Жасыратыны жоқ, бас бостандығынан айырылғандардың хақына келгенде көп кемшілік шығып жатады. Жазасын өтеп жатқан адам ретінде таныған соң ба, көп жағдайда олардың өміріне бейжай қарау бар. Сотталушылардың арасында ауыр дертке шалдығып, соның кесірінен темір тордың ар жағында жан тапсыратындары жетерлік. Енді елімізде қылмыскер ауруға шалдықса, бостандығынан айырылмауы мүмкін. Сотталғандардың түрмеден шығуына мүмкіндік беретін, тұрақты тетіктерді қалыптастыратын жаңа заң қарастырылып жатыр. Ал оның тиімділігі қандай болмақ?
Заңды айлаға айналдыратындар болмай ма?
Егер заң жобасы қабылданар болса, ауыр дерті бар қылмыскерлерге рақымшылық болмақ. Бір сөзбен айтқанда, қылмысының өтеулі жазасынан сытылып кетуі мүмкін. Себебі құжат «Сотталған адам ауыр сырқаттанған жағдайда жазаны өтеуді кейінге қалдыруға мүмкіндік береді». Ал бұл бізге қажет пе еді? Себебі бұл әрекетті құптаушылар да, даттаушылар да табылары сөзсіз. Әйткенмен, қылмысқа барды деп олардың өмірін ескерусіз қалдыруға болмас. Негізі, сотталушыларға осындай мүмкіндікті қарастырған заң бұрыннан бар. Заңгер, құқық қорғаушы Сәбитжан Қасенов қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 75-бабының 2-бөлігіне сәйкес, егер сотталушы түрмеде жүріп, ауыр науқасқа шалдықса, сот оны жазасын өтеуден босатады немесе жазаны неғұрлым жеңiл жазаға ауыстыратынын айтады. Дегенмен аталған игілікті аса ауыр қылмыс жасағандар көре алмайды. Олардың қатарына террористер мен өмір бойы бас бостандығынан айырылғандар жатады. «Денсаулығына байланысты бостандыққа шығу үшін қажетті құжаттарды, материалдарды дайындап, сотқа жолдап, судья шешім шығарғанша біраз уақыт өтеді. Созылып кеткен соң сотталушы дүние салуы мүмкін. Ал бостандықта болғанда ол тиісті ем алып, аман қалуы ықтимал. Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 19 тамыздағы №530 бұйрығымен «Жазаны өтеуден босатуға негіз болатын аурулар тізбесі» бекітілген. Тәжірибе көрсеткендей, бірқатар сотталушы түрмеге осы тізбедегі аурулармен ауырған күйде түседі. Заң жобасында оларды түрмеге жібермеу ұсынылып отыр екен. Бірақ мұндай жеңілдік берілсе, есептегі аурулары бар адамдар «бәрібір бас бостандығымнан айырылмайды екенмін» деп қасақана қылмыс жасауы да мүмкін. Өйткені темір тордан босататын аурулар тізімі үлкен, оған туберкулез, қатерлі ісіктер, эндокриндік жүйе аурулары, соқырлық, бүйрек аурулары мен ЖИТС жатады. Басқалары да бар», – дейді заңгер. Осы тұста біз құптап отырған амалдың кемшілігі де шыққандай көрінді. Заңгердің айтуынша, науқас екенін біліп, қасақана қылмыс жасайтындар көбеюі мүмкін. Осы жағы әлі пысықтауды қажет ететіндей. Одан бөлек, тағы бір күмән бар. Мәселен, қылмысқа барған адам жазадан құтылу үшін өзін науқас етіп көрсетуі де ғажап емес тәрізді. Әрине, бұл тек болжанған мәселе. Әйтсе де, айланың небір түрі шықпасына ешкім кепілдік бермейді.Көз жұмғандар аз емес
Ішкі істер министрлігіне қарасты Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің есебіне үңілсек, сотта қаралатын материалдарды дайындау кезеңінде, 2018 және 2019 жылдары сотталғанға дейін есепке тіркелген аурулары болған 15 сотталушы қайтыс болыпты. Мұны айтасыз, түрме ішінде дерт жұқтырып, соның кесірінен жантәсілім еткен жағдайлар да кездеседі. Мысалы, 2019 жылы Семей түрмесінде қатерлі ісікпен ауырған Виктор Лузянин есімді сотталушы қайтыс болды. Жақындары денсаулығының нашарлап бара жатқанын айтып, шағымданған. Бірақ осыған қарамастан сот онкологиялық дертке шалдыққан тұтқынның түрмеден ерте босатуды сұрап жазған өтінішін қанағаттандырмаған екен. Осындай жағдайда мұндай заң жобасының қажеттілігі бары көрініп тұр. Сол кезде де құқық қорғаушылар ауыр дерті бар қылмыскерлерді бостандыққа жіберіп, уақытылы ем көрсетілсе, өмірін сақтап қалуға мүмкіндік болатынын айтқан еді. Әйтпесе, сотқа материалдар аурудың асқынған, кеш сатысында ұсынылады. Ал оларды сотта қарауы мен қаулының күшіне енуінің өзі белгілі бір уақытты алады. Прокуратура да апелляциялық шағымдануы болмаса наразылық білдіруі мүмкін. Солай сотталушы ем ала алмай көз жұмады. 2014-2019 жылдары 283 науқастың 59-ы, яғни 21 пайызы материалдары сот қарауы түскенше қайтыс болған. 27-сі немесе 10 пайызы – сот қаулысы заңды күшіне енгенге дейін жан тапсырған. Сот қарағаннан кейін және сот қаулысы заңды күшіне енгенге дейін 27 сотталған азамат өмірден өтіпті. Ал жаңа заң жобасында Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне ауыр сырқатқа байланысты босату немесе жазаның жеңіл түріне ауыстыру туралы сот қаулысын тез арада орындау міндеті жүктелмек. Бұл қайғылы оқиғалардың азаюына сәл де болса септесуі мүмкін. Жалпы, заң жобасы көп нәрсені қамтыған секілді. Оның қатарында түрмедегі азаптау жайы да бар. Қазақстан үшін өзекті болып тұрған осы мәселеге де қатысты арыз-шағым өте көп. Мұндай құбылыстың бары жасырын емес. Талай рет құқық қорғаушылар мен тәуелсіз ұйымдар да дабыл қақты. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, Қазақстанда 2017 жылдан бастап 2021 жылдың 8 айын қоса алғанда, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің азаптауларды қолданғаны туралы 3 029 хабарлама тіркелген. 2017 жылы – 602, 2018 жылы – 574, 2019 жылы – 780, 2020 жылы – 719, 2021 жылдың 8 айында – 354. Бұл ретте сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген азаптау туралы хабарламалардың небәрі 56-сы, жалпы санның бар болғаны 1,8 пайызы бойынша ғана іс жүргізіліп, сотқа жолданған. Ал 3 029-дың 2 968-і, сонда 98,2 пайызы бойынша «азаптаушылар» ақтап алынып, іс тоқтатылған екен. Осы жайлардың барлығына қарап, жаңа заң жобасына қажеттілік барын аңғардық. Тиімділігі де мол. Жауаптылар тәуелсіз және халықаралық ұйымдардың пікірі ескерілгенін айтады. Егер орындалу жағы көңіл көншітсе, қылмыстық атқару жүйесіндегі реформаның бірі болары сөзсіз.Мадияр ТӨЛЕУ