Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елімізде 20 мыңға жуық есірткіге тәуелді адам тіркелген. Оның 1,5 мыңнан астамы әйелдер, 43-і – жасөспірімдер. Алайда «тәуелділер» тек науқастың келісімімен ғана есепке алынады. Сондықтан ел ішінде нашақорлардың саны шын мәнінде бұдан әлденеше есе көп.
«Қарасора» операциясы
Жақында есірткіге қарсы республикалық «Қарасора» операциясы аяқталды. Бұл операцияның жабылу орны ретінде Жамбыл облысының Шу қаласы кездейсоқ таңдалған жоқ. Өйткені аудан аумағында жабайы марихуананың үлкен плантациясы бар, оның өнімдері Қазақстанға ғана емес, бүкіл ТМД-ға және Еуропа елдеріне де аса танымал. Өткен жылы Шудан шыққан каннабис тобының есірткілері елдің барлық дерлік аймақтарынан тәркіленген. Шу алқабы – ұзындығы 250 шақырымды, ені – қазақстандық беті 100 шақырымды және қырғызстандық жағы 10 шақырымды алып жатқан алып аймақ. Оның 140 мың гектарында қарасора өседі. «Қарасора» операциясына ІІМ барлық бөлімшесі мен Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы 1 400-ден астам жеке құрамы жұмылдырылған. Оның барысында шалғайдағы аудандарда жасанды түрде отырғызылған есірткі плантацияларын анықтау және нашаны өткізу арналарын анықтау шаралары жүргізілген. Сондай-ақ Қызылорда облысында және Ақтөбе, Қарағанды, Түркістан облыстарының іргелес аудандарында тікұшақ жұмыс істеді. ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Ерлан Омарбековтың айтуынша, операция кезінде Түркістан (1), Қызылорда (18) және Қарағанды (1) облыстарында барлығы 20 плантация анықталып, жойылған. Салмағы 8 тоннадан асатын 13 мың қарасора бұтасы құртылған. Барлығы республика бойынша операция барысында 934 қылмыс анықталды: оның ішінде есірткіні өткізу – 454, сақтау – 178, өсірудің 242 фактісі. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы Жолдауында біздің азаматтарымыз арасында есірткінің таралу жолына жойқын тосқауыл қоюды тапсырған еді. Осыған орай біз героин трафигінің арналарын анықтау мен жоюға, елдің оңтүстік өңірлерінен марихуана мен гашишті дайындауға және шығаруға қарсы іс-қимыл жасауға, сондай-ақ есірткіні, оның ішінде олардың жаңа түрлерін таратуға маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесуге бағытталған міндеттерге, іс-шараларға назар аударуымыз керек», – деді Е.Омарбеков баспасөз мәслихатында. Сондай-ақ ол интернет технологиялардың дамуына байланысты интернет ресурстарын пайдалана отырып, синтетикалық есірткілердің таралу фактілерін анықтауға және жолын кесуге баса назар аудару қажет екенін атап өтті.Синтетикалық өнім
Есірткінің синтетикалық және табиғи түрі болады. Кейінгі жылдары ел аумағында осы синтетикалық түрі көбейіп кеткен. Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 2020 жылы 96 келі синтетикалық есірткі тәркіленген, бұл одан екі жыл бұрынғы көлеммен салыстырғанда 10 есеге артқан. 2021 жыл басынан бері 107 келі синтетикалық есірткі алынған. Нарколог дәрігерлердің айтуынша, синтетиканың зардабы табиғи есірткіге қарағанда анағұрлым ауыр және оның түрлері көп. Мәселен, табиғи есірткі адам ағзасынан біртіндеп шығарылса, синтетикалық түрлерін адам денесінен шығару қиын әрі ол түрлі ауру тудырып, ағзаны улайды. Синтетикалыққа негіз болатын қоспалардың көбін кез келген дәріханадан еркін сатып алуға болатыны жағдайды тіпті қиындата түскен. «Мұндай психикалық белсенді заттар ең әуелі адамның жүйке жүйесін бұзып, психологиялық жағынан да, физикалық тұрғыдан да тәуелділік тудырады. Тіпті, 1-2 рет дәмін татып көргеннен кейін-ақ адам оны іздеп тұруы ғажап емес. Себебі пенде болған соң тым құрығанда бір рет жаны рақатқа батқандай күй кешкеннен кейін одан бас тартқысы келмейді. Бірақ оның ішкі құрылысы мен жүйке жүйесін бүлдіріп жатқанын сезбейді. Оның зардабы ұзақ уақыт бойы сақталатынын нарколог дәрігерлер арнайы құрал-жабдықтың көмегімен анықтай алады. Нашақордың ойлау және есте сақтау қабілеті төмендейді, иммунитеті нашарлап, жүрек-қан тамырлары ауруларына ұшырайды»,– дейді «Ренессанс» наркологиялық орталығы» ЖШС-ның психолог-аддиктологі Александр Рущук. Синтетикалық есірткіге, әсіресе жаңа өсіп келе жатқан жас өскін құштар. Таралымы оңай болғандықтан, балалар оның дәмін тіпті 13-14 жастан бастап тата бастайды. Және бұл қауіпті үрдіс жылдан-жылға тіпті ушығып барады. Жалпы, нашақорлыққа әуестік адамның жасына, жынысына, мәртебесіне қарамайтыны белгілі. Есірткінің еліктіргіш күшіне үйлі-баранды, төрт-бес бала асырап отырған 40-50 жастағылар да әуес. Өйткені синтетикалық есірткі адамның күшін тасытып, ерекше ләззәт сезімін сыйлайтындай әсер қалдырады. Мысалы, 2-3 түн қатар ұйықтамау қабілеті (мысалы, таксистер, күзетшілер), шығармашылық шабыт (мысалы, ақын, суретші, сәулетші сияқты творчестволық маман иелері), 10 сағат тоқтамай жыныстық қатынасқа түсу қабілеті (көп еркектерді қызықтырады) үшін қолданады.Сарапшылар талқысы
Есірткі қылмысына қарсы күрес мәселесі «Nur Otan» Құқықтық кеңесінің кезекті отырысында да талқыланды. Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаровтың айтуынша, жыл басынан бері 8 ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталып, 13 есірткі зертханасы жабылған, 16 қылмыстық іс қозғалған. «Кибер қадағалау» жүйесінің арқасында 900-ден астам есірткі сайты бұғатталды. Өткен айда Үкіметтің қаулысымен мефедрон, пировалерон және синтетикалық каннабиноидтар сияқты қауіпті психотроптық заттардың қылмыстық мөлшері азайтылды. Бұрын қылмыстық іс қозғау үшін тәркіленген есірткі заттың мөлшері 50 грамм болса, енді 1 грамнан басталады. Бұдан басқа, министрлік есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу шараларын жетілдіру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасының жобасын әзірлеуде», – деді Арыстанғани Заппаров. Сондай-ақ биыл ҰҚК шетелдік серіктестермен 11 бірлескен операция жүргізіп, трансұлттық есірткі құрылымдарының 27 мүшесі ұсталды. Ол Каспий теңізі арқылы есірткі контрабандасымен айналыспақшы болған ирандық қылмыстық топтың жолы кесілгенін жеткізді. «Есірткі саудалаушылардың қаржылық схемалары ерекше назар аударуды талап етеді. Олар қылмыстық жолмен тапқан табысын интернет арқылы цифрлық валютаға айырбастайды, сөйтіп ақшаның заңдастырылуын қамтамасыз етеді. Оған тыйым салатындай құқықтық негіздің болмауы қылмыстық қаражат айналымының өсуіне және оны шетелге ешқандай бақылаусыз шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар виртуалды валютаға айырбасталған қылмыстық капиталды мемлекет кірісіне тәркілеу мәселесі басы ашық күйінде қалып отыр», – деді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі Асан Әубәкіров. Кеңес мүшесі, бұрынғы Ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменов есірткі айналымына қарсы күрес тиімділігінің төмен болу себептерінің бірі ІІМ құрылымдық құрамының жетілмегенінен деп есептейді. «Бізде Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы департамент бар, бірақ Криминалдық полиция департаменті жұмысының негізгі бағыттарының бірі де – осы. Сонда екі бөлімшенің функциялары қайталанады. Криминалдық полиция комитетін қайта құруды, оның құрамына осы екі департаментті және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшесін қосуды ұсынамын. ІІМ-нің өз ішінде бәсекелестік болмауы тиіс», – деді Қайырбек Сүлейменов. Құқықтық кеңес мүшесі, профессор Арыстан Ахпанов халықаралық-құқықтық базаны жаңарту қажеттілігіне назар аудартты. «Тасымалдау арналарының жолы кесілгенмен, есірткінің бағасы сол күйі төмен. Бұл жасырын жеткізу арналарының сақталып қалып отырғанын дәлелдейді. Көпшілік ірі «наркобарондар» шетелдерде тұрады және ол елдер Қазақстанның сұрауы бойынша қылмыскерлерді жауапкершілікке тартпайды. Қолданыстағы халықаралық және екіжақты шарттар ескірген және қазіргі заманға сай келмейді», – деді Арыстан Ахпанов. Бір айта кетерлігі, есірткі бизнесіне қарсы күрестің күрделілігі соншалық, әлемде ешбір мемлекет әлі күнге дейін оны жеңудің даңғыл жолын таба алған жоқ. Оның бір себебі, мемлекеттің даму деңгейі неғұрлым жоғарырақ болса, басқа да бизнес түрлері сияқты есірткі саудасы да соғұрлым табыстырақ болмақ. Қазақстанда заңсыз есірткі айналымына қарсы жүргізіліп жатқан шаралар әлсіз деуге келмес. Алайда бұл жұмыстардың пәрмені әлі де болса діттеген жеріне жетпей жатқандай. Тіпті, күн өткен сайын бұл дерттің зардабы өршіп, адам өміріне аса қауіпті есірткілердің жаңа түрлері шыға бастады. Сондықтан есірткіге қарсы тек құқық қорғау органдары ғана емес, тұтас ел-жұрт болып күрескенде ғана нәтижелі болмақ.Дәулет АСАУ