса, сот оны жазасын өтеуден босатады немесе жазаны неғұрлым жеңiл жазаға ауысты­ратынын айтады. Дегенмен аталған игі­лікті аса ауыр қылмыс жасағандар көре алмайды. Олардың қатарына террористер мен өмір бойы бас бостан­дығынан айы­рылғандар жатады. «Денсаулығына байланысты бостан­дыққа шығу үшін қажетті құжаттарды, материалдарды дайындап, сотқа жолдап, судья шешім шығарғанша біраз уақыт өтеді. Созылып кеткен соң сотталушы дүние салуы мүмкін. Ал бостандықта бол­ғанда ол тиісті ем алып, аман қалуы ықтимал. Ішкі істер министрінің 2014 жыл­ғы 19 тамыздағы №530 бұйрығымен «Жа­заны өтеуден босатуға негіз болатын аурулар тізбесі» бекітілген. Тәжірибе көр­сеткендей, бірқатар сотталушы түр­меге осы тізбедегі аурулармен ауырған күй­де түседі. Заң жобасында оларды түр­меге жібермеу ұсынылып отыр екен. Бірақ мұн­дай жеңілдік берілсе, есептегі ауру­лары бар адамдар «бәрібір бас бос­тан­ды­ғымнан айырылмайды екенмін» деп қа­сақана қылмыс жасауы да мүмкін. Өйткені темір тордан босататын аурулар тізімі үлкен, оған туберкулез, қатерлі ісіктер, эндокриндік жүйе аурулары, соқырлық, бүйрек аурулары мен ЖИТС жатады. Басқалары да бар», – дейді заңгер. Осы тұста біз құптап отырған амалдың кемшілігі де шыққандай көрінді. Заңгер­дің айтуынша, науқас екенін біліп, қаса­қана қылмыс жасайтындар көбеюі мүм­кін. Осы жағы әлі пысықтауды қажет ете­тіндей. Одан бөлек, тағы бір күмән бар. Мәселен, қылмысқа барған адам жа­задан құтылу үшін өзін науқас етіп көрсетуі де ғажап емес тәрізді. Әрине, бұл тек бол­жанған мәселе. Әйтсе де, айланың небір түрі шықпасына ешкім кепілдік бермейді. ауыр қылмыс Ішкі істер министрлігі науқас адамдар түрмеге түскен соң мекеме әкімшілігі онсыз да оны босату туралы сотқа ұсы­ныс жіберетінін айтқан. Заң жобасы түрме әкімшілігін осыған қатысты бюро­кратиядан, қағазбастылықтан босататын көрінеді. Шынымен де, осындай про­цестер жүзеге асып болғанша түрме ішін­де өмірден озғандар бар. Бар болғанда да көп. Осыған қарап заң жобасының тиімді тұсы барын ұқтық.

Көз жұмғандар аз емес

Ішкі істер министрлігіне қарасты Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің есебіне үңілсек, сотта қаралатын мате­риалдарды дайындау кезеңінде, 2018 және 2019 жылдары сотталғанға дейін есеп­ке тіркелген аурулары болған 15 сот­талушы қайтыс болыпты. Мұны айтасыз, түрме ішінде дерт жұқтырып, соның кесірінен жантәсілім еткен жағдайлар да кездеседі. Мысалы, 2019 жылы Семей түрмесінде қатерлі ісікпен ауырған Вик­тор Лузянин есімді сотталушы қайтыс болды. Жақын­дары денсаулығының на­шарлап бара жатқанын айтып, шағым­данған. Бірақ осыған қарамастан сот он­кологиялық дертке шалдыққан тұт­қын­ның түрмеден ерте босатуды сұрап жазған өтінішін қанағаттандырмаған екен. Осындай жағ­дайда мұндай заң жобасының қажеттілігі бары көрініп тұр. Сол кезде де құқық қорғаушылар ауыр дерті бар қылмыс­кер­лерді бостандыққа жіберіп, уақытылы ем көрсетілсе, өмірін сақтап қалуға мүмкіндік болатынын айтқан еді. Әйтпесе, сотқа материалдар аурудың асқынған, кеш сатысында ұсы­нылады. Ал оларды сотта қарауы мен қау­лының күшіне енуінің өзі белгілі бір уа­қытты алады. Прокуратура да апелля­циялық шағымдануы болмаса наразылық білдіруі мүмкін. Солай сотталушы ем ала алмай көз жұмады. 2014-2019 жылдары 283 науқастың 59-ы, яғни 21 пайызы материалдары сот қарауы түскенше қайтыс болған. 27-сі немесе 10 пайызы – сот қаулысы заңды күшіне енгенге дейін жан тапсырған. Сот қарағаннан кейін және сот қаулысы заңды күшіне енгенге дейін 27 сотталған азамат өмірден өтіпті. Ал жаңа заң жобасында Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне ауыр сырқатқа байланысты босату немесе жазаның жеңіл түріне ауыстыру туралы сот қаулысын тез арада орындау міндеті жүктелмек. Бұл қайғылы оқиғалардың азаюына сәл де болса септесуі мүмкін. Жалпы, заң жобасы көп нәрсені қамтыған секілді. Оның қатарында түрмедегі азаптау жайы да бар. Қазақстан үшін өзекті болып тұрған осы мәселеге де қатысты арыз-шағым өте көп. Мұндай құбылыстың бары жасырын емес. Талай рет құқық қорғаушылар мен тәуелсіз ұйым­дар да дабыл қақты. Бас прокура­тураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегін­ше, Қазақстанда 2017 жылдан бастап 2021 жылдың 8 айын қоса алғанда, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің азаптауларды қолданғаны туралы 3 029 хабарлама тіркелген. 2017 жылы – 602, 2018 жылы – 574, 2019 жылы – 780, 2020 жылы – 719, 2021 жылдың 8 айында – 354. Бұл ретте сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген азаптау туралы хабарламалардың небәрі 56-сы, жалпы санның бар болғаны 1,8 пайызы бойынша ғана іс жүргізіліп, сотқа жолданған. Ал 3 029-дың 2 968-і, сонда 98,2 пайызы бойынша «азаптау­шылар» ақтап алынып, іс тоқтатылған екен. Осы жайлардың барлығына қарап, жаңа заң жобасына қажеттілік барын аңғардық. Тиімділігі де мол. Жауаптылар тәуелсіз және халықаралық ұйымдардың пікірі ескерілгенін айтады. Егер орындалу жағы көңіл көншітсе, қылмыстық атқару жүйесіндегі реформаның бірі болары сөзсіз.  

Мадияр ТӨЛЕУ